2014 жылы иісі қазақ жұрты КСРО және ҚазКСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбира Майқанованың 100 жылдық мерейтойын атап өтетін болады. Осыған орай Қазақтың мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театры "Театр көктемі - 2014" фестивалін С. Майқанованың мерейтойына арнауды жоспарлап отыр.
Сахна өнеріне сүбелі еңбек сіңірген, үздік бейнелерді сомдаған актерлерге "С.Майқанова атындағы арнайы жүлде" тағайындайтын фестиваль наурыз айында Алматы қаласында өтеді. "Қазақ театрының қара шаңырағы дәстүрлі мерекеге дайындықты бастап та кетті" деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
С.Майқанованың сан қырлы дарыны әртүрлі жанрда жарқырап көрінді. Актриса апамыз әсіресе, әйел-ана рөлдерін жан жүрегімен беріле, айрықша шынайылықпен ойнайтын еді. Оның М.Әуезовтің «Абайындағы» Ұлжан, «Қарагөзіндегі» Мөржан, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановындағы» Зейнеп, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуындағы» Мақпал, «Ақан сері– Ақтоқтысындағы» Дәмелі, Э.Раннеттің «Адасқан ұлындағы» Леэна Туйск, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынындағы» Сүтана, Ш.Айтматовтың «Ана–Жер-анасындағы» Толғанай, В.Куприяновтың «Вьетнам жұлдызындағы» Тхань, О.Иоселианидің «Арбаң аман болсынындағы» Кесария, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісіндегі» Формон бибі, Д.Исабековтің «Мұрагерлеріндегі» Салиха, Дельмардың «Өкінішті өміріндегі» Люси, т.б. рөлдерінде актрисаның талант қуаты, адами болмысы мен азаматтық тұлғасы айқындала түсті. С.Майқанова шығармашылығының шыңы Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Толғанай бейнесі болды. Осы еңбегі үшін оған 1967 жылы Республика Мемлекеттік сыйлығы берілді.
С.Майқанованың ұлттық және әлемдік классикадан орындаған рөлдері де бүгінгі таңда ұлттық сахна өнерінің алтын қорына енді. Бұл ретте М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысындағы» Көклән, Б.Майлиннің «Майданындағы» Мамық, Мольердің «Сараңындағы» Фрозина, Гогольдің «Ревизорындағы» Мария Антоновна, А.Островскийдің «Найзағайы» мен «Жазықсыз айыптыларындағы» Кабаниха мен Гальчиха, М.Фриштің «Дон-Жуанның думанындағы» Селестина, А.Чеховтың «Ваня ағайындағы» Марина, т.б. рөлдері жас сахнагерлерге үлкен мектеп.
С.Майқанова қазақ кино өнеріне де елеулі үлес қосты. Оның орындауында «Махаббат туралы поэмадағы» Мақпал, «Қыз Жібектегі» Қамқа, «Шабандоз қыздағы» Гүлбарша, «Біз осында тұрамыздағы» Торғын, «Құймадағы» Дәметкен, «Үш күн мерекедегі» күзетшінің әйелі, т.б. рөлдері көрерменнің жақсы бағасын алды.
С.Майқанова 1936 және 1958 жылдардағы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне, 1973 жылы М.Әуезов театры құрамымен Ширазда (Иран) өткен 2-Халықаралық театр фестиваліне қатысты.
С.Майқанованың театр өнерін өркендетуге сіңірген ерен еңбегі бағаланып, 1958 жылы ҚазКСР, 1970 жылы КСРО халық әртісі атақтары берілді, "Еңбек Қызыл Ту", "Құрмет белгісі" ордендерімен, медальдармен марапатталды. Актриса қоғамдық өмірге белсене араласты, көптеген жыл бойы театр партия ұйымын басқарды, ҚКП ХІ және ХІІІ, сондай-ақ СОКП ХХІІІ съездерінің делегаты болды.
Рухты өнері және биік азаматтық болмысымен «театрдың анасы» атанған, аса көрнекті актриса, адамдарға деген ізет-ілтипаты, бауырмалдығымен өнер қауымының да, халқының да сүйіспеншілігіне бөленді. Оның жарқын ғұмыры халқына, өнерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі, ал өнері жасай бермек.
Сәбира Майқановадан:
...Менің шығармашылық өмірімде күрт бетбұрыс жасаған адам – Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов... Талантты режисер – жарты бақытың. Менің аренаға шығуым Толғанайдың, Әзірбайжанның арқасы... Толғанайды қанша рет ойнасам да сахнаға шыққанда қатты толқимын... Көрермен алдындағы орасан жауапкершілігімді сезінемін...
... Менің бір әдетім – рөлді түсінбейінше, образға әбден еніп, бойыма сіңірмейінше сөз жаттамаймын. Кеш жаттаймын. Жаттамайын демейсің, әбден түсінген соң сөздің өзі ағыл-тегіл келеді де тұрады...
* * *
Сәбира Майқанова туралы:
Қапан Бадыров:
Сәбира сөйлеп кетсе шешен, ал сахнада қамшы салдырмас жүйріктің өзі. Ол, әсіресе, классикада от болып ойнайды. Сәбира шыншыл, тура, бірбеткей мінездің адамы. Қажетті жерінде жүрегі жомарт, жаны мейірбан ана... Ол қазақ өнерінің қара шаңырағын көтерген Қалибек, Құрманбек, Қанабек, Елубай, Серке ойынын, тәрбиесін, Мұхтар, Ғабит, Сәбиттердің мектебін көріп өскен адам. Содан тағылым түйген, солардың аманатына адал болып өскен актриса.
Әзірбайжан Мәмбетов:
...Бірде «Ана-Жер-ана» спектаклінен кейін бір студент бала солқылдап жылап: «енді мен анама хат жазатын боламын» демесі бар ма. Міне, Майқанова ойнаған Толғанай көрермен көз алдында осылай қалған, қала береді де...
Бағыбек Құндақбаев:
...Мөржан бәйбіше рөліндегі...С.Майқанова... кейіпкер бейнесін... нағыз сахналық жинақылыққа жеткізген. М.Әуезов жасаған кесек бейне сахнада да сол ірілігімен көрінген....
Әшірбек Сығай:
...Алымды сахнагердің қай қапталынан көз салсаңыз да өркешті бейнелер легі, құдіретті кесек кейіпкерлер тобы жадыңызға оралып, дәп бір ежелгі ертегілер елінен қуана қол бұлғап тұрған ескі таныстарыңдай жылы ұшырар еді...
Хадиша Бөкеева:
...Театрдың анасы саналған әріптесім, сыйласым Сәбираны шын өнер қадірін білетін театр қауымы да, қалың көрермені де хан көтеруі заңды еді...
Фарида Шәріпова:
...Сәбира апайдан даланың иісі аңқып тұрады. Ұлттық драматургиямыздың небір күрделі бейнелерін жасауда тайға таңба басқандай дөп түседі. Мөржан, Зейнеп, Мамық, Дәмелі – қандай қайталанбас бейнелер, характерлер...
Жұмабай Медетбаев:
...Біз Сәбира апаны өнерде ғана емес, өмірде де шынайы бақытты ана деп білеміз. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп-жеткізді.
Баққожа Мұқай:
...Ол кісіні сахнадан көру керек, сонда Сәбира апа сомдаған біріне бірі ұқсамас күрделі тұлғалар бүкіл жұмбақ жырды жайып салады...
Жолдаған: М. Әуезов театрының баспасөз қызметі
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: bse.sci-lib.com, kino-teatr.ru, tarih.spring.kz