«Астана Опера» сахнасында Борис Эйфман қойған «Роден» балетінің тұсаукесері 22 қараша күні өтеді.
«Роден» балеті – ұлы мүсінші Огюст Роден мен оның жас оқушысы Камилла Клодельдің қайғылы өмірі жайлы баяндайтын көркем шығарма. Қос ғашықтың сезімге толы романында қызғаныш пен түсініспеушілік араласып, шығармашылық одаққа түйіседі. Эйфман әйелдер мінезінің трансформациясы: Розаның (Роденнің әйелі) күйеуіне қол жеткізем деп сәтсіз аяқталатын күресін; ұстазымен айырылысқандықтан шығармашылық табысының шырқау шыңында есінен адасып, 26 жылдан кейін көз жұматын оқушы Камилла Клодельдің махаббатын епті бейнелейді. Роден болса, қиын кезеңге тап болып, қатты азап шегеді. Ол үшін ұлы мүсінші атанудың құны қымбатқа түсіп, жан тыныштығынан, денсаулығы мен бақытынан айырылады.
«Роден» балеттік спектаклін Ресейдің халық әртісі Борис Эйфман қойды. Басты рөлде Огюст Роденді дарынды Жәнібек Иманқұлов, Камилла Клодельді жас әрі жігерлі Әйгерім Бекетаева сомдайды. Екінші құрамда Роденнің рөлінде Рүстем Сейітбеков, Камилланы Гауһар Усина ойнайды. Әртістерді дайындаумен ұстаздар Ольга Толмакова мен Олег Парадник айналысты.
Үш бірдей тағдырдың қайғылы аяқталатынына қарамастан, балет түңілтеді деуге болмайды, себебі мүсіншілер шеберханасындағы шығармашылық процесі кезіндегі қуанышты сәттер, әсерлі «Канкан» биі қойылатын кабареден көрініс «Роден» балетін жарқын етіп, сезімге толтырады.
Декорацияны Зиновий Марголин, костюмдерді Ольга Шаишмелашвили дайындады.
«Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Нұрқалиев Тұрсынбек, классикалық би билейтін әртістер үшін «Модерн» стиліндегі шығармаларды орындау қиынға соққанын атап өтті. «Ырғақты, стильді, техникалық элементтерді меңгеру қажет. «Астана Опера» балетінің әртістері – әмбебап, олар екі ай тынбай жұмыс істеудің арқасында Борис Эйфман үйреткен эмоцияларды ұғынды», – дейді Нұрқалиев.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі