11 және 12 сәуірде «Астана Опера» театрының негізгі сахнасында Б. Асафьевтің бірінші драмалық балеті - «Бақшасарай бұрқағының» тұсаукесері өтеді. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық хореографтар, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева және әлемге аты шыққан суретші-сценограф Эцио Фриджерио, сондай-ақ костюм жөніндегі суретшілер Франка Скуарчапино мен Софья Тасмағамбетова үлкен қойылымды жүзеге асыруға білек сыбана кірісті.
Бұл осымен қазақстандық және итальяндық шеберлер қолға алған екінші жұмыс, тура бір жыл бұрын олар көпшілік назарына, орасан зор табысқа бөленген П. Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін ұсынған еді. Бұл жолы көрерменді не күтіп тұр?
Александр Сергейұлы Пушкиннің польшалық князьдің қызы Мария, татардың Гирей ханы мен оның сүйікті жұбайы Зарема жайлы жазған дастанындағы сюжеттің желісі – Шығыс пен Батыстың ұлттық дәстүрінің бір-біріне ұқсамайтындығы, махаббат үшбұрышы мен қайғылы аяқталатын адамдар тағдыры, балетке негіз болған. Татардың қатыгез қолбасшысы Гирей хан Польшада сойқан салады. Кезекті шапқыншылық кезінде ол әскерімен келіп, князь қызы Марияның туған күніне орай өтіп жатқан салтанатты кеште польшалық қамалды басып алады. Жергілікті халықты қырып салған Гирей хан, Марияны көргенде райынан қайтып, ессіз ғашық болып қалады. Сұлулығы күн нұрымен таласқан нәзік тұтқынды Бақшасарайға алып келеді, сол жерде Мария, жас поляк қызының кесірінен бірінші әйел дәрежесінен айырылған Гирейдің сүйікті жұбайы – Заремаға кезігеді. Гирей хан болса, Мариядан өзін ұнатуды жалынумен болады, жас қыз салқынқандылық танытады. Үлкен басы кішірейген Гирей хан кеткен кезде, жататын бөлмеге Зарема келеді. Ол тұтқын қыздан ханнан бас тартуды талап етсе, Мария Гирейді ешқашан сүйе алмайтынын түсіндіруге тырысады. Алайда Марияның бөлмесінен ханның ұмытып кеткен тақиясын көрген Зареманың қызғанышы басына шауып, жас қызды өлтіріп қояды. Гирей ханды жұбату мүмкін емес еді.
Балеттің хореографиясындағы классикалық бидің шығыс биіне қарама-қарсы қойылуы, екі әлемнің бір-біріне ұқсамайтындығын айрықша көрсетеді. Спектакльге «Астана Опера» балетінің құрамы толық қатысады. Барлық солисттер, кордебалет, оның ішінде миманс әртістері де ат салысады, олардың әрқайсысы – жеке кейіпкер, көрсетілетін драмаға қатысушы.
Шақыртылған итальяндық суретші Виничо Кели жарықпен жұмыс жасаса, 3D әсер беру жағына проекция жөніндегі суретші Серджо Металли жауапты.
«Бақшасарай бұрқағы» балеті тұңғыш рет 1934 жылы С.М. Киров атындағы Ленинград опера және балет театрында (Мариинский театры) қойылды, қоюшы хореографы КСРО халық әртісі (1969), бірінші дәрежелі Сталин сыйлығының екі мәрте лауреаты Р. Захаров болды.
Билет бағасы 500 теңгеден басталады. Спектакль 1 антрактіден тұрады, 2 сағат 30 минут жүреді.
Сурет: Карла Нур