Шәкен Аймановтың шығармашылыққа толы 20 жылы театрмен байланысты. Оның өмірі Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік театр сахнасында өтіп, қазақтың шығыс пен батыс классикалық драматургияларынан керемет бейнелерді сахнада сомдады.
Театр сахнасында ол М. Әуезовтің "Қобыланды" спектаклінде Қобыланды, Ғ. Мүсіреповтің "Ақан сері – Ақтотысындағы" Ақан, "Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы" Қодар, М. Әуезов пен Л. Соболевтің "Абайындағы" Керім, Ш. Құсайыновтың "Алдар Көсесіндегі" Алдар, Гогольдің "Ревизорындағы" Хлестаков, Погодиннің "Мылтықты адамындағы" Шадрин, Островскийдің "Найзағайындағы" Тихон, Шекспирдің "Асауға тұсауындағы" Петручио, "Оттеллосындағы" Отелло секілді ірі-ірі бейнелерді зор актерлік шеберлікпен орындап, қазақ театр тарихында ұмытылмастай із қалдырды.
Сахнада Шәкен Айманов тұлғалаған образдар туралы оның туған інісі, көрнекті актер Кәукен Кенжетаев "Дархан дарын" деп аталатын кітабында көптеген оқиғадан естеліктер келтірген. Бір жолы мынадай оқиға болса керек:
Шәкен Айманов соғыс жылдары кезінде театр сахнасында Амангелді рөлін ойнаған. Көрермендер сахна кейіпкерлерімен бірге күліп, бірге жылап, бірге қуанып, оқиғаға қатты беріліп араласқаны сонша – Амангелді – Шәкен Айманов шаршағасын сәл тынығу үшін шапанын жайып жіберіп жата кетеді. Оның күзетшісі Амангелдінің ұйқысын бұзбау үшін сыртта біраз жүріп келуді ұйғарады. Сол сәтте жалғыз ұйықтап жатқан Амангелдіні күзету үшін көрермен арасынан бір офицер жүгіріп шығып, тапаншасын жауға кезеніп, шылымын шегіп, тапжылмастан үнсіз отырып алады. Әртістер де, көрермендер де аң-таң болады. Ештеңе түсіне алмай абыржыған әртістер офицерге сахнадан кетуін ымдайды. Ал офицер болса кететін түрі жоқ. Сахнаны жабуға тура келеді. Сахнадағы ойынға шынайы шынайы берілгені сонша шындық деп қабылдаған офицер: "Ана күзетшілерің дұрыс жасамады. Постты тастап кетуге болмайды, жаулар Амангелдіні өлтіріп кетсе қайтесіңдер? Бұл устав бойынша дұрыс емес", - деген екен. Амангелдіні жаулар атып өлтіргенде, залда отырған халық көз жасын сүртіп, шынымен қайғырып, сахна әртістерінің ойынына сеніп қалатын.
Шәкен Айманов жасаған бейнелердің ішінде "Асауға тұсаудағы" Петручио ерекше орын алады. Бұл спектакль қазақ көрермендеріне соншалықты жақын, әрі түсінікті. Оған данышпан жазушымыз М. Әуезовтің, В. Шекспирдің тілін қазақ тіліне тамаша аударуы, екі данышпанның ой жүйесінің бір жерден шығуы басты себеп екені болса керек.
Петручио – Шәкен Айманов. Катарина – Хадиша Бөкеева. Серіктес болып ойнауы спектакльді әрлендіре түскен. Шәкен Айманов Петручио рөліне аса құштарлықпен ілтипатпен қарап, әркез ұзақ дайындалып, жауапкершілікпен қараған.
Мұхтар Әуезов В. Шекспирдің "Отеллосын" қазақ тіліне аударуы қазақ драма театрының спектакльдерін байыта түсті. Отелло рөлін Шәкен Айманов шебер орындады және актердің үлкен табыстарының бірі болды. Ол В. Шекспирдің 400 жылдық мерекесіне арнайы Англияға шақырылып, Шекспир театрында Отеллоны ойнады. Отеллоның монологін қазақ тілінде естігенде, атақты ағылшын актері әрі режиссері Лоуренс Оливье ағылшын тілінен кем шықпай тұрғанын аңғарып, әдемі қазақ тіліне таң қалады.
1945 жылдан Шәкен Айманов театрда режиссерлік жұмыспен айналысады. Өзінің режиссерлік жұмысында актермен жұмыс істеп, автордың ойын актер арқылы жеткізуді мақсат етіп қояды.
1947 жылы драмтеатрдың бас режиссері болған кезде театр жұмысына кірісіп, қазақ авторлары Ә. Әбішевтің "Достық пен махаббат", "Бір семья", Ғ. Мұстафиннің "Миллионер", орыс жазушылары Н. Погодиннің "Мылтықты адам", А. Корнейчуктың "Қайыңды тоғай" шығармаларын сахналады. Осыдан кейін орыс классигі А.Н. Островскийдің пьесаларынан "Найзағай", "Таланттар мен табынушылар" спектакльдерін алғаш рет қазақ сахнасына шығарды. Қазақ драма театрының репертуары кеңи түсті. Театрдың өсу жолындағы үлкен жетістігі 1949 жылы қойылған "Абай" спектаклі болды. Спектакльді қоюшы режиссер – Шәкен Айманов, басты рөлдерде ойнаған актерлер – Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Қ. Бадыров, Р. Қойшыбаева, Х. Бөкеева. Көрермен жұртшылық бұл қойылымды қуана қарсы алып, жоғары бағалады.
1952 жылы "Абай" спектаклі КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды.