- Негізгі бет
- Театр
- Театр сахнасы қалай...
Театр сахнасы қалай жасалады?
Театрға барғанда тек қойылым мазмұнын, актерлердің шеберлігін байқайтын жаман әдет тауып алыппыз. Расында да, сахна безендірушісі деген арнайы мамандықтың бар екенінен құлағдарсыз ба? Режиссермен бір қатарда жұмыс жасайтын, десек те, көлеңкеде қалып қоятын мамандық иесінен шағын сұхбат алайық деп шештік. Сұхбат барысында, сахна қалай жасалады деген сұраққа жауап іздедік. Суреттерді де назарларыңызға ұсынамыз...
Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының ұстазы, Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының қоюшы-суретшісі Есенгелді Тұяқов өз ісінің шебері. Оның жасаған әрбір сахнасы көздің жауын алып қана қоймай, өз көрерменін еңбегі мол осы мамандыққа қызықтырады да! Бұл кісімен сұхбат жасап, өздеріңізге ұсынып көрмекпін.
- Ұстаздық жол мен шығармашылық жолды қатар алып келеді екенсіз.
- Иә, 30 жыл шығармашылық пен ұстаздықты қатар алып келемін. Қазіргі кезде шәкірттерім өте көп. Оларға қазір Антон Чеховтың драмаланған шығармаларына арнап, сахна үлгілерін жасатып, үйретіп жатырмын. Масштабты әзірге кішкентай етіп жасаймыз. Мұндай макетті жасау үшін 2 ай уақыт керек. Сөйтіп, мен режиссер ретінде, ал оқушыларым суретші ретінде ойланып, жасалған сахнада қойылым қоямыз.
- Мен сіздің шеберханаңыздан сахналардан басқа театр кәстөмдерін көріп тұрмын. Сіздер киім тігумен де айналысасыздар ма?
- Иә, біз киім де тігеміз, қойылым үшін қандай да бір зат керек болса, біз оны қолдан жасап шығуға тырысамыз. Сурет те салынады. Мәселен, Спартак жауынгерінің кәстөмі 4 айда жасалып бітті. Шекспирдің «Гамлет», «Ромео мен Джульеттасын» қойған болатынбыз. Соның да кәстөмдері бар. Сахнада не зат болса, соның барлығы осы суретші-қоюшы мамандығында оқитын студент жастардың тікелей жұмысы. Көпшіліктің көзіне көрінбесе де, бұл маман иелерінің атқаратын жұмысы өте көп. Сахна суретшісі режиссер, композитор, балетмейстер. Тіпті актерлердің де жүгін көтереді. Бұл еңбекте қате болмауы керек.
- Өзіңіздің ең бірінші сахна жұмыстарымен айналысқан кезіңізді айтсаңыз. Қай қойылымды қойдыңыз?
- Мен өзім Мәскеуде 5 жыл оқыдым. Одан кейін Қарағанды қаласында сахнаны безендіру жұмысымды бастап кеттім. Сол кезде-ақ менің жұмысыма жоғары баға беріп қарайтындар көп болды. Ол кездегі қойылымның атын шын айтсам ұмытып қалдым. Санада қалып қойғаны тек соңғы кездері драма театрында қойған спектакльдер ғана.
- Сіздің жұмысыңыз өте қызықты екен. Сұхбатыңызға көп рақмет!
Есенгелді ағайдың шеберханасынан шеберліктің иісі аңқиды. Мұнда өте әдемі өнер туындылары бар. Мұның барлығы да шығармашылықтың ортасы. Есенгелді ағайдың шәкірттері өте көп. Олар еліміздің барлық аймағынан жиналған жастар.
Әңгімелескен: Ардақ Құлтай
А. Құлтай