Жыл сайын өткізілетін Театр көктемі биыл Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әнуарбек Молдабековтің 80 жылдығына арналып отыр. Фестивальдің ашылу күні, яғни, бүгін театр ұжымы Әнуарбек Молдабековтің Кеңсайда зиратына құран оқып, гүл шоқтарын қойды. Театр өнерінде, ұлт руханиятын көкке самғатқан Әнуарбек ағаның жатқан қабірінің басында өмірде де, өнерде де замандас досы, бұл күнде Алты Алаштың ірісіне айналған Асанәлі Әшімов, театр директоры Асхат Маемиров, Әнуарбек ағамыздың жолдасы Баян Имашева тебіреніп сөз сөйледі. Есімі өзінің халқымен бір тұтасып кеткен тұлғалар болады. Сондай біздің мемлекетіміздің рухани кеңістігіндегі, тұлғалардың бірегейі, қазақ өнерінің жұлдызы, көрнекті театр, кино актері, Әнуарбек Молдабеков. Әнуарбек Молдабеков қазақтың тарихына өзінің атын алтын әріптермен жазып кетті. Себебі оның артында, қайталанбас бейнелері қалды. Әлгі күнге дейін, көрерменнің көзайымына айналған, кино лентаға түскен ғажап бейнелері қалды. Сондықтан Әнуар есімі бүгінгі ұрпақ үшін, өнердегі адалдықтың, тазалықтың, кәсіби шеберліктің және дара тұлға болудың синонимі іспеттес. Сондықтан биыл Әнуар Молдабековтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында рухына тағзым ете отырып, Театр көктемі фестивалін арнаудың басты мақсат еттік. Ұлы актердың өнерімен сабақтас, өнерді жалғаушы жас буын, қаншалықты актерлық жолда биіктерге қол жеткізді, режиссура, заманауи драматургияда қандай бағыт бағдарымыз бар, соны пайымдап, таразылап, кәсіби түрде саралау үшін осы фестиваль өткізіліп жатыр. Әрине ең басты кезекте, Әнуар Молдабековтің сомдаған бейнелері, ұлт құндылығы. Сондықтан бүгінгі шарада сол, ұлттың рухани құндылығын дәріптеу. Әнуар Молдабековтің есімін мәңгі есте сақтау оның шығармашылық жолын жас буынға насихаттау. Егер біз Алатауды өнердің бір үлкен биігі деп есептейтін болсақ, сол үлкен өнер биігінде Әнуар Молдабеков шыңы деген шың бар. Әнуар Молдабековтің актерлік мектебі деген мектеп бар. Сондықтан ешкімді қайталамайтын дара қолтаңбасы, адами болмысы, кісілік пен кішілікке толы келбеті біздің жүрегімізде әрқашан сақталады. Тұлғатану жолында Әнуарбек Молдабеков әрдайым бізге жол көрсетуші, өнердегі шоқтығы биік жұлдыз болып жарқырап тұра беретіні сөзсіз, - дейді театр директоры Асхат Максимұлы. Біз өткенді екшеп, барды бағалап, талғам таразысына салып отыратын халықпыз! Өлгендеріне бас иген, өткеніңді қастерлегенің, осы театрда әлі рухы сөнбеген қазақ актері Әнуарбек ағамыздың басына барып, қазақы дәстүрменен, құран бағыштап қайттық. Биылғы фестиваліміздің болуы Әнуар ағаның атына байланысты. Тек оның атында фестиваль болатын кезде ғана еске алу емес. Өткенін ылғи еске алып отыратын театр болса, сол біздің театр. Тірінің парызы, өлінің рухын шаттандыру, дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс. Ұлттық актерлік мектептің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнуар Абыханұлы Молдабеков 1938 жылдың 20 мамырында Алматы облысы, Іле ауданы, Комсомол ауылында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге бейім өскен, әнші болуды армандаған ол 1956 жылы Алматы консерваториясының актерлік бөліміне түседі, ал, 1960-1962 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияда Ә.Мәмбетов, Н.Жантөрин, тағы да басқа шеберлерден дәріс алып, оқып-бітіреді. Әнуарбек Молдабековөнер жолын С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында бастаған.