Талантты қазақстандық балет әртісі, «Астана Опера» театрының солисі Серік Нақыспеков «Сібір бас жүлдесі» халықаралық балет байқауында ІІ сыйлық лауреаты атанды.
Краснояр театрының сахнасында Серік Нақыспеков А.Аданның «Корсар», Х.Левенсхольдтің «Сильфида», Ц.Пунидің «Эсмеральда», Б.Асафьевтің «Париж жалыны», Л.Минкустың «Баядерка» сынды классикалық балеттерден вариациялар және өзі шығарған «Еске алу» хореографиялық миниатюрасын орындады. Оны байқауға Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, педагог-репетитор Константин Заклинский дайындаған.
Белгілі франциялық хореограф, Париж операсы балетінің бұрынғы директоры Бриджит Лефевр төрайымдық еткен әділ қазылар алқасы мүшелігіне әлемдік балеттің қайраткерлері енді, олар: КСРО халық әртісі, «Орыс балеті» театрының көркемдік жетекшісі Вячеслав Гордеев (Ресей); педагог, Бостон балетінің көркемдік жетекшісі Микко Ниссинен (АҚШ); Қытай халық әртісі, ҚХР хореографтар одағының төрайымы Чжао Рухень (Қытай); София опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Сара-Нора Кристева (Болгария); хореограф, Бодрумдағы Халықаралық балет фестивалінің көркемдік жетекшісі Саадет Зейнеп Сунал (Түркия); Ресейдің халық әртісі Валерий Анисимов және тағы басқалар. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» балет труппасының директоры Тұрсынбек Нұрқалиев қазылар алқасы мүшелігіндегі еліміздің өкілі болды.