- Негізгі бет
- Театр
- Сібірдегі қазақ жеңісі...
Сібірдегі қазақ жеңісі
Талантты қазақстандық балет әртісі, «Астана Опера» театрының солисі Серік Нақыспеков «Сібір бас жүлдесі» халықаралық балет байқауында ІІ сыйлық лауреаты атанды.
Байқау аса көрнекті композитор С.Прокофьевтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған, IV Халықаралық «ХХІ ғасыр балеті» форумының аясында өтті. Қазанның соңында аяқталған І іріктеу кезеңінен (сырттай) мүдірмей өткен Алмания, Италия, Жапония, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Украина және тағы басқа елдердің бишілері, 8-12 қараша аралығында Краснояр опера және балет театрына жиналды. Жеңімпаздар есімі 12 қараша күні «ХХІ ғасыр балеті» IV халықаралық форумының жабылу салтанатында жарияланды. Дәл осы күні жеңімпаздардың қатысуымен салтанатты гала-концерт өтті.
Краснояр театрының сахнасында Серік Нақыспеков А.Аданның «Корсар», Х.Левенсхольдтің «Сильфида», Ц.Пунидің «Эсмеральда», Б.Асафьевтің «Париж жалыны», Л.Минкустың «Баядерка» сынды классикалық балеттерден вариациялар және өзі шығарған «Еске алу» хореографиялық миниатюрасын орындады. Оны байқауға Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, педагог-репетитор Константин Заклинский дайындаған.
– Мұндай деңгейдегі халықаралық байқауларға қатысу – әртістер үшін өзара тәжірибе алмасуға және өз күшін сынауға таптырмайтын мүмкіндік. Алайда, ең бастысы – әділ қазылар алқасының құрамындағы аса биік дәрежелі кәсіпқой мамандардың бағасын алу,– дейді Серік Нақыспеков.
Белгілі франциялық хореограф, Париж операсы балетінің бұрынғы директоры Бриджит Лефевр төрайымдық еткен әділ қазылар алқасы мүшелігіне әлемдік балеттің қайраткерлері енді, олар: КСРО халық әртісі, «Орыс балеті» театрының көркемдік жетекшісі Вячеслав Гордеев (Ресей); педагог, Бостон балетінің көркемдік жетекшісі Микко Ниссинен (АҚШ); Қытай халық әртісі, ҚХР хореографтар одағының төрайымы Чжао Рухень (Қытай); София опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Сара-Нора Кристева (Болгария); хореограф, Бодрумдағы Халықаралық балет фестивалінің көркемдік жетекшісі Саадет Зейнеп Сунал (Түркия); Ресейдің халық әртісі Валерий Анисимов және тағы басқалар. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» балет труппасының директоры Тұрсынбек Нұрқалиев қазылар алқасы мүшелігіндегі еліміздің өкілі болды.
Болашағынан зор үміт күтетін қазақстандық жас солист бұған дейін де халықаралық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болғанын атап өту керек. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында ол Астана қаласында өткен ІІІ Халықаралық балет әртістері байқауында бірінші орынды иеленді.
Г. Берік