Кеше КСРО халық артисі Хадиша Бөкееваның 100 жылдығы аясында өткізіліп отырған «Театр көктемі - 2017» дәстүрлі фестивалі салтанатты түрде ашық деп жарияланды.
Кеш жүргізушілері Е.Дайыров, Ж.Мақажан КСРО және Қазақстанның халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығы лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның шығармашылық жолына тоқтала отырып, әманда биік сахналық мәдениетімен, бекзат өнерімен ерекшеленетін көрнекті актрисаны кәсіби мамандар өте жоғары бағалаған және көрерменнің аңызына айналған Қарлыға, Сәуле, Мехменебану, Катарина, Маргарита патшайым, Сидзу, тағы басқа көптеген бейнесі театр тарихына қосылған асыл қазына деу керек деп атап өтті.
Хадиша Бөкеева «Абай» спектакліндегі Бастаушы ролі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған, сондай-ақ қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндіктерінде М.Әуезовтің «Абай» романынан, Жамбыл жырларынан, 1977 жылы Ленинградта өткен күндерде Ж.Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасынан үзінділер оқып, ұлттық өнеріміздің мәртебесін әлем көкжиегіне көтерген өнерпаз. М.Әуезов театрында 60 жылдан астам уақыт қызмет еткен ұлы актрисаға биыл 24ақпан күні Батыс Қазақстан облыстық драма театрына Хадиша Бөкееваның есімі берілді. Бүгінде туғанына 100 жыл толып отырған актриса өнеріне ізбасарлары бас ие отырып, биылғы «Театр көктемі» фестивалін таңғажайып талант иесіне арнау көрермен қызығушылығын арттыра түсті. Фестивальдің ашылу салтанатында Әуезов театрының үлкен сахнасында ине шаншыр бос орын болмады.
Сахнада құттықтау сөз айтып, бата-тілектерін білдіріп КСРО халық артисі, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов мырза мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов театрының директоры Ерлан Біләл мырза сөз сөйледі. Театр артистері мен шығармашылық құрам фестиваль құрметіне жайылған қызыл кілеммен жүріп өтті. Кезек бойынша жүргізушілер фестивальдің қазылар алқасын көпшілікке жария етті.
Сонымен, «Театр көктемі»-2017 фестивалінің әділқазылар алқасының қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай фестивальге арнайы шақырылған Философия және өнертану докторы, доцент, Әзірбайжан Ұлттық ғылыми академиясының Архитектура және Өнер Институтының "театр, кино және телевидение" бөлімінің меңгерушісі Видади Гафаров, Өнертану докторы, Блогер, Илья атындағы мемлекеттік ғылыми зерттеу университетінің басшысы Лаша Чхартишвили, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы «театр теориясы және тарихы» кафедрасының меңгерушісі, өнертану кандидаты, профессор Сәния Қабдиева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы «өнертану» факультетінің деканы, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс бар.
Биылғы фестивальда жүлделі орындарды белгілеп, төрелік жасайтын өнертанушылардан бөлек сыншылар алқасы да жұмыс істейді. Бұл топ өз кезегінде спектакльді талқылау барысына қатысып, ой тілектерімен бөліспек. Сыншылар алқасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Әлия Бөпежанова, өнертану кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мұқан, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты Анар Еркебай төрелік ететін болады.
Фестиваль аясында 14 наурыз Мадина Омарованың «Ақтастағы Ахико» драмасы, 15-наурыз Рэй Кунидің «Мани мани» комедиясы, 16 наурыз Қолғанат Мұраттың «Бақыт кілті» драмасы, 17 наурыз жұма күні - Премьера, Мадина Омарованың «Көмбе нанның дәмі» драмасы көрсетілетін болады.
Ал, 18 наурыз күні сағат 17-00-де Қазақстан және КСРО халық артисі Хадиша Бөкееваның туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу кеші және «Театр көктемі-2017» фестивалінің жабылу салатанаты. Ашылу салтанатынан кейін додаға қатысушы алғашқы қойылым Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері –Ақтоқты» спектакльдері көрермен мен қазылар алқасы назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, салтанатты шара алдында БАҚ өкілдеріне баспасөз маслихаты өткізіліп, ұйымдастырушылар тілшілер қауымының сұрақтарына жауап берді.