Кезекті демалыстан кейін араға үш айға жуық уақыт салып, 88-ші маусымын бастап отырған қарашаңырақ Қазақ Мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театры маусымашарына "Сұлтан-Бейбарыс" қойылымын белгілепті дегенді естіп бір елең еткеніміз бар-ды. Әдетте "Абай" қойылымымен түрілетін шымылдық неге мұндай шешім қабылдады деген күмәнді сауалымызға жауапты да таба алдық."Сұлтан Бейбарыс" – театр сүйер көрерменнің сағынышын басып қана қоймай, терең ой салды, рухани азық сыйлады.
Көрерменді күмбірлеген күй қарсы алды
Маусымның ашылу салтанаты
Баспасөз мәслихаты
Осыдан бірнеше жыл бұрын Астананың Мемлекеттік академиялық М.Горький атындағы орыс театрында сахналанған жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың "Сұлтан Бейбарысы" қазақ сахнасында да айды аспанға бір-ақ шығарғандай болды.
Әкемтеатрға әбден лайықты қойылым. Жаңа қойылым "Әуезовтың қойылымдары көптің көңілінен шықпайтын болды, деңгейі төмен, тақырыпты аша алмайды" іспеттес алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойды деген ойдамыз.
Отанға деген махаббат, туған жерге деген адалдық, достық, ғашықтық сезім, мансапқа құмарлық, сатқындық сынды ықылым заманнан бері өзектілігін жоғалтпай келе жатқан ұғымдар осы қойылымға арқау болып отыр.
Тарих беттеріне алтын әріптермен жазылған ұлы қазақ даласынан шыққан, Мысыр елін әділ басқарған Бейбарыс Сұлтан хақындағы туындыны көркемдеп сахнаға шығарған режиссер Ю.Ханинга-Бекназардың жаңалығы да, айтары да көп. Ал балетмейстер Г.Мұхамеджанова айтар алғысымыз зор. Иә, би әдеттегіден көп қойылды. Бірақ, бәрі де орнымен, бәрі де мінсіз.
Оқиға орта ғасырлардағы құл базарында басталады. Тойымсыз саудагердің нөкерлері үш бірдей бозбаланы қинап, аяусыз ұрып соғып жатыр. Оның бірі – біздің басты кейіпкеріміз қыпшақтан шыққан Сұлтан аз-Захир Бейбарыс (А. Сатыбалды), қалған екеуі – "не көрсек те, бірге көреміз" деп серт беріскен достары – Құтыз (А. Шаяхметов) бен Қалауын (Е.Дайыров). Елу мың дирхемге саудаланып тұрған апталдай үш азаматты Мысыр билеушісінің уәзірі Хуан (Б. Тұрыс) 70 дирхемге сатып алады.
Бұдан кейінгі көріністер Бейбарыстың Мысыр жерінде қолбасшы болған сәтіне ауысып, жат жердегі қым-қуыт өмірге, крестшілер жорығына, ІХ Людовикті жеңу үшін Нілді бөгеу жұмыстарына, сарай ішіндегі бақ пен тақ жолындағы жымысқы күреске жалғасады.
"Патшасы нашар елдің – соры қалың" деп Иса Тұран Шахтың билігіне көңілі толмайтын бұрынғы кәнизәк, қазіргі патша әйелі Фатима мен қызғаншақтық, көре алмаушылық, жалақорлық, жәдігөйлік сынды жағымсыз қасиеттер бойын билеген Хуан уәзір Бейбарыстың аяғынан шалумен болады. Хуан – Бейбарысқа қарама-қарсы алынған образ. Ол адам нанғысыз айла-шарғымен сұлтанның басын айналдырып, қайтсе де "қаңғып келген қыпшақтың" көзін құртқысы келеді.
Содан не керек, екі зымиянның мақсаттары орындалып, Иса Тұран Шах қаза болады. Билеушіні мұнарадан итеріп құлатты деген айыпты Бейбарысқа таққандар да – Фатима мен Хуан, таққа отырғысы келетіндер де – осы екеуі.
