Аты аңызға айналған Борис Эйфман атындағы Санкт-Петерборлық академиялық балет театрының гастрольдік сапары небары екі күн – 14 және 15 қазанда өтеді. Труппаның орындауындағы А.С.Пушкин романының желісімен П.И.Чайковский мен А.Ситковецкийдің музыкасына жазылған «Евгений Онегин» балеті «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында алғаш рет қойылмақ.
Басты партияларды белгілі бишілер орындайды. Онегин – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, РФ Президенті сыйлығының иегері, «Алтын бетперде», «Алтын Софит» сыйлықтарының лауреаты Олег Габышев. Татьяна – халықаралық байқаулардың жеңімпазы, «Алтын бетперде», «Алтын Софит» сыйлықтарының лауреаты Мария Абашова. Ленский – РФ Президенті сыйлығының,«Алтын Софит» сыйлығының иегері Дмитрий Фишер. Ольга – Наталья Поворознюк.
Сахна декорацияларын З.Марголин керемет етіп жабдықтады; костюмдерді П.Окунев, О.Шаишмелашвили және А.Якущенко дайындады. Борис Эйфманның есімі үнемі қызықты көркемдік тәжірибелермен және классикалық шығармалардың батыл орындалуымен байланыстырылады. Хореограф қазіргі заманғы балет мазмұны мен үлгісін жаңартумен, байытумен келеді.
– Өз спектакльдерімде ұлы әдебиетке жүгіне отырып, біздің алдымыздағы кемеңгер тұлғалардың сезімге толы толғанысын және шығармашылық күшін хореография өнері арқылы жеткізуге тырысамын. Сөз – бұл жасау және бүлдіру құралы, ол әлденені қалпына келтіре де, жойып жібере де алады. Өз ойыңды білдірудің ең көне тәсілі ретінде, дене тілі жалпыға түсінікті эмоциялық және рухани құндылықтардан тұрады. Әдеби түпнұсқаны ескере отырып, мен өзіме тек хореографияның ұлы өнерімен ғана жеткізілетін, замандастарымды алаңдататын дүниенің мағынасын ашып көрсетуді мақсат еттім, – деп атап өтті Ресейдің халық әртісі Борис Эйфман.
«Евгений Онегиннің» кейіпкерлері құлдыраған ғасырлардан, аумалы-төкпелі заманнан өткен бүгінгі күннің маңызды кейіпкерлеріне айналған. Петр Ильич Чайковскийдің шығармасы мен композитор Александр Ситковецкийдің рок музыкасының күтпеген жерден үйлесім табуы, көрерменге хореографтың ойын терең ұғынуға мүмкіндік береді.
– Эйфманның хореографиясы – біз одан не күтеміз, соны береді, онда біресе бишілер жаппай екпін беретін көріністер кездессе, енді бірде акробатика тілімен орындалатын мазасыз монологтар бар, ондағы сезімнің әрбір тамшысы қайғыға булыққан денелерді суреттейді, – деді «Таймс» газетінің жетекші балет сыншысы Дебра Крейн.
Естеріңізге сала кетейік, елордалық көрермен шебердің шығармашылығымен жақсы таныс, өйткені «Астана Опера» солистері мен әртістерінің орындауындағы Б.Эйфманның «Роден» балеті, театрда төртінші маусым бойыжүріп жатыр. Борис Эйфманның Санкт-Петерборлық академиялық балет театрының гастролі III «Жібек жолы» халықаралық фестивалі аясында өтеді.