М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында 13-18 наурыз аралығында дәстүрлі түрде өткізілетін «Театр көктемі» - 2017 фестивалі өтеді. Биылғы фестиваль Қазақстан және КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналады.
Фестиваль аясында көрермендер мен әділқазылар назарына М.Әуезов театрының репертуарындағы бес спектакль ұсынылады. 13 наурыз күні қазақ ән өнерінің ақиығы Ақан сері туралы Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклі сахналанады. 14 наурыз күні М.Омарованың «Ақтастағы Ахико» атты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып қойылған қойылымы ұсынылады. 15 наурызда Рей Кунидің «Мани-Мани» комедиясы, ал 16 наурыз күні Қ.Мұраттың «Бақыт кілті» драмасы театр сүйер қауыммен қауышады. 17 наурыз М.Омарованың (реж. А.Кәкішова) түрлі тарихи жағдайда Қазақстанға жер аударылған ұлттардың тағдырын арқау еткен «Көмбе нанның дәмі» драмасының премьерасы өткізіледі.
Сондай-ақ, фестиваль аясында театр әртістерінің «Өзіндік жұмыстары» көрсетіледі. Фестивальге қазылық ететін әділқазылар алқасының төрағасы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай.
«Театр көктемі» - 2017 фестивалінің бір ерекшелігі Халықаралық деңгейде өткізілгелі отыр. Фестивальге арнайы өнертану докторы, блоггер, Илья атындағы мемлекеттік ғылыми зерттеу университетінің басшысы Лаша Чхартишвили мен Вадади Гафаров, философия және өнертану докторы, доцент, Әзербайжан Ұлттық ғылыми академиясының Архитектура және Өнер Институтының «театр, кино және телевидение» бөлімінің меңгерушісі шақырылған.
14 наурыз күні театрдың кіші залында «Хадиша Бөкеева және бүгінгі актерлық өнердің мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді.
18 наурыз фестиваль қортындысы жарияланып, үздіктердің есімі белгілі болады. Сондай-ақ, бүл күні КСРО халық артисі Хадиша Бөкееваны еске алу кешін өткізу жоспарланып отыр.
Шуақты көктеммен қатар келген «Театр көктемі» - 2017 фестивалінің ашылу салтанаты бүгін 18.30-да М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының үлкен залында өтеді.
Фестивалдің ашылу салтанаты қарсаңында театрдың директоры Ерлан Біләл бастаған бір топ өнер қайраткерлері мен театр ұжымы Х.Бөкееваның зиратына барып, құран бағыштап, гүл шоғын қойды.