"Травиата" - аты өшпейтін мәңгілік шығарма

"Травиата" - аты өшпейтін мәңгілік шығарма

Джузеппе Верди есімі опера өнерінің тарихына музыкант-реалист ретінде енді. Оның үздік опералары ақиқатты баяндайды, адам болмысын толық бейнелейді. Верди өз операларында либретто құруға, шынайы образды көрсетуге тырысқан.

Вердидің «Травиата» операсының сюжеті Кіші А.Дюманың «Дама с камелиями» драмасынан алынған. Басты кейіпкер тұлғасы өмірден алынған. Ол - атақты жеңіл мінезді париждық ару Мари Дюплесси. Көзтартар сұлулығы мен бірегей ақылымен өзгелерді баурап алып, өзіне қарататын жан болған. Оған кезінде жас қаламгер Дюма да сырттай ғашық болыпты.


«Дама с камелиями» романындағы басты кейіпкер Маргарита Готьеден оқырмандар сол кезде қайтыс болып кеткен Мари Дюплессиді көрді. Ал оның ғашығы болған Армане Дювалені оқырмандар автордың өзі деп тұспалдайды.

1848 жылы Дюма романды пьеса қылып жазды, алайда оның премьерасы төрт жылдан кейін шықты. Сол кезде пьеса цензураға қатты ұшырағанына қарамастан, сахнаға шыққан бойда «Дама с камелиями» үлкен табысқа кенелді.

Париж қаласында өткен пьеса премьерасын көрген Верди тез арада опера жазуға кіріседі. «Дама с камелиями» романының желісімен ол «Травиата» операсын Франческо Мария Пьявемен бірлесе отырып, жазып шығады. Сол заманда Пьяве ең танымал итальяндық либреттист болған.


«Травиата» - әлемдің операдағы ең алғашқы лирикалық-психологиялық опера. Сазгер реалисттік көзқарасымен драмадағы терең уайымды бейнелеуге тырысты.

«Травиата» операсын естіген Дюма: «Менің романымның жоғалып кетуі мүмкін еді, ал Верди болса, оны мәңгілік шығарма етті!» деген екен.

«Травиата» операсы әлемнің көптеген өнер ордаларының сахналарында көрсетіліп келеді. Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Опера және Балет Театрының репертуарына да біраз жылдар бұрын енген. Басты кейіпкер Виолетта Валери партиясын Бибігүл Төлегенова, ал Жермон партиясын Ермек Серкебаев орындаған.

Суреттер gatob.kz сайтынан алынған.

Ғ. Ұзақ