9 қаңтар күні дарынды бес дос-вокалист «Астана Опера» театры камералық залының сахнасына өнерін көрсетуге шығады, − деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, сопрано – Жаннат Бақтай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, меццо-сопрано – Дина Хамзина, халықаралық конкурстардың лауреаты, тенор – Мейір Байнешов, халықаралық конкурстардың лауреаты, баритон – Евгений Чайников, халықаралық конкурстардың лауреаты, Эссен (Алмания) Aalto-Musiktheater солисі, шақыртылған бас-баритон – Бауыржан Әндіржанов.
Әншілер түрлі стильдің және дәуірдің ариялары мен дуэттерін шырқайды. Концертте шетелдік, қазақ және орыс композиторларының шығармалары орындалады.
Бауыржан Әндіржановтың айтуынша, жиналған вокалистердің негізгі мақсаты – тамаша опера әлемінің бар бояуы қанық музыкалық көркемдігін паш ету.
Концерттің авторы Елена Сахно репертуарында шығармалар көлемі жетіп артылатын музыканттармен жұмыс жасау қашан да қуантатынын айтады.
Фортепиано партиясын «Астана Операның» бас концертмейстері, халықаралық конкурстардың дипломанты, Мәдениет қайраткері Елена Сахно орындайды.
Билет бағасы 1500 теңге, концерт 19:00-де басталады.
Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі