- Негізгі бет
- Театр
- "Ұлы Естайдың Қорланы...
"Ұлы Естайдың Қорланы боп өлемін..."
Арқа мектебіне тән сал-серілік дәстүрдің сарқыты Естай ақынды ауызға алғанда еске еріксіз өзі сипаттаған қыпша белді, нәзік ару Қорлан, махаббат әнұранына айналған атақты "Құсни-Қорлан" әні еске түседі емес пе? Алайда, күні кеше ғана тұсауы кесілген Мұрат Ахмановтың "Естайдың Қорланы" қойылымында мүлде басқа кейіпкерлер көрінді. Араға 40 жыл салып қауышқан Естай мен Қорлан әбден қартайған, қажыған, құр бұтасы қуарған қос мұңлыққа айналған… Солай бола тұра, жүректегі сезімдерін баз баяғы қалпында сақтай білген. Қартаймаған, ескірмеген – махаббат қана. Қосағынан, артынша перзентінен айырылған Естайдың Жаратқанға, оның тағдырына айтар назы көп. Ал Қорлан өзінің даналығымен басу айтып әлек. Бұл күнде Естайды ән де тастап кеткен, дала кезген міскіннен ешбір айырмашылығы жоқ. Өмірінің емес, жүрегінің қожайынының осындай мүшкіл халін көрген қыз-кемпір Қорлан төрінен орын беріп, арнайы тіктірген киім-кешегін ұсынып, құрмет көрсетеді.
Осы арада өткен күндер туралы естеліктер шертіледі. Естайдың:
"Сен біреудің етегінен ұстадың,
Мен біреуге етегімді ұстаттым
Сен біреудің құшағында жыладың
Мен біреуді құшағымда жылаттым" немесе «Қырық жыл бойы бір түнді ойлап қана өмір сүрдім. Өмір сүрдім-ау деймін, өмір мені сүрді» деген ащы мұңы 40 жылды айна-қатесіз суреттеп отыр. Содан не керек Естайдан ән сұрап, өнерін құрметтеген халық ортаға жиналады. Бір кездері елінің елеулісі болған Естай қайта "тіріледі". Қазақ даласын шарпыған, ғашықтардың әнұранына айналған әннен зардап шеккен, өмір бойы құрбаны болған бір жан бар. Ол – Қожақ. Дегенмен, Қорланның қырық жыл бойы отасқан жары Қожақ та мәрттік танытып, жарын Естайға ұзатып, қос ғашықты қол ұстатып, еріктеріне жіберді.
Міне, біз сахнадан тамашалаған қойылымның қысқаша мазмұны осындай еді. Біз күтпеген, біз ойламаған, естімеген оқиға арқау болыпты. Естайды ер деп танитынбыз, ал ол ынжық, тұлға болып қалыптаспаған адамдай көрініп қалды. Қорланымыз талай жыл отасқан ері, перзенті, өз ошағы бола тұра, соңғы сөзін, "Боқ дүниеден құтылуға аз қалғанын" айтуға Естайды ұстап қалып, төріне шығарады, менің дүнием сенікі деп барын алдына салып өзін қор етті. Ал оның күйеуі Қожақ бар намысын аяқ асты етіп, қойнындағы әйелін Естай шалға тарту ете салады.
Махаббатнама-авторы Иран-Ғайып тілшілерге берген сұқбатында: "Бабаларының өмірін, махаббатқа, өмірге деген көзқарасын білу ұрпаққа артықтық етпейді. Бұл – тәрбие" деген екен. Сонда біз ұрпағымызға махаббат үшін отбасын ойран етуге болады, Құдай қосқан жарыңды жастық шағында сүйген адамыңа қия сал деген өсиет айтпақпыз ба? Әрине, қойылым авторларының өз айтары, өз мақсаты бар шығар. Бірақ, махаббат құдіретін, оның құнын көрсетудің басқа жолдары өте көп. Естай мен Қорлан қосылмаған, бұл сонысымен де шынайы махаббат, сонысымен әдемі аңызға айналып кетті.
Тарихи шындық туралы сөз қозғамауға да болар еді. Себебі, бұл – сахналық қойылым, ал оның авторы – режиссер. Дегенмен, тарихты білмейтін көрермен, сахнадан алған әсері арқылы ой қорытады. Қорланға әлемде жоқ ән арнаған Естай мен күллі қазақ қыздарына үлгі болған Қорлан апамыз лайықты бағасын алса екен деген ниетпен тарихи оқиғаны шама-шарқымызша баяндағымыз келіп отыр:
Иса деген бір мықты Маралды еліне құдалыққа баратын болады да, ол Ақкөлдің болысы Әбілқасым Шыманұлына хат жазып, ақын Естайды ала келуді тапсырады. Бұл кезде Естайдың жасы жиырманың үстіне шыққан екен. Сері үшін бұл сапар қызықты көрінеді. Жаңа жер, көрмеген ел әншіні қызықтырады да, келісім беріп, Маралдыға бірнеше кісі болып жүріп кетеді.
Ал сол заманда Маралды болысы Ұрық ауылында түбі Қыпшақ – Сұңқар, Сұлтан деген белгілі адамдар болады. Сұңқар – болыс, Сұлтан – би. Екеуінің де ел арасында беделі жоғары, ауқатты кісілердің қатарында болған. Сұлтанның Құсни және Қорлан есімді екі қызы бар екен.
