Театр өнерінің республикалық практикумы аяқталды

Театр өнерінің республикалық практикумы аяқталды
Фото: Әлібек Оразбай, auezov-theatre.kz

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бастауымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылдың 29 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында шетелдік шеберлердің қатысуымен театр өнері қайраткерлерінің республикалық практикумы өтті. Аталмыш шара елімізде осымен екінші рет ұйымдастырылды.

Практикумға модератор ретінде Шота Руставели атындағы Тбилиси мемлекеттік театр және кино университетінің ректоры, А.С.Грибоедов атындағы орыс драма театрының бас режиссері, профессор Маргвелашвили Георгий Нодарович пен Халықаралық театр фестивалінің "Үздік сценография" номинациясының жеңімпазы, Әлемдік Прага Квадриеннале лауреаты Тамара Окихян шақырылды. Модераторлар Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған драмалық және музыкалық-драмалық театрлардың режиссерлері мен актерлердің кәсіби білігін арттыруға атсалысты. Үш күнге жалғасқан практикум кезінде қатысушылар А.Чеховтың "Апалы-сіңлілі үшеу" пьесасының қақтығысы мен шиеленісіне, жаңалығы мен көркемдік шеңберіне практикалық талдау жасады. Әр театрдың шеберлік сыныбында дайындаған қысқа қойылымдары қорытынды кеште сахналанды және барлығына сертификат табысталды.

"Театрларға сертификат не үшін беріледі? Қазақстанның барлық театры мемлекеттік аттестациядан өтеді. Оған сай стандарттардың бір шарты ретінде осы сертификат енгізілмек", – деп түсіндірді кеш соңында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров. Десе де практикумға жиналған театрларға үш күнде жиған тәжірибе мен білімнің құны қымбатырақ деп сенеміз.

Massaget.kz