Түркия төрінде «Біржан-Сара» операсы сахналанды

Түркия төрінде «Біржан-Сара» операсы сахналанды

Түркияның Анкара қаласында 5-ші Халықаралық Ыстамбұл опера және балет фестивалінің апталығы аясында Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы түрік тілінде қойылды.

«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының ұйытқы болуымен биыл бұл туынды Түркияның төрт қаласының көрерменімен қауышқан болатын. Ыстамбұл, Бурса, Ескішеһир қалаларындағы қойылымдардан кейін кезек бас қала Анкараға да келіп жетті.

Аталған операның басқа опералардан басты ерекшелігі, алты бірдей түркі елінің өнерпаздарының бір сахнада өнер көрсетуінде болды. Біржан салдың рөлін Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Садырбек Жұмашев сомдаса, Сараның рөлін «Астана-Опера» театрының қазақстандық жетекші орындаушысы Жұпар Ғабдулина ойнады. Ал, Біржанның анасының рөлінде Башқұртстан Республикасының халық әртісі, опера әншісі Светлана Арғынбаева көрінді. Яғни, халықаралық жобаның бұл жолғы қойылымына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Татарстан және Түркиядағы опера өнерпаздары да қатысты.

Қойылымның бас режиссері – бұдан бұрын «Көроғлы», «Алпамыс» сынды спектакльдерді жұртшылыққа паш еткен азірбайжандық маман Эфлатун Ниметзаде.

БІРЖАН-САРА ОПЕРАСЫ

Либретто: Қажым Жұмалиев

Оркестр дир.: Толга Тавиш

Режисер: проф. доктор Эфлатун Ниеметзаде

Декор: Ерлан Тұяқов

Костюм: Есенгелді Тұяқов

Хор дир.: Михаил Искров

Хореограф: Тұрсынбек Нұрқалиев

Жарық: O. Mурат Йылмаз

Қойылымнан фоторепортаж:

Қазақ операсының шоқтығы биік шығармасы саналған “Біржан-Сара” операсы Түркияда алғаш рет TÜRKSOY Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының “2013 Мұқан Төлебаев жылы” жобасы аясында көрерменге ұсынылған болатын.

Былтыр қазақтың дарынды композиторы Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығын бүкіл Түркі халқы кең көлемде тойлады.

«Біржан-Сара» операсы Самсун қаласының Мемлекеттік опера және балет театрының жеке репертуарына енгізілген. 

Көрермендер арасында "ТҮРКСОЙ" халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов бастаған бір топ лауазымды тұлғалар болды.

Қойылым түркиялық көрермендердің ыстық ықыласына ие болып, көпшілік көңілінен шықты. Қазақ опера өнерінің классикалық туындысымен сусындаған ағайын ерекше әсерде тарқасты.

Арнайы Массагет үшін: Анкара қаласынан Шерхан Талапұлы

Суреттерді түсірген: Шерхан Талапұлы

Н. Айдархан