Лондондағы такси көліктерінің не себепті төбесі қарапайым біз көріп жүрген машиналардың төбесінен əлдеқайда биік келетінін білесіз бе? Білмесеңіз, біз айтайық.
Ағылшын халқы ерлерінің басым бөлігі театрға барған уақытта биік қалпақ (цилиндр) киіп барады. Олар таксиге отырғанда бас киімі төбеге тиіп қалмай, ыңғайлы отыруы керек. Сол үшін таксилердің төбесін биіктеткен. Міне, қызық. Былай қарасаң, машинаның төбесін аласартып, адамдарға бас киімін шеше салған немесе баскиімді қысқарта салған – қандай тұрғыда болмасын тиімді емес пе? Жоқ, бірақ ағылшындар олай жасамаған. Себебі, теаарға баратын өздерінің қалыптасқан мəдениеті бар. Сол үшін арнайы автомобильдер құрастырған. Яғни, театр өнері, театр мəдениеті бүкіл халықты, экономиканы, өндірісті, саясатты, дизайнды толықтай өзіне бағындырып отыр деген сөз емес пе бұл? Қазір биік қалпақты (цилиндр) күнделікті киіп жүретін дəуір емес. Бұл бас киім көбіне театрға барғанда ғана киіледі оларда. Осындай күшке ие болып отырған бұл театр деген қандай өнер? Қайдан шыққан? Ол адамға не береді? Осы шағын мақала барысында бұл тақырыпқа барынша кеңінен тоқталуға тырысып көреміз.
Театр – грек тілінен аударғанда «көрініс» деген мағынаны береді. Алғашында театрда сахнадағы əрекет өз кезегінде хор арқылы, немесе түрлі басқа да іс-қимылдармен толықтырылып, комплексті тұрғыда алғанда, үлкен гармониялық аура тудырған. Көбінесе, ашық аспан астында өткен қойылымдарды көрермен жартастардың үстінде, арнайы жасалған биік құрылыстардың үстіне отырып көргенін сол заманнан қалған сəулет құрылыстарынан білеміз. Сондай-ақ ежелгі театр тек Грекия жерінде ғана емес, сондай-ақ көптеген ежелгі шығыс елдерінде, Үндістан, Қытай, Индонезия, Жапония секілді елдерде кеңінен етек жайғаны да белгілі. Орта ғасырдағы Еуропада халықтық театрдың рөлін кезбе əртістер ойнаған. Ал Еуропадағы тұңғыш кəсіпқой театр Италия маскалар комедиясы екені тарихи жазбаларда кездеседі.
Театр сонау көне Грекияда пайда болып, əртістердің ойыны, музыкалық нөмірлер, поэзия, проза, дизайн секілді бірнеше өнерлерді қамтығаны аталып өтілді. Театр осындай жан-жақтылығымен де құдыретті. Яғни бірнеше адамзаттық өнерлерді бір жерде топтастыру, ұйыстыру осындай үлкен өнердің тууына себепші болып отыр. Мысалға алатын болсақ, қойылымдағы əрбір деталь өте маңызды рөл атқарады, əртістің қимылы, табиғаты, болмысы, сөзіне оның киімі, қолданатын заттары үйлесімді болуы керек. Ал жалпы театрдың мазмұнына, мəніне оған сəйкес композиция, музыка дұрыс таңдалуы тағы бар. Мысалы, осы детальдардың үйлесімін қазақ қойылымдарының ішінде «Ай-Қарагөз» қойылымынан көруге болады. Т.Шапайдың «Дариға - дəурен» əнін қойылымға дөп түсірген.
Композитордың өмір сүретін дəуірі мен оқиғаның өрбитін кезеңі бірғасырдан астам уақыттай болады. Алайда, бұл ешқандай кедергі болмай, сол қойылым мен əн тамаша үйлесіп тұр. Бұл жерде музыкалық режиссердің еңбегін атап өту керек. Немесе «Қызыл орамалды шынарым» қойылымындағы қырғыз əні де тамаша сəйкестендірілген. Спектакль бастан аяқ қазақ тілінде болса да, сол əн арқылы қырғыз халқының рухын сезінгендей боласың. Шыңғыс Айтматов есіңе түседі. Қырғыз қойылымында отырғандай сезінесің. Ал сахнаның сәнделуінің өзі - бір өнер. Сондықтан театр өнері барша өнердің ұйысқан жері деп сеніммен айта аламыз.
Театр қойылымдары пьесаның мəтіні бойынша, режиссердің, əртістің, суретшінің, композитордың жұмысынан құралады. Жалпы қойылымның негізі драматургиядан басталады. Тіпті қойылымда мүлдем сөз болмағанның өзінде мəтін өте қажет деталь. Ал сол драматургияны сахналау – кəдімгі бір тілден екінші тілге аударғандай процесс. Ал оның көрерменге жетуі мүлдем басқа жағдай.
