- Негізгі бет
- Театр
- «Шыңғысхан» спектаклі хореограф...
«Шыңғысхан» спектаклі хореограф көзімен
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары «Бейбітшілік жəне Келісім сарайында» көптен күткен "Шыңғысхан" хореографиялық спектакльінің премьерасын тамашалады.
Қойылым алдындағы баспасөз конференциясына тарих ғылымының докторы, түрколог, қойылымның ғылыми кеңесшісі Қаржаубай Сартқожа,Қарағанды облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы, ҚР мәдениет қайраткері Еркебұлан Ағымбаев, Моңғолиядан қоюшы хореограф Тугсуу Тумурхуяг қатысып, БАҚ өкілдеріне терең мағлұматтар берді.
Өзге қойылымдардан өзектілігімен ерекше болған бұл спектаклге халықтың да ықыласы ерекше болды. Би өнерін дәріптейтін көрермендер қойылымды зор құрметпен қабылдады. Қойылымға қоғам қайраткерлері, өнер адамдары мен театрдың өзге аймақтарынан қолдаушылары келді.
Шыңғысханның бар ғұмырын небəрі он екі көрініске сыйғызған "Наз" би театрының жаңа туындысы үлкен еңбектің нәтижесі. Қоюшы хореограф Тугсуу Тумурхуягтің айтуы бойынша ұжым қойылымға төрт жылдан бері, яғни 2015 жылдан бастап білек сыбана кіріскен. Кәсіби орындаушылар мен нағыз мамандардың маңдай терімен келген дүние ойдағыдай шықты.
Қойылым іс-əрекетке құрылғандығына қарамастан көрерменге түсінікті болды. Ал, спектакльге көрермен ретінде емес, хореограф ретінде келген кәсіби мамандардың ойы біз ойлағандай болмай шықты. Халық үшін таңдай қақтыларлық өзгеше әсер қалдырған Шыңғысхан спектакліне би шеберлерінің сыни көзбен қарап, өз пікірлерін білдірді.
Солардың бірі балетмейстер Әсел Асылбек: «Қойылымды хореограф көзімен қарасаңыз, хореографияға қарағанда мұнда ым-ишара амалдар өте көп кездесті. Сондықтан қай жанр екендігінде ажырату мен үшін қиынға соқты. Толықтай би жанрындағы спектакль деп те, театрландырылған қойылым деп те айталмаймын, мүмкін екі жақты тепе-теңдік сақталып тұрған спектакль болып есептелер. Екінші кемшін тұсы "хореографияда" көбінесе аяқ қозғалысына арналған қимылдар өте аз болды. Мен бұның барлығын хореограф ретінде, профессионал ретінде айтып отырмын, ал халықтың қалай қабылдағанын мен білмеймін. Пікірлер сан алуан болуы мүмкін. Ал, хореограф ретінде ым мен ишара емес дене қозғалысы көп болғанын қалар едім. Ал финалдан ерекше көрініс көремін деп күткен едім. Өкінішке қарай, өзім күткен көрініс болмады».
Кәсіби мамандардың сын айтуы – заңдылық. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Кәсіби сын айтылғанда ғана өнеріміздің өрісі кеңіп, кәсібилігіміз арта түсері сөзсіз. Жиырма жылдық тарихы бар «Наз» мемлекеттік би театрына ұлттық биіміздің мәртебесін көтеріп, еліміздің абыройын арттыра беріңіздер демекпіз.
Т. Есқали