Композитор әрі дирижер В.Соболевтің (Санкт-Петербор, Ресей) «Абай тақырыбына экспромт» атты музыкалық пьесасының әлемдік тұсаукесері 19 қазанда «Астана Опера» театрының Камералық залында өтеді. Жаңа шығарма Симфониялық оркестрдің солисі, бірінші скрипкасы Қаламқас Жұмабаеваға арнайы жазылған. Ол халықаралық байқаулардың дипломанты Долорес Үмбетәлиевамен (фортепиано) бірге елордалық әнсүйер қауымға «Скрипка музыкасының жауһарлары» атты концертін ұсынады.
Абайдың ең танымал «Айттым сәлем, Қаламқас» әні ХХІ ғасырдың музыкалық дәстүрімен жаңаша орындалады. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Айдардың ариясын тыңдап, нотасымен, ұлы Абайдың өлеңімен және әннің шығу тарихымен танысқан В.Соболев, керемет скрипкалық пьеса жазып шығарды. Композитор шығарманы жазу идеясы концерттің көркемдік сөзінің авторы, кешті халықтың сүйікті «хитімен» аяқтағысы келген Татарстанның еңбек сіңірген қайраткері Гюзель Хайбуллинаға тиесілі екенін айтып өтті.
– Абайдың әнімен алғаш рет жұмыс істеп тұрмын. Ол өте жоғары кәсіби деңгейде жазылған, мен тек оның бай үйлесімділігін ашқым келді: бұл тұрғыда оған мейлінше ұқыпты қарауға тырыстым. Кейбір тұсын операдағыдай қалдырдым. Маған әсіресе музыкалық үзіндінің ерекше үш тактілі құрылымы ұнады. Осыны ескере отырып мен «Абай» операсының мазмұнын үш минуттық пьесада жеткізуге,дайджест ретінде ұсынуға болатынын ұқтым. Бұл жердегі өткір қарама-қайшылық, поэмалылық маған өте жақын, – дейді В.Соболев.
Шығарманы жазу барысында автор Қаламқас Жұмабаеваның орындау ерекшелігі мен стилін ескергенін айтып, әннің «Айттым сәлем, Қаламқас» атауы мен талантты скрипкашының есімі сәйкес келетінін де атап өтті: «Қаламқастың есімі өзіне сай, ол нәзік те әсем, керемет орындаушы. Мен оған өмірде де, шығармашылықта да жетістік пен қуаныш тілеймін».
Айдардың ариясын тыңдаған сайын Қаламқас Жұмабаева ерекше толғанысқа бөленеді. Бұл әдемі әуенді орындау мүмкіндігі – ол үшін үлкен бақыт.
– Композитордың жазған әр нотасы, әрбір сызықшасы маңызды. Санкт-Петербордағы кездесуде біз Виктор Евгенийұлымен шығарманың орындалу барысындағы өзекті тұстары мен драматургиясын талқыладық. Ол маған таңдау еркіндігін берді, осы және басқа пассажды ойнай отырып, оның маңызды ерекшеліктерін айқын аңғару керектігін айтты. Бізде композиторлармен үнемі осылай байланысу мүмкіндігі болса, музыканың орындалу деңгейі арта түсер еді, музыкамен бірге біздің де рухани байи түсетініміз анық, – дейді Қаламқас Жұмабаева.
Д.Үмбетәлиеваның танымал «Музыканың алтын ғасыры» атты концерттер легінің аясында өтетін кеш, ХІХ ғасырдың композитор-романтиктерінің шығармашылығына арналады. Барлық заманның ең танымал асқан шебер скрипкашыларының бірі – Ф.Крейслерге арналған Э.Изаидің Жеке скрипканың орындауындағы №4 сонатасы театр сахнасында алғаш рет ұсынылмақшы. Мұнымен қатар И.Брамстың Скрипка мен фортепианоға арналған №3 сонатасы, П.Чайковскийдің Скрипка мен фортепианоға арналған вальс-скерцосы, Скрипка мен фортепианоға арналған әуені, Дж.Гершвиннің «Порги және Бесс» операсы тақырыбына И.Фроловтың жазған фантазиялары орындалады.