Театр актерлерінің жалақысы неліктен төмен?

Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел театрларының өзекті мәселесі талқыланды. Театрдың жай-күйін сөз еткен арнайы ауқымды жиын алғаш рет өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі театр саласында күрделенген мәселелерді назарға ұсынды. «Облыстық театрдың әртістері негізінен 30-40 мың теңге ғана жалақы алады. Ал кейбір театрлардағы слесарь, сантехник, электрик сияқты жұмысшылар әртістерден әлдеқайда көп жалақы алып отыр», – деді министр Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов: «Астана театрымен салыстырғанда Алматы театр әртістерінің жалақысында көп айырмашылық орын алып отыр. Осыған байланысты бұл мәселенің орынды шешімін табуын қалар едім. Егер әртістерге пәтер бөлу мәселесіне келсек, заңдылық негізде шешімін тауып келеді. Естеріңізде болса, бұдан 2-3 жыл бұрын бұл мәселе көтеріліп, әртістерге пәтер бөлінген болатын. Бұл жөнінде бізде мүмкіндік бар, әртістерді қолдап келеміз», – деді. Ендеше, сол қолдауға көптен-ақ үміт артумен келе жатқан бір топ «Әуезовтің» актері айтарларын былай бөліседі…

 

Асанәлі Әшімов, ҚР халық әртісі:

– Бұл бастаманың Үкімет тарапынан қолдау тапқанына, қала әкімінің актерлердің жалақысын көтеріп, баспаналы болуына жәрдемдесеміз дегеніне ризалықтан басқа айтарымыз жоқ. Драма актерлері – нағыз жанкештілер.

Өнердің өтеуі болуы керек. Қала әкімі жас актерлерге баспана беруге тиіс. Үйі жоқтың, күйі жоқ. Жастар осы театрдың отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Соларға жаным ашиды.

Гүлшат Тұтова, актриса:

– Біз – театрға Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  келдік. Ол кезде басқа жүйе болатын. Үйдің кезегіне тұру үшін өтініш жазудың шарт екенін қайдан білейік, оған мән бермедік. Сонда ақылшы апаларымыз біз үшін өтінішті өздері жазып: «Мынаған қолыңды қойып, өткізіп қой. Ертең өкінесің» деп айтатын. Адамдардың бір-біріне пейілі кіршіксіз кезең еді. Біз - театрдың жатақханасында төрт жыл тұрдық. Дәл бүгінгі жастардай қиналған жоқпыз.

 

2001 жылы тікелей Елбасының қамқорлығымен баспаналы болдық. Нұрсұлтан Назарбаев «Томирис» қойылымын келіп көрді. 

Жастардың өнеріне қатты риза болып, театрға қаржы бөлді. Бағымыз жанып, театрдағы он жас отбасы Алматыдан үй алдық. Мұндай бақ екінің бірінің маңдайына бұйырмаған еді. Елбасының шын өнерді бағалаудағы көрегендігіне тәнті болдық. Қала басшысы да өнерді бағалап, театрға келіп, актерлердің жағдайымен танысар деген үміттеміз. Алматы қаласынан әртістерге үй беру – мәдени қаланың абыройын асқақататады. Драма актерлерінің жалақысын көтеруге Алматының мүмкіндігі еркін жетеді ғой деп ойлаймын…


 

Нұрлан Әбілов, жас актер:

– Театрдағы күнделікті  қойылымдарға қоғамның түрлі тобының өкілдері келеді. Ақ жағалы ағаларымыз қойылымнан әсерленіп, қол шапалақтап тұрғанда, біздің сыртымыз жылтырап тұрғанымен, ішкі жан-дүниеміз небір проблемалардың тасқынына тұншығып жататынын қайдан білсін? Театрда еңбек еткелі жеті жыл болды. Екі балам бар, тұңғышым келер жылы мектепке барады.

Балаларым кейде: «Әке, біз неге үнемі көше береміз, өзіміз үй сатып алмаймыз ба?» – дейді. «Бұйырса аламыз, әлі-ақ зәулім сарайымыз болады» деп жұбатамын. Алматыда пәтер жалдап, сағаламаған түкпірім аз. Баспаналы болу үшін Тұрғын үй департаментіне зыр жүгіріп, талай рет құжат жинап көрдік. Әртүрлі бағдарламаларына иек арттық. Жоқ, болмайды екен… Біздің жалақы оған жетпейді. Қаншама талантты жастар, достарымның көбі жағдайы менің күйімнен алшақ емес. Баспана мәселесі шешілсе, айлығымыз шайлығымызға жетсе, той-томалақ сағалап, мазмұнсыз фильмдерге түсуге зәру болмас едік. Қанша қиналсақ та, театрды тастап ешқайда кетпесіміз анық. Себебі, бізге – киелі шаңырақ қымбат!

Жасұлан Байсалбеков, актер:

– Бұл - бүгін ғана көтерілген мәселе емес, бұрыннан-ақ айтылып келе жатыр. Тек Үкімет енді ғана мойын бұрды. Облыстағы театр актерлері 30-40 мың теңгемен күнін көріп жүр. Оларға таңырқаймыз. Ал, шынтуайтына келгенде,  бізде де мардымсыз. Алматыда қымбатшылық екені тағы белгілі. Айлық  аз болғандықтан, қосымша жұмыс істейтіндер бар. Әрі-бері шапқылап жүріп, күн көреді. Ал өзге жұмысқа қыры  жоқтың, қосымша табысы да жоқ.

 

Олар бір жалақымен әупірімдеп өмір сүреді. Шынымды айтайын, бізді осы театрда ешкім ұстап  отырған жоқ. Әріптестерімнің бәрі де  киелі өнердің  қадірін біледі. Осындағы актерлердің қолынан бизнеспен айналысу келмейді дегенге сенбеймін. Талант кез келген істе де талантты ғой, басқа істі де дөңгелетіп кетеді. Бірақ өнерге деген сүйіспеншілік оған жібермейді-ау, жібермейді. Сол жанкештіліктің өтемі болса дейсің ғой...

Жолдаған: Алшын Матай

Сурет: jasqazaq.kz