«Сыған серенадасы» - театр сахнасындағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Оның өресі кең, құпиясы ашылмаған. Вальс королі әйгілі Шәмші рухына бағышталған бұл туынды сазгердің тағдырын бейнелейді.
Белгілі ақын, сазгер, драматург Исраил Сапарбай драма саласына кеш келгенімен, «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын дүниеге әкелген. Бұл қойылым Қазақтың М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында көрсетілген соң, Қазақстанның басқа қалаларындағы өнер ордаларының репертуарларынан орын тапты. Қара шаңырақта шығарманың сахналауына Есмұхан Обаев пен Төлеубек Аралбай ықпал етті.
Шәмшінің сезім серпілтер көп шығармаларының ішіндегі «Сыған серенадасы» әнінің болмысы бөлек. «Сыған серенадасы» ұлы сазгердің көзі тірісінде кеңінен тарала қоймаған. Көп ұзамай бұл әнді сахна төріне әнші Тоқтар Серік алып шығады.
Атақты адам жайлы аңыздар көп-ақ. Бәзбіреулер Шәмші табырда жүргенде сыған қызы Изольдаға сырттай ғашық болып, туған десе, біреулер ол сығандармен өмір сүрген дейді.
Шәмші ғұмырының соңғы жылдарында ауруханада көп жатқан екен. Күндердің күнінде қал-жағдайын біліп, Исраил Сапарбай барып, «Сыған серенадасы» әнінің туу тарихын сұрайды. Өткен күндерді еске алғысы келмеген Шәмші ақын інісіне былай деп жауап қатыпты: «Ол ұзақ әңгіме. Мені қинамашы. Мен оқудан шығып қалғанда, төрт-бес жігіт сыра ішіп, вокзал жақта жүрдік. Алдымыздан үш-төрт сыған қызы шығып, табырға шақырады. Екі-үш табырда жүрдім. Осыдан басталды барлығы, айналайын». Кейін Исраил Сапарбай біраз ақпараттарды арқау етіп, өз қиялына ерік беріп, шығарманы жазып шығады.
Суреттер: kazpravda.kz, westkaz.kz