Осы арада театрдың бірнеше түрге бөлінетінін айта кетейік: драмалық, опералық, балет, пантоним, қуыршақтар театры, көлеңкелер театры, жəне басқалар. Олардың əрқайсысының өзіне тəн детальдары, ерекшеліктері, элементтері, талғамы бар. Сондай-ақ əрқайсысы өзінің типіне, мəніне, қойылуына, орындалуына байланысты əртүрлі формаларға да бөлінеді. Оларды тізбелейтін болсақ, оннан асады. Біздің мақсатымыз, олардың əрқайсысына жеке тоқталып, мəнін ашу емес, тек театр өнерінің басты детальдарына тоқталу болғандықтан, бұл тақырыпты тағы бірде қаузаған жөн шығар.
Ендігі кезекте, театрдың адам өміріне байланысы, рухани əлемге байланысы жайында әңгімелемекпіз. Шын мəнінде қарасақ, Жүсіпбек Аймауытов айтқандай «... театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны». Иə, рас, себебі, онда ізгілік пен махаббат, зұлымдық пен қиянат секілді қасиеттердің арақашықтығын, олардың айырмасын көрсетеді. Зұлымдықтарды сынай отырып, адамдарға ізгілік жолын, имандылық жолды көрсетеді. Театр өнерін жинақтаушы, ұйыстырушы, тек қана əртістер мен режиссерлер, суретшілерді, драматургтарды, композиторларды ғана емес, сонымен қатар көрерменмен диалог тудырушы өнер ретінде тану керек. Бұл өте маңызды. Жалпы театр өнері тек көрерменді ғана емес, сол өнер адамының өзін, тіпті əлемді өзгертеді. Мүмкін өнердің мақсаты да осы шығар: адамды өзгерту жəне əлемді тану...
Мұхтар Əуезов өзінің «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» деген мақаласында «...театр өнерінің ұрығы елдің әдет-салтынан, ойын-сауығынан, өлең-жырынан басталған. Театр өнерін туғызатын жайлы топырақ, қолайлы шарт елдің өз денесінен шыққан» - дейді. Адам өзін-өзі сақтап қалуы үшін, рухани құндылықтарына кір жақпас үшін, үнемі театрдан сабақ алып отыруға тиісті. Ал Шәкен Айманов «Театр – адамдарды туыстыратын шығармашылық отбасы» - деп зор баға берген.
Немістің танымал режиссері Михаиль Тнельхаймер "The New Times" газетіне берген «Егер қоғамда жара болса...» деген сұхбатында: «Егер қоғамның жаны жаралы болса, театр оны «бəрі жақсы болады» деген желеумен емдеуге тиісті емес, керісінше, сол жараны нұқып көрсетуі керек, қаттырақ айтсам, сол жарасына саусағын батыру керек. Ауырту керек. Сол кезде ғана театр көрермен алдындағы өз борышын өтейтіні анық» - дейді.
Көптеген адам театрдан гөрі кинематографияны ұнатады. Кино мен театрдың айырмашылығы: театрлық қойылымды сіз өзіңіз көресіз, ал киноны сізге көрсететінін ұмытпау керек. Тіпті кейде театрдың болашағына алаңдайсың да. Алайда, əлденеше ғасырды жүріп өткен театр өнері уақыттан, жаһанданудан қорықпайды. Сөз жоқ, театрдың өз аудиториясы бар. Дей тұрғанмен, театрды өз ауқымымен жауып келе жатқан субмəдениет формалары үлкен үрей туғызары анық.
Біріншіден, театрлар заманға байланысты заманауи түрге көшіп келеді. Соның салдарынан кейбір құндылықтар, яғни театр құндылықтары, театр мəдениеті сəл кері кетіп бара жатқандай. Сондай-ақ, сөздің таяздығы, ойдың тарлығы нағыз көрерменді де, жаңадан келген көрерменді театрдан көңіл үзуге итермелейді.
Екіншіден, театрға бару үшін адам дайын болуға тиіс. Алайда, қазіргі тірлік тұқыртып, қыспаққа алып тұрғанда, адамдарға театр көруге уақыты бола бермейді, немесе жағдайы келіспейді. Яғни, сананы тұрмыс билеген уақытта рухани құндылықтар туралы ойлану өте қиын.
Үшіншіден, киноматография мен бұқаралық ақпарат құралдарының да әсері зор. Адамдар театрға барғаннан көрі, жоғарыда аталған құралдарды тұтынуға көбірек қабілетті. Өйткені, адамдар оңай нəрсені жақсы қабылдайды. Кино мен бұқаралық құралдар адамды үйден шықпай-ақ көңілін көтеруге жағдай жасап отыр.
Алайда, бұл айтылғандар театрдың болашағы жоқ дегенге ешқандай да дəлел емес. Театр өлмейді де, оны ешкім өлтірмейді. Мұхтар Әуезовтің сөзімен ойымызды қорытындылайтын болсақ, «Театр - сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі».
Айтпашқы, бүгін (27 наурыз) – халықаралық театр күні. Бұл күн – театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, күллі өнерсүйер қауымның төл мерекесі. Сахна саңлақтарының кәсіби мейрамы 1961 жылдан бері тойланып келеді. Барша театр өнерпаздарын мерекелерімен құттықтаймыз.