Жазушы-драматург Дулат Исабековтің 80 жасқа толған мерейтойына орай ІІ халықаралық "ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ" атты театр фестивалі аяқталды. Аталмыш шарада Аустралия, Түркия, Грузия сынды мемлекеттен келген театрлармен қатар еліміздің үш театры жазушының меройтойына байланысты пьесаларын сахналады. Фестивалдің жабылу салтанатына Мәдениет минстірі Дәурен Абаев және Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қатысты.
Мәдениет министрі Дәурен Абаев осы кешке арнайы келіп, презтдент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауын жеткізді.
«Сіздің қазақтың әдебиет-мәдениетіне сіңірген еңбегіңіз мол. Заманның тыныс-тіршілігін айшықтап көрсеткен пьесаларыңыз еліміз бен әлемнің сахналарында тұрақты қойылып келеді. Әрдайым өнегелі өмір жолыңызбен кейінгі толқынға үлгі көрсетіп, қолға алған істеріңіз сәтті жүзеге аса беруіне тілектеспін. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін»,- делінген құттықтау хатында.
Сонымен бірге, министр де өзінің жылы лебізін арнады.
«Сізді 80 жасқа толған айтулы мерекеңізбен құттықтаймын. Салиқалы ғұмырда сырлы қаламды серік еткен өзіңізді алаштың аузы дуалы абызы, шындықтың шырақшысы, қазақтың қабырғалы қаламгері деп танимыз. Шығармаларыңызды шәкірт кезіімізден оқып өскен біз үшін сіз аңыз тұлға алып мұхитсыз. Тек прозада ғана емес драматургияда да биік белестерді бағындырған өзіңізді ұлттық әдебиетіміздің ұжданы ұстазы десек жарасады. Терең тарихтан сыр тартатын саф туындыларыңыз кез келген оқырманды бей-жай қалдырмайды. Қашан да осы асқақ рухыңыз аласармасын. Деніңізге саулық, шығармашылық табыс тілеймін. Қаламыңызды қаңтармай, оқырмандарыңызды жауһар жазбаларыңызбен қуанта беріңіз», - деді ол.
Алматы қаласының әкімі Досаев Ерболат жазушыны 80 жас мерейтойымен құттықтады.
«Баршамызға белгілі ұлтты эстетикасын қалыптастырып, өресін өсіретін, әлемге танытатын асыл өнері мен көркем әдебиеті. Бұған біз Дулат Исабеков шығармашылығы арқылы тағы да көз жеткізіп отырымыз. Ағамыздың қаламынан туған, «Мазасыз күндер», «Қара шаңырақ», «Тіршілік» секілді повестері мен әңгімелер жинағы, «Қарғын» романы көпшіліктен жүрегінен орын алған. Әдебиетіміздің қазынасын байытты, әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, мәдени өрісімізді кеңейтті. Дулат Исабеков пьесалары әлем сахналарында қойылып жүрген бірден-бір жазушы. Мұны бүгінгі «Исабеков әлемі» фестивалі де айғақтай түсті», - деді қала әкімі.
Ал, Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Дулат Исабеков шығармалары арқылы қазақ жанын, мұңын әлемдік деңгейде көтеріп жүрген бірден бір жазушы екенін айтты.
«Мұхтар мен Ғабит ағамыз бастаған жолды биіктетіп, әлемдік деңгейге жеткізген адам осы Дулат ағамыз. Қазақ әдебиетіне қашан Нобель сыйлығы бұйырады, қазақ қаламгерлері қашан алады деген сұрақ туындағанына көп болды. Бірақ соны жақындататұғын, алатын бірден бір талант және мүмкіндік өзіңізде. Тезірек Нобельді қазақ топырағына алып келіңіз», - деді Жазушылар Одағының төрағасы.
Сонымен, «ІІ Исабеков әлемі» фестивалінің жүлдегерлері:
Бас жүлде – «Бөрте» спектаклі. Түркістан музыкалық драма театры. 1 млн.теңге
Үздік режиссер – Гоча Капанадзе, Иванэ Мачабели атындағы Цхинвали кәсіби мемлекеттік драма театры. «Актриса» спектаклі. 700 000 тг
Үздік актер – Алмас Шаяхметов, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры. «Жүз жылдық махаббат» спектаклі. 500 000 тг
Үздік актриса – Дәрия Жүсіп. М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры. «Жүз жылдық махаббат» спектаклі. 500 000 тг
Қазылар алқасының арнайы жүлдесі – Лела Махниашвили. Иванэ Мачабели атындағы Цхинвали кәсіби мемлекеттік драма театры. «Актриса» спектаклі. 300 000 тг
Үздік актерлік ансамбль – «Мұрагерлер» Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр академиялық музыкалық комедия театры. 500 000 тг
Фестивальге қатысқаны үшін – Ерзурум театры. «Мұрагер» спектаклімен қатысқаны үшін.
Лела Махниашвили – Қазылар алқасының арнайы жүлдесін алды
Кеш соңында сөз алған Дулат Исабеков барлық келген театрларға алғысын білдірді.