М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай белгілі жазушы, драматург Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» сахналанады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
Премьера 11, 12, 17 сәуір күндері өтеді. Спектакль ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың режиссерлығымен халық назарына ұсынылады. Әдеби шығарманың негізінде жазылған драманың авторы – Еркін Жуасбек. Режиссерге Қазақстанның халық артисі Гүлнәр Жақыпова ассистенттік етеді. Туындының қоюшы суретшісі – Мұрат Сапаров, композиторы – Шырын Базарқұлова. Пластикалық композицияны Гүлнәз Бахарова қойса, биін Гюзель Мұхамеджанова дайындады. Режиссердің көмекшісі - Гүлнәр Сейтімбет.
Айшаның ролінде Дәрия Жүсіп ойнаса, Қамқа ролін Гүлнәр Жақыпова сомдайды. Жазушының прототипі - Барысхан ролінде Елжан Тұрыс, ал Мұртаза ролінде Жалғас Толғанбай өнер көрсетеді.
Спектакль жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі бойынша қойылады.
Сонау сұрапыл соғыс жылдары майданның барлық ауыртпалығын бастан өткерген ауыл адамдары, соның ішінде - «халық жауы» атанып, айдауда ғұмыр кешкен отағасының аманаты - үш балапанын қалайда аман-есен жетілдіруді мақсат еткен Айшаның отбасы бейнеленеді. Алапат соғыс, ел ішінде де аштық, шарасыздық. Жау жағадан алғанда соғыстан бой бұғып қалған қорқаулар етектен тартқылап, осы аласапыранда қарлығаштай шырылдаған Айша жанталасып, тіршілік үшін күресуде. Бұл - жалғыз Айшаның тағдыры емес, ел тағдыры. Елдің өшпес өршіл рухы бұл жолы да жасампаз. Спектакль - жеңіс үшін, өмір-тіршіліктің жалғасы үшін тылда жан аямай еңбек еткен барлық Ана мен баланың, кейуаналар мен аталарымыздың ерен ерлігіне тағзым.
Премьераға Алматының сегіз ауданынан соғысқа қатысқан ардагерлер арнайы шақырылып отыр. Қойылым алдында театр әкімшілігі ардагерлерді Жеңістің 70 жылдығы мерекесімен құттықтап, сый – сияпат көрсетпек.
Сурет: auezov-teatr.kz