Театр БАҚ өкілдерін құттықтады

Театр БАҚ өкілдерін құттықтады

Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола білетін мамандардың төл мерекесі де келіп жетті. Және жыл сайынғы дәстүр бойынша қарымды қалам иелеріне жан-жақты құрмет, ілтипат көрсету науқаны басталып кетті. Сондай құрметтің бірі – бүгінгі кеш дер едік. Тоқсан жылға жуық тарихы бар қарашаңырақ – қазақтың М. Әуезов атындағы Мемлекеттік Академиялық драма театрының ұжымы өздерімен мақсаттары бір болған қауымды жинап, төл мерекемен құттықтады. Әдемі кешке "Бұқаралық ақпарат құралдары және театр" деген атау берілген екен.

Театрдың баспасөз қызметі мен шығармашылық ұжымның бастамасымен ұйымдастырылған шарада әлемдік классикадан, дәстүрлі өнерден ән шырқалып, таң-тамаша қалдырар би де биленді. Махаббат тақырыбында отты жырлар оқылып, ағылшын тілінде қойылымнан үзінді қойылды. Сахналық көріністер мен жоғары дәрежеде орындалған хорға айтар алғысымыз ерекше.


Театрдың директоры Еркін Тілеуқұлұлы БАҚ өкілдерін театр мен көрермен арасындағы "көпір" деп атап, қазіргі қазақ журналистикасына деген бағасын берді. Оның айтуынша, біздің тілшілер қауымы шетелдік әріптестеріне қарағанда жақсы жағын көп жазатынын тілге тиек етіп, бұл нашар деген бағаны білмейді деген сөзі емес екендігін ескертті. Ал театр сыншысы Әлия Бөпежанова барлық БАҚ өкілін кәсіби байланыс жасауға, сапалы туынды жазуға шақырды.

Естен кетпес әсер қалдырған әсем кештен суреттер: 



Сазды кештің соңы журналистер қауымы үшін жайылған ақ дастарқан басындағы сырласуға ұласты.

Сурет және автор: Бұлбұл Дәрібаева