Биыл ғалымның туғанына 180 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры маусым айының 19-20 аралығында 18.30-да «ШОҚАН» драмасының премьерасын өткізеді, — деп хабарлайды El.kz порталы.
Аталмыш туынды қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқанов пен бірқатар драмалық туындылардың авторы Шота Уәлихановтың шығармаларының негізінде сахналанбақ. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.
Қазақ халқының біртуар перзенті, ағартушы, ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың кадет корпусындағы өмір көріністері мен ғұмырының соңғы сәттері қойылымның мазмұнына арқау болып отыр. Басты кейіпкердің ішкі жан дүниесімен сырласуы, айналасындағы жақындарының, достарының бейнелерімен сұхбаттасуы спектакльде кеңінен суреттелмек.
Қойылымдағы басты кейіпкер кадет Шоқанды театрымыздың жас актерлері Жанат Оспанов пен Бауыржан Сұрапбаев сахналаса, Шоқанды бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, отандық кино өнерінде бірнеше басты рөлдерді сомдап жүрген театр артистері Қуандық Қыстықбаев пен Ержан Нұрымбетов бейнелейді.
Сондай-ақ, спектакль барысынан бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген театр артистері, Қазақстанның Халық артисі Т. Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Б.Ыбраев, Ж.Төленбаев, Л.Бекназар-Ханинго, А.Нөгербек, Н. Өтеуілов, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері С. Қашқабаев өнер көрсетеді.
Шоқанның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі аса зор. Орыс географиялық қоғамы басып шығарған Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Николай Иванович Веселовский: «Шоқан Уәлиханов Шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарық етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті!» деп жазды.