Қаңтар айының отызыншы жұлдызында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» новелласының желісі бойынша дайындалған сахналық туынды көрерменге жол тартпақ.
Жаңа қойылымның қоюшы-режиссері – Алма Кәкішева, ал қоюшы-суретшісі – Қабыл Халықов.
Таңсұлу – бір үйдің сүткенжесі, бәйбішенің әлдилеп күтіп-бағып отырған көзінің ағы да, қарасы да өзі. Атына заты сай он жасар Таңсұлудың тағдырының осыншама ауыр екенін кім білген? Бәрі де бақсының мына бір сөздерінен басталады:
"Әйел затына сұлулық бақытқа қоса қасірет әкеледі, бәйбіше, баланың жолы күншығысқа да, күнбатысқа да бастап тұр. Анық-қанығын менің құмалақтарым аша алмай, қиналыста отырмын. Байқаймын, балаңыз өзінің алдағы өмірін өңінде көріп, болжағанға ұқсайды. О, ғажап, мұндай да болады екен-ау! Таңсұлу – қайыршы кемпір! Жо-жоқ, сірә тамырым тартылып, қаным суалып, қартайдым білемін. Бәйбіше, жарытып айтар түрім жоқ. Тек бүгіннен қалмай бұл ауылдан қоныс аударған жөн. Таңсұлуды көрсем, сандырақтап ойыма әлденелер түсе берер..."
Тұтқынға түскен Таңсұлу ару көз құрты болған сұлулығын өз еркімен тәрк етеді. Ұрпағын аман сақтап, махаббатына да қылаң түсірмейді. Қанша қиын күн туса да, мойымай, ұлына бабалар рухын жырлайды. Таңсұлу – қазақ қызы. Таңсұлу – тектілік пен намыстың нышаны...
Осынау жауапкершілігі мол рөлді мойнына алып отырған Салтанат Бақаева былай дейді:
– Менің кейіпкерімнің шаш өрімінің өзі ерекше, оның киімдері тіптен ғажап, ал Таңсұлудың қайтпас қайсарлығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қалмақтың дегеніне көнбей, намысын қорлатпай, өзін-өзі құрбан ететін Таңсұлудың ерлігін қазіргі заманның бойжеткені қайталай алады деп ойламаймын. Екінші жағынан Таңсұлу – жетігенде де, домбырада да ойнайтын дарын иесі. Оқиға XVІІІ ғасырда өтетіндіктен, бәрін де сол заманға сай жасауға тырысып бақтық. Қойылымның декорациясы театр тарихында болмаған дей аламын. Өзіндік тілі, демі бар қойылым болайын деп тұр. Жалпы мен өзімді лирикалық-драма актері деп санаймын, сондықтан, жауапкершілік артылғаннан кейін, өзімді барынша сындырып, ержүрек қыздарға тән мінезімді шығаруға талпынып жатырмын. Актер табиғатына жат нәрсені істеген сайын өседі, ізденеді, өзін тәрбиелейді. Сол себепті, рөл мен үшін өте маңызды, Таңсұлуды сомдайтыным үшін бақыттымын десем артық емес. Режиссер бұл рөл туралы маған бір жарым жыл бұрын айтқан еді. Сол сәттен бері іштей дайындалғаныммен, дайындық жұмыстары оңайға соқпады. Ендігі бағаны көрермендер береді деп ойлаймын.
Ал қойылымға арнап қайталанбас сценография жасап, оған жан бітіруге талпынып жүрген қоюшы-суретші Қабыл Халықов:
– «Таңсұлу» қойылымы – өзінің бір сұлулық ерекшелігі, сахнаға бейімділігі арқасында тың сценография жасауға мүмкіндік беріп тұр. Бұрынғы, қазіргі заманды және болашақты, яғни, үш кеңістікті тоғыстыру үшін видеожоба, 3D әсерлер, голография қолдануға тырыстық. Басты мақсат – қазақтың фольклорлық, этнографиялық мұрасын көрсету, қазақы мәдени кеңістікті көрермен алдына әкелу, жас ұрпаққа үлгі ету. Сахнада жетіген, қылқобыз, сыбызғы, сырнай ойналып, сылдырмақ тартылады, жанды дауыста ән айтылады. Қазақ батырларының қайталанбайтын киімдері, Таңсұлудың төрт метрлік кестелі сәукелесі көп нәрседен хабар береді. Қазақ-қалмақ биін танымал биші Шұғыла Сапарғалиқызы арнайы қойып берді. Бір жағынан М.Әуезов театры ұлтымыздың мәдениетін одан әрі байыта түсетіндей осындай бір өрнекті, қазақы спектакльді керек еткендіктен, осы қойылымды қолға алдық. Қазақы қойылымдар жоқ емес, бар. Бірақ, көрермен көкейінде әлі де болса жапсырмалар секілді қабылдана бермейтін, қазақы болмысқа ұқсамайтын ою-өрнектер бар екен. Біз осының бәрін есептеп, бұрын-соңды болмаған ұлттық бояу, қайталанбайтын бейнелер енгіздік. Әсемдік пен мағыналылықты үйлестіру – осы «Таңсұлуда» іске асты. Сондықтан, «Таңсұлу» – театр мақтанышына, жетістігіне айналады деп сенемін, -дейді.
Осыған дейін бірнеше қойылымды сахнаға әкеліп, көптеген байқау жүлдегері атанып жүрген Алма Кәкішева көрерменді "Таңсұлуымен" таңғалдыра алады деп сенеміз. Бағасын бірге берейік, театрсүйер ағайын!
Драма 30 қаңтардан кейін, 1, 6, 12 ақпан күндері де көрермен назарына ұсынылады.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Театрдың баспасөз қызметі