Мамыр айына белгіленіп отырған "Шығыс сазы" атты мюзикл жанрындағы комедиялық қойылымның режисері - Талғат Теменов. Пушкиннің ертегісі желісі бойынша дайындалған спектакльдегі би қимылдарын жасау үшін режисер Мәскеудің "Жаңа театрынан" балетмейстер Иван Владимирович Фадеевты шақырған. Айта кетейік, атақты балетмейстер осыған дейін де Ғ. Мүсірепов атындағы театрдың актерлерімен жұмыс жасаған болатын. Бір жыл бұрын жарыққа шыққан "Кармен" қойылымның би қиымылдарын да осы кісі қойып берген.
"Мен он жыл бойы опера театрында жұмыс жасап келемін. Бұл менің Қазақстандағы екінші жобам. Біз былтыр "Кармен" спектаклінде 4 композиция қойған едік. Биылғы қойылымда 8-9 шамасында би қойылады. Мұны музыкалық драмалық қойылым деуге де болады. Маған мұнша көп актерлермен бірдей жұмыс жасаған қиынға соқпайды. Олар кәсіби биші болмаса да. Қазақстанға қаңтарда келген едім. Содан бері дайындалудамыз. Өз басым актерлердің қозғалысына аса назар аударудамын. Менің қазір қойып жатқан қимылдарым сіздерге қиынырақ көрінуі мүмкін. Бірақ қазақ актерлері шапшаң қимылдап, бәрін бірден іліп әкетуде", - дейді балетмейстер Фадеев.
"Сахнада әр қимыл бір нәрсе жайында айтып тұруы керек. Егер адамдар айтқысы келгенін ауызбен жеткізе алмаса, олар бірден биге көшеді. Бұл мюзикл болғандықтан, спектакль барысында актерлер билеп жүріп сөйлейді. Өз эмоцияларын би қимылдары арқылы жеткізеді. Сондықтан да спектакльде бұл композициялардың орны ерекше. Актерлер сахнада мен қойған әр қимылдың астарында бір дүниенің бар екендігін, қозғалыстың бәрінің тегін қойылып жатпағандығын көрсетсе деп ойлаймын. Сонда ғана мен өз еңбегімнің жемісін адал жей аламын", - дейді Фадеев.
"Орыс балетмейстері Фадеев "Шығыс сазы" атты Талғат Теменовтың спектакліне арнайы би қойып жатыр. Бұл кісінің би қоюдағы өзіндік стилі бар. Иван Фадеевтың би қоюымен былтыр жарыққа шыққан "Кармен" де бір жылдың ішінде аса танымалдылыққа ие болып, халықтың ықыласына бөленуде. Алғашында бұл кісіге біз күдікпен қарағанбыз. Еуропалық адам болғасын шығыс биіне келгенде тоқырап қалар деп ойладық. Актерлер арасында балетмейстерді шығыс елдерінен шақырсақ қалай болар екен деген де ұсыныстар айтылып жатты. Дайындықты бастар кезде ол кісі өзінің шығыс билерін зерттеп, шығыс халықтарының өнерінен қызығушылық танытып жүргенін айтқан соң ғана біз оған спектакльді сеніп тапсырдық", - дейді актер Тушаев Бақыт.
"Фадаев - өз ісінің шебері. Ол бізді жан-жақты дайындап жатыр. Спектакль әлі толық жиналған жоқ. Талғат ағамыз Пушкиннің шығармасынан спектакль жасап, оны халыққа ұсынбақ", - дейді спектакльде ханзаданың рөлін сомдайтын Ерлан Төребаев.
"Қазіргі қолда бар сценарий бойынша спектакльдің алпыс не елу пайызын би алуы мүмкін. Спектакльде театр актерлерінің барлығы дерлік өнер көрсететін болады. Биге сай келетін әуеннің бәрін Талғат аға өзі таңдап алды. Бұл қойылым Талғат ағаның шығармашылығындағы алғашқы жобасы деуге болады. Өйткені ол кісі осыған дейін ертегі сарындағы мюзиклді сахналаған емес. Ертегі болғанымен, бұл тек балаларға арналған шығарма емес. Жас ерекшелікке байланысты ешқандай да шектеу жоқ", - дейді режисердің ассистенті Бейбіт Камаранов.
"Бұл театрда 12 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Мені осы рөлге Талғат аға өзі таңдап алды", - дейді басты рөлдердің бірін сомдайтын Динара Әбікеева.
Театрдың жас актерлерінің бірі Аида Жантілеуова да спектакльде басты рөлдердің бірін сомдамақ.
Көрші елден келген балетмейстердің өз ісіне шебер екендігі көрініп тұр. Актерлер де балетмейстердің ісіне оң қабақ танытып отыр.
Көктемнің ортасына жоспарланып отырған бұл премьераның желісі қандай?
"Мен Талғат Теменовтың "Шығыс сазы" спектаклінде сұлтанның рөлін ойнаймын. Сұлтан - басты кейіпкердің бірі. Бір елді басқарып отырған сұлтан өзіне жар іздейді. Сол мақсатта қарапайым шалдың кейпіне еніп, халықтың арасында жүреді. Осы ісі арқылы қара халықтың сұлтанға деген көзқарасын білгісі келеді. Жар іздеуді жалғастыра береді. Көп арулар арасынан жолыққан бір қыз: "Мен сұлтанға тамақ беріп тойдырсам" деп, ал екіншісі: "Мен сұлтанның бүкіл киімін бүтін қылсам" деп айтады. Ал үшіншісі: "Мен сұлтанға ұрпағын жалғастыратын ұл туып берсем" деп тілейді. Осы қызға көңілі ауған сұлтан онымен қосылып, ұлды болады. Қалған аруларды тоқал етіп алады. Бірақ олар арам ойын жүзеге асырып, бәйбішесіне қастандық жасайды. Спектакль осылай өрби береді", - дейді актер Мақсат Сәбитов.
Айтпақшы, құлақтарыңызға алтын сырға: Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттің Академиялық балалар және жасөспірімдер театры сәуір айына "Жақсы кісі" деген жаңа спектакль дайындап жатыр. Бұл спектакль "Шығыс сазынан" ертерек сахналанады.
Орыстың атақты балетмейстерінің еңбегінің нәтижесін сіз бен біз көктемде бірге тамашалайтын боламыз.
Театрда кездесейік, ағайын!
Сұхбаттасқан және суреттерді түсірген: Ақерке Әбілхан