Патшаның баласы әлі жас, оған тәжді берсе, кеңесші болудың жолы мен жоралғысы уәзірге түсіп тұр, бірақ Қалауын мен Құтыз оған қарсы. "Басшың тырна болса, күнің тыраулаумен өтеді, түнің қарақшы болса, бірің-біріңді қырумен өтеді" дегенді айтқан Қалауын Фатиманың да аузына қақпақ болды. Қойылымның осы жері аздап түсініксіздеу: қайдан, қалай келгені белгісіз Айбек деген кейіпкер шықты да, Фатима мен уәзір билікті соған бермек болды. Кенет сахнада Бейбарыс пайда болып, бұл шешімді жоққа шығарады да, өзінің қаймықпай жауға шапқан жауынгер екенін, тәжді кие алмайтындығын айтып, Құтызды патша сайлайды. Неге Құтыз? Неге Қалауынның бетін қайтарды?
Қалай болғанымен де, дәл осы тұста бала кезден бері жұптары жазылмай келе жатқан үш бауырдың, үш достың арасына сызат түсті. Мансапқа деген ашкөздік Құтыз бен Қалауынның жүректерін қарайтты. Ал өзінің мақсатына жетпегеніне күйінген Фатима өзіне қол жұмсайды. Сарайдың "ішкі асханасы" түбегейлі өзгерді.
Ақылына бағынуды қойған Құтыз елшілікке келген 40 елшіні дарға асып, Кетбұға бастап келген моңғолдарға ғазауат жариялап, асығыстықпен соғысқа аттанады. Осы соғыста Құтыз патша мерт болады. Ендігі тақтың иегері – Бейбарыс Сұлтан.
Оңтайлы сәтті күтіп жүрген баяғы Хуан қарап қалсын ба, осы сәтті пайдаланып, Қалауын мен Бейбарыстың арасына іріткі салады. Бейбарыстың арам пиғылының бар екендігін айтып азғырумен болады. Онсыз да теріс ойдың жетегінде жүрген Қалауын "Не өлім, не билік... не Қалауын, не Бейбарыс" деген шешімге келіп, уәзір берген уды Бейбарысқа ішкізуді көздейді. Қашаннан бауырына адалдығын жоғалтпаған Бейбарыс оған қарсы емес, у ішуге келіседі, мұны көріп, өкінген Қалауыл, досынан кешірім сұрайды да, уды өзіп ішіп, бақилыққа аттанады. Достарының өліміне күйінген Сұлтан Хуан уәзірді шақыртып:
"Менің елімде өлген кісінің моласының басына тас орнатып, оның басына жарты айды қадайды. Ал тасқа үш күн немесе бес күн, он күн өмір сүрді деп жазып қояды. Жо-жоқ, бұл олардың аз өмір сүретіндігі емес, олардың күні жасаған жақсылықтарымен өлшенеді: үш жақсылық жасадың ба үш күн, отыз жақсылық жасадың ба, отыз күн өмір сүрген боласың... Ал мен сенің тасыңа "туды да, өлді" деп жаздырамын", – дейді де, басын шауып алады. Иә, адам үшін мұнан өткен қандай ауыр жаза болсын? Хуан соған әбден лайықты.
Бұл оқиға – тақ пен сордың егіз туғанын дәлелдеді. Енді кезінде кісенмен құл болып келіп, Мысыр билеген Бейбарыс жалғыз. Қаннан да, сатқындықтан да шаршады. Махаббаты Тәжбақыт та оның жанына демеу бола алар емес. Ол күн сайын бір түс көреді: жусан иісті даласы, Ақжайығы, Сарайшығы, сағыныш шекпенін жамылған анасы шақырады, сағыныш шөбі жусанның ашқылтым иісін сезінеді. Бейбарыс шөлдеді, Жайық суын аңсайды. "Өз елінде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болғысы" келетіндігін Тәжбақытқа айтады. Оның жанын түсінген патшайым Египет елінің алғысын айтып, Сұлтанды босатты...
Иә, оқиға біз білетін тарихтан аздап ауытқып кететіндігімен, біздің көргеніміз – сахналық қойылым, ал оның авторы – қоюшы режисер. Сондықтан тарихи оқиға жайлы емес, спектакль жайлы, тарихи тұлғаларды сомдаған актерлер хақында біраз сөйлеп көрейік.
