Театр кезекті демалысқа шығады

Театр кезекті демалысқа шығады

Ғ. Мүсірепов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  академиялық балалар  мен  жасөспірімдер  театрының баспасөз қызметі 27 маусым күні 68-ші  театр  маусымының жабылатындығын хабарлайды. Маусым Ғ. Мүсіреповтің  «Қозы  Көрпеш – Баян  сұлу» қойылымымен жабылады.


Театр  көп  жылдан  бері  кезекті  театр  маусымын  Ғ. Мүсіреповтің  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен ашуды және аталған қойылыммен  жабуды  дәстүрге  айналдырған.  Классик  жазушы  атындағы  театрдың  бұл үрдісінің түпкі мәні де түсінікті, яғни, көрерменге сол атаулы екі шараның өту сәтінде ұлы Ғабаңның төл шығармасын ұсыну. 

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымы – бақытқа ұмтылған қос ғашықтардың махаббат жолындағы тартысқа  толы  тағдырын  сөз  етер  сахналық  туынды. Жастық пен махаббат, сұлулық пен нәзіктік, шынайылық  пен  іңкәрлік, сүйіспеншілік пен адамгершілік, сенім мен сезім тақырыптарынан сыр қозғап, адамдық пен адалдықты сөз етер, сертке берік екі жастың арасындағы  ғашықтық  жырларын  шертер  «Қозы  Көрпеш – Баян  сұлу»  қойылымы – өнер  мен  өмір,  тәрбие-тағылым мектебі екені хақ... Ұлы Ғабаң  (Ғ. Мүсірепов) жазған бұл туынды–көпшілік көрерменге  оқиғасы  жағынан  кеңінен  таныс.  Дегенмен,  бұл  жолғы  Қозы Көрпеш  те,  Баян да – басқа...  Жаңа...  Жаңаны  көруге  асығыңыздар!

Орайы келгенде жастар театрында 68-ші театр маусымында қойылған жаңа туындыларды атай отырайық:

  1. «Мен,  ұмытылмаймын...»  (авт. М. Мақатаев, инсц. және реж. Б.Сейітмамытұлы)  лирикалық  драмасы – 20.02.2014 жыл;
  2. Бремен  музыканттары  (авт. Ю. Энтин, В. Ливанов, ауд. А. Көлбаева, реж. С. Қарабалин)  музыкалық  ертегісі 20.11.2013 жыл;
  3. Естайдың  Қорланы  (авт. Иран-Ғайып, реж. М. Ахманов) махаббат-нама – 18.06.2014 жыл.

Жолдаған: Гүлнәз Әділғалиқызы

Сурет: театрдың баспасөз қызметі