- Негізгі бет
- Театр
- Театр – өнерге...
Театр – өнерге құмарыңды қандыратын орда
"Ер туған жеріне" тартады. Биылғы маусым М.Әуезов театрының 90 жылдығы қарсаңында қарашаңырақтың киелі сахнасына 3 бірдей театр тарланы қайта оралды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділманов пен Ғани Құлжановтың өкшесін басып, Жанат Тінбаев та М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданды.
Көрермен қауымның жүрегін көгілдір экран арқылы жаулап алған актер М.Әуезов театрына құр алақан келген жоқ: жаңалығын ала келді. Енді Жанат Тінбаевты Эмир Байғазиннің "Жаралы періште" ("Раненый ангел") картинасынан тамашалай аласыздар. 13 мамыр күні "Арман" кинотеатрында тұсауы кесілген фильмде биология пәні мұғалімінің рөлінде ойнаған актер: "90-шы жылдардағы халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайындағы өзгерістер өскелең ұрпаққа көп әсерін тигізді. Еліміздегі кедергілер мен келеңсіздіктер жастардың қоғамға бейімделуі, өсіп жетілуі, армандарына жетуіне кедергі жасады. Аталған фильмде осындай қиын-қыстау кезеңдегі көздеген мақсаттарына, діттеген армандарына жете алмаған жастардың болашағына тигізген зияны баяндалады. Өз басым сол уақыттардағы қиыншылықтарды сезініп, санасында саралай алатын көз ашық азаматтың рөлін ойнадым", – дейді.
Көрермен қауымға "Құрдастар" (реж. Ерлан Жұмабек, 2010), "Ғашық жүрек" (реж. Асқар Ұзабаев, 2012), "Санжар мен Қайсар" (реж. Ахат Ибраев, 2012-2013), "Өмір өткелдері" (реж. Нарын Ерлан, 2013), "Күн сақшылары" (реж. Санжар Сұлтанов, 2013) телехикаялары мен "Ограбление по-казахски" (реж. Қайыржан Орынбеков, 2014) фильмі арқылы танымал актер "М.Әуезов театрының актерлік құрамында еңбек етіп жүрген кезімде кино саласынан көптеген ұсыныстар келіп түсуіне байланысты театрдан кетуіме тура келді. Алайда өнерге деген құмарыңды қандыратын театрдан асқан өнер ордасы жоқ екенін түсіндім", – дейді.
2011-2013 жылдар аралығында Әкемтеатрда еңбек еткен Ж.Тінбаев М.Сәрсекенің "Тендерге түскен келіншегінде" Сергей (реж. О.Кенебаев), С.Асылбекұлының "Империядағы кеш" драмасында Берікбол (реж. А.Кәкішева), М.Кәрімнің "Күнаһарында" Ялшығұл (ауд. Ә.Кекілбаев, реж. О.Кенебаев), М.Задорновтың "Күйеуіңізді сатыңызшы" комедиясында Андрей (реж. О.Кенебаев), М.Әуезовтің "Қилы заманында" Жаңабай, Ә.Рахимовтің "Шәкәрімінде" Халитов (реж. Ә.Рахимов), Т.Әбдіковтің "Ұлы мен ұры" қойылымында шәкірт (реж. Е.Обаев, Е.Нұрсұлтан) рөлдерін ойнаған болатын. "Сағыныш салқынын салған үзілістен кейін театр сахнасына сусап келдім. Сондықтан рөлге үлкен-кіші деп қарамаймын, қандай рөл берсе де қуана-қуана ойнаймын", – деп ағынан жарылған актерді жақын арада 90-шы маусымның келесі премьерасы Ғ.Мүсіреповтің "Ақан сері-Ақтоқты" драмасынан Жылгелді бейнесінде көре аласыздар.
Жолдаған: Мөлдір Бекжан
Г. Берік