Бейбарыстың рөлін Азамат Сатыбалды сомдайды дегенді естігенде "Неге Азамат? Азамат неге ылғи басты рөлде?" деген күдікті ойлардың болғандығын жасырмаймыз. Бірақ, актер өзін толықтай ақтап алды, бұл – Азаматтың рөлі екендігіне көрерменнің ешбірі де таласа алмайды. Оның өңменінен өткізіп қараған көзқарастарын, батырға, билеушіге лайық тұлғасын, актерлік шеберлігін қалай мақтасақ та жарасады. Алайда, А. Сатыбалды осы жолғы рөлінде "Гамлеттегі" образын араластырып, қайталап отырғандай көрінді. Бұл актерге сіңіп қалған әдет пе, әлде өзінің изюминкасы ма, әлде екеуі де ұқсас кейіпкерлер ме?
Фатиманың рөліндегі Дәрия Жүсіпке тәкаппарлық жетіспей қалғандай болды. Біз білетін тарихтағы Фатима – жақсы саясаткер, өз дегеніне жету үшін бәрін таптап өтеді, ол тәж бен тақтың дәмін татып, масаттанған әйел. Бірақ, біз бұл қасиеттерді сахнадан көре алмадық.
Қойылымда ең бір ашылмаған тақырып – махаббат мәселесі. Оқиға басында Бейбарыстың түсіне ертеде атастырылып қойған Пұлжетпес есімді бойжеткен кіріп жүреді, ол сол арумен сырласады, мұңдасады. Қыз күтетіндігін, жігіт жететіндігін айтып серт беріседі. Бірақ, кенеттен Тәжбақыт пайда бола кетті. Жылы сөздерін Пұлжетпеске арнап жүрген Бейбарыс енді «Есімің қандай ғажайып! Өзің бақыт, өзің тәж. Ақылың сай көркіңе. Аяулы жан жарым да, күллі Мысырдағы бар жақыным да өзіңсің» деп шыға келді. Ол бір. Ал Тәжбақыт рөліндегі Анар Бөкенбай нағыз жар, демеуші, тәжі де, бақыты да болғандығын мүлде көрсете алған жоқ. Ол қатысқан сюжеттер аз болды ма, әлде актрисаның шеберлігі жетпеді ме, ешкім Тәжбақытты қабылдай алған жоқ.
Тарихи оқиғалар баяндалатын біз білетін кітаптарда, фильмдерде, қойылымдарда шабармандар, патша қызметкерлері, елшілер болатын. Ал мұнда олар бой көрсетпейді. Мәселен, патшалар өзге елден келген хатты ешқашан оқымаған, ал Құтыз патша моңғол елшілері әкелген Кетбұғаның хатын айқайлап тұрып өзі оқып берді. Қойылымда бас-аяғы он үш кейіпкер бар. Соның ішінде хат оқитын басқа адамның табылмағаны ма? Хан сарайында да солай. Патшаның алдына кез келген адам үн-түнсіз-ақ кіргісі келсе кіріп, шыққысы келсе шығып жүре береді. Оларды хабарлайтын әдеттегі қызметшілер көрінбейді.
Қойылымдағы ең сәтті шыққан кейіпкерлер – Бекжан Тұрыс сомдаған Хуан уәзір мен таяуда ғана "Бауыржан Момышұлы" фильмінде батырдың рөлін сомдап шыққан Еркебұлан Дайыр бейнелейтін Қалауын.
Бұған дейін Шәкәрімнің, Шәмшінің рөлін мінсіз алып шығып жүрген Бекжан аға қулық-сұмдығы көп, әзәзіл, жәдігөй уәзірді дәл көрсетіп, көрерменді риза етті. Ал мінсіз образды жасай білген жас актер Еркебұлан мырзаға ағаның жолын берсін деп тілек білдіреміз.
Спектакль соңында актерлердің ойыны мен режисердің шеберлігіне тәнті болған көрермен ұзақ уақыт шапалақ ұрып, "әй жарайсың!" айтып тарасып жатты. Көз жасын бір сығып алғандар мен "тағы да келемін" деушілер де жоқ емес.
Мың рет айтқаннан, бір рет көрген артық емес пе? Ендеше, сағыныш шөбінің қасиетін ұғынғыңыз келсе, жусан иісін аңсасаңыз "Сұлтан Бейбарысқа" асығыңыз!
Автор: Айгерім Сматуллаева
Сурет: iter.kz, sim.kz, teatr-auezov.kz