Айналамыздың бәрі музыкаға толы: құстардың мың құбылған үні, бұлақ сылдыры, тамшы сыңғыры. Жанды музыкаға не жетеді дерсің? Бәлкім, жүректен шыққан әуен шығар. Ендеше, 9 сәуірде «Астана Опера» театрының Камералық залында өтетін «Уақыттар диалогы» атты концерті көрерменді сол әуенді тыңдауға шақырады.
ҚазҰӨУ профессоры Вячеслав Өзбеков жетекшілік ететін «Accordi di Astana» аталатын ескі және қазіргі заман музыкасының ансамблі тыңдарманға өнерін паш етеді. Оның шәкірттері ішінде жиырмадан астам халықаралық байқаулардың лауреаттары бар. Солардың кейбірі қазірде танымал музыкант атанып, концерт аясында өнер көрсетеді, атап айтсақ, олар: Александр Тараскин (флейта), Салтанат Ақбасова (фортепиано), Гүлжанат Жанатаева (фортепиано).
Мазмұнды бағдарламаға XVIII-XX ғасырлардағы Георг Телеман, Иоганн Кванц, Морис Равель, Альфред Шнитке, Жан-Мари Леклер, Сергей Прокофьев, Жак Ибер және басқа композиторлардың шығармалары енді.
Қазіргі заманның көптеген композиторының шығармалары тыңдарманға кинофильмдер арқылы таныс, мысалы, Альфред Шниткенің «Ескі стильдегі сюитасы» экрандарда Элем Климовтың «Тіс дәрігерінің басынан кешкендері» және «Спорт, спорт, спорт» бейнетаспаларында бірнеше рет шырқалған. Мамандар бұл шығарманың барокко музыкасының нақышына келтірілген бес музыкалық бөлімнен тұратынын айтады, саз ырғағы есебінен онда терең философиялық мазмұн туындайды. Яғни Сюитаны әдемі сазды музыка ретінде және өзіңнің жан дүниеңді таныстыратын саяхат ретінде де тыңдауға болады. Сол себепті тыңдарман да, орындаушы да маңызды.
Кештің құрметті қонағы – пианиношы Вячеслав Өзбеков. Ол И.С.Бахтың үш танымал пьесасының транскрипциясын, сонымен қатар, К.Глюктің «Әуенін» жеке орындайды.
− XIX-ХХ ғ.ғ. композиторлары XVIII ғасыр жанрларын, үлгілерін, ырғақтарын жиі пайдаланғандықтан, бұл – XVIII–XX ғасырлар арасындағы сабақтастық. Мен шығарманы орындауда өзіндік ерекшелігімді енгізуге тырысамын, әйтпесе, сахнаға шығудың қажеті жоқ. Тыңдарман жылы қабылдайды деген үміттемін. Кейбір әуендер танымал болғанмен, көпшілік кейбірін, алғаш рет тыңдайды. Көрермен өзіне таныс және бейтаныс әуендер арасындағы байланысты аңғара алады, − деді Вячеслав Өзбеков.