Естай келіпті дегенді естіген Сұлтан ауылының күллі қыз-бозбаласы жиналып, той-думан ұйымдастырады. Осындай көңілді кештердің біріне Құсни мен Қорлан де келеді. Естай сол жерде ай қабақ, алтын кірпік ару қыздарды көріп, жақын келіп танысады. Екі жас бір-бірін шын ұнатып, қалай болса да, қосылу жолдарын әңгіме етеді. Бұл туралы Сапарғали Бегалин 1939 жылы Естайдың өз аузынан естіген сөзім еді деп былай баяндайды:
«Қорлан мен менің базарым күн санап қыза түсті. Қорлан болмаған жерде менің домбырамның құлақ күйі өспей, ән де қанаттанбай, берекем болмайтын күйге ұшырадым. Қорлан да тап сондай күйде. Екеуміздің арамыз – қол жетпейтін тас қамал. Өйткені, Қорланды жас кезінде бір бай тоқалдыққа алмақ болып, қалыңмалын үйіп-төгіп төлеп қойыпты. Кешікпей ұзатып алып кетпек. Менде ол қамалды бұзар дәулет жоқ. Не арқа сүйер күш жоқ. Екеуміздің ол жердегі бар жанашырымыз Жәміш деген Қорланның немере жеңгесі ғана. «Ертең жүреміз» деп отырғанда, Жәміш маған бір жігіт жіберіпті. Оны естіп, жетіп барып едім, Жәміш жарқылдай қарсы алды: «Әнші құда, замандасың бір ауыз тілдескісі келеді. Сол үшін шақырттым» деді. Сол арада мен оны алып қашпаққа уағдаластым. Ол келісімін берді. Бірақ, уа дүние-ай, бұл әрекеттеріміз жария болып, екеуміздің жолымыз мәңгіге кесілді...»
Алланың жазуы, аталарының атастыруымен дәм-тұздары жарасып өмірден сыйласып өткен Нұрмағанбет пен Қорланның артында ұрпақтары қалған. Нұрмағанбеттің ұлы Назымбектен бес ұл, бір қыз тарап, бүгінгі таңда үбірлі-шүбірлі болып, өсіп-өнуде. Келін болып түскен жерін сұлулығымен сүйсіндіріп, ақыл-парасатымен тәнті еткен Қорлан апамыз сол өңірдің салиқалы бәйбішесі атанып, күйеуі Нұрмағанбеттің сезіміне селкеу түсірмей, бұл пәниден бақиға таза аттанған.
Келесі бір зерттеу еңбектерінде жүзік туралы мынадай деректер бар: «Естайдың нағашы жұрты Қозған елі Қорлан ұзатылып барған ауылмен көршілес екен. Қорланын сағынған Естай сүйіктісі ұзатылғаннан кейін алты жыл өткенде нағашысына барған болып, Қорланның үйіне түседі. Екі күндей қонақ болып, өткен-кеткеннен небір шер болып қалған сырларды айтысып, көңілін басады. Күйеуі момын адам екен, ал Қорлан болса, сол үйдің биі, еш нәрседен жасқанбайды. 1931 жылы Естай Қорлан ауылына тағы барып, сүйгенімен жүз көрісіп қайтады. Бұл Қорланды ақырғы рет көруі болады да, одан кейін жолыға алмайды. Осы екі кездесудің бірінде (көбіне алғашқысында делінеді) Қорлан Естайына махаббатының нышаны ретінде сақинаны сыйға берген екен». Бұл туралы Мұхтар Шаханов ағамыздың дәл осы оқиғаны арқау ете отырып «Ғашықтық ғаламаты» атты поэма жазғандығын білесіздер.
Байқағаныңыздай, қойылым сюжеті тарихи шындықпен үйлеспейді. Екіншіден, Қорланның жарының есімі – Нұрмағамбет болса, сол бір аңыз айлы түнде көмектескен немере жеңгесінің есімі – Жәміш. Қойылымда Қорланның балалары да ауызға алынбайды. Әркім әртүрлі қабылдайды ғой, дегенмен, жеке басым қойылымнан осы күнге дейін естіп-біліп жүрген ұлы махаббаттың лебін сезіне алмадым. Бәлкім, бұл біздің менталитетке байланысты, бәлкім актерлік шеберлік жетіспеді. Естай Қорланының маңдайынан өбіп, бір құшақтап сағынышын басса басқалай болар ма еді...
Жоғарыда айтқанымыздай, біз бұл деректерді келтіру арқылы біреуді сынап, қойылымды даттағымыз келмейді. Тек, бүгінгі ұрпақ тарихи шындықты білсе дейміз. Түпкі ой: Қорлан мен Естай қосылмаса да, олардың махаббаты біз үшін мәңгі үлгі болмақ.
Сахнада көз тартарлық декорация жоқ болғанымен, сәтті қолданылған сары түс сағыныш сезімін паш етіп тұрса, түкпіріндегі лэд-экран арқылы көрсетілген бәйтерек нышаны арқылы жапырағы жайқалған жастық шақ пен қураған қарттық кезеңді көрсетіледі. Жалпы, қос ғашықтың сезімін бірнеше уақыт кеңістігінде көрсету тәсілі өте ұтымды шыққан дер едік. Бұл үшін көлеңке театры мен құм графикасы пайдаланылған. Қойылым кейіпкерлеріне арнап тігілген киімдер де өте сәнді шыққан. Естай мен Қорлан рөліне 40 жылдан астам уақыт бойы өнерде де, өмірде де жұптары жазылмай келе жатқан Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваны алуының өзінде үлкен мән жатыр.
Біздің пікірмен келісесіз бе, басқа датыңызды айтасыз ба, бұл өз құзырыңызда... Бастысы – махаббат құдіретін ұмытпасақ болды.
Қойылым бүгін сағат 18.30-да Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында екінші рет қойылады.
Автор: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Театрдың баспасөз қызметі