- Негізгі бет
- Театр
- «Тарихи фотосуреттер» республикалық...
«Тарихи фотосуреттер» республикалық байқауына фотосуреттер қабылдау жалғасып жатыр
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жариялаған «Тарихи фотосуреттер» республикалық байқауына фотосуреттер қабылдау жалғасып жатыр. Байқау Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, ҚР Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқаудың мақсаты – қазақ тарихының аса маңызды оқиғаларына қоғам назарын аудару, осы арқылы жас ұрпақтың туған елінің болашағы мен төл тарихына деген құрметін арттыру.
Фотобайқау 2015 жылдың 30 қазанына дейін жүргізіледі. Ал жеңімпаздарды марапаттау 2015 жылдың 20 қарашасына дейін өтеді. Байқау жүлдесі – 1-орын 200 мың теңге (оған қоса, 1-орын иегерінің фотоларынан Ұлттық музейде жеке фотокөрмесі ұйымдастырылады), 2-орын 200 мың теңге, 3-орын 100 мың теңге. Байқау қорытындысына сәйкес Ұлттық музейде тарихымыздағы атаулы даталардың фотоқұжаттар мұрағаты жасалатын болады.
ҚР Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен өтетін «Тарихи фотосуреттер» республикалық фотобайқауының ережесі:
Байқаудың тақырыбы: Қазақ хандығының 550 жылдығы; Жеңістің 70 жылдығы; ҚР Конституциясының 20 жылдығы; Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы;
Байқаудың шарттары:
1. Байқауға кәсіби және әуесқой фотографтар қатыса алады және жасына шектеу қойылмайды.
2. jpg (jpeg) форматындағы түпнұсқа фотосуреттер қабылданады. Көлемі 300х1200-ден кем болмауы керек.
3. Байқауға ақ-қара түсті суреттер де қабылданады.
4. Фотоколлаж, арнайы эффектілермен өңделген фотосуреттер қабылданбайды.
5. Байқауға сапасыз, талапқа сай келмейтін фотосуреттер қатыстырылмайды.
6. Байқауға қатысушы әрбір тақырып бойынша 3 фотосуреттен, барлығы 12 фотосурет жолдауы тиіс.
7. Фотосуреттер қатысушы жайлы толық ақпаратпен (аты-жөні, тұрғылықты жері, жұмыс орны, байланыс телефондары, фотосуреттің тақырыптық атауы, қайда, қашан түсірілгені туралы т.б) қоса электронды поштамызға жіберілуі тиіс.
8. Байқауға фотосуреттер жіберу арқылы қатысушы байқау ережесінде көрсетілген барлық талаппен келісетіндігін растайды. Яғни, байқауға қатысушы өзі жайлы ақпараттардың және оның фотосуреттерінің жариялануына қарсы еместігін мақұлдайды. Қазақстан Республикасының Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңның талаптарын толықтай сақтайтынына кепілдік береді. Авторлық құқық мәселесіне байқауға қатысушы тарап жауапты.
8. Суреттер арнайы мамандардан жасақталған қазылар алқасымен іріктеліп алынады.
Байқауға қатысатын фотосуреттерді іріктеу шарттары:
* Байқау ережесінде көрсетілген барлық тақырыптың қамтылуы;
* Көркемдік шешімнің сонылығы, байқау тақырыптарын ерекше жеткізу;
* Фотосуреттің сапалылығы: бейненің анықтығы, дәлдігі;
* Фотосуреттерді әзірлеудегі кәсіби көркемдік талғам.
Байқау жүлдесі:
1-орын 200 мың теңге (оған қоса, 1-орын иегерінің фотоларынан Ұлттық музейде жеке фотокөрмесі ұйымдастырылады)
2-орын 200 мың теңге.
3-орын 100 мың теңге.
Байқаудың мерзімі:
Байқау ІІІ кезеңнен тұрады.
І-кезең. Фотосуреттерді байқауға қатысушылардан қабылдау – 2015 жылдың 16 ақпанынан 30 қазанына дейін.
ІІ-кезең. Фотосуреттерді іріктеу, бағалау – 2015 жылдың 10 қарашасына дейін.
ІІІ-кезең. Фотобайқау жеңімпаздарын марапаттау – 2015 жылдың 20 қараша күні өтеді.
Ұйымдастыру комитеті және байқаудың қазылар алқасы:
1. Байқаудың ұйымдастыру жұмыстарын Байқаудың қазылар алқасының қызметін атқаратын Ұйымдастыру комитеті жүзеге асырады. Ұйымдастыру комитетінің құрамын Ұлттық музей директоры бекітеді.
2. Ұйымдастыру комитеті ұсынылған материалдарға талдау жасап, бағалап, ең үздік материалдарды анықтайды және Фотобайқаудың жеңімпаздарын марапаттауды ұйымдастырады.
3. Қазылар алқасы тарихшы-ғалымдар, белгілі кәсіби фотографтардан жасақталады.
4. Қазылар алқасы қатысушылардың жұмысын фотобайқаудың барлық тақырыбы бойынша бағалайды.
5. Қазылар алқасының әрбір мүшесі қарастырылған жұмыстар бойынша хаттама толтырады.
6. Ұйымдастыру комитеті қосымша номинацияларды, арнайы жүлделерді, ынталандыру дипломдарын жариялай алады.
Қ. Бүйенбай