1850-1851 жылдары жазылған Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсы үш актіден тұрады. Операны жазуға 1832 жылы жарыққа шыққан Виктор Гюгоның «Le Roi s’amuse» («Король шаттығады») пьесасы арқау болды.
Бұл пьеса өз заманында Король патшалығының мәртебесіне нұқсан келтіргені үшін цензураға ұшыраған. Опера либреттосын Франческо Мария Пьяве жазды. Ол цензураның талабымен король герцогқа, ал Трибуле сарай сайқымазағы Риголеттоға ауыстырылды.
Пьеса өз заманындағы әлеуметтік теңсіздікті көрсетеді. Операда Герцог пен Риголетто образдарының қарама-қайшылығы айқын бейнеленген. Ал салтанатты бал кезіндегі Монтерон қарттың қарғысы, Риголеттоның сүйікті қызы Джильданың өлімі сияқты оқиға желілері операның көркін ашады.
Операның басты кейіпкері Риголетто - сарайдың сайқымазағы. Ол Герцог араласатын ақсүйектер қауымының алдында өнер көрсетіп, олардың көңілдерін көтереді. Қызметінен тыс уақытта ол сүйікті қызының жанында болатын қамқор әке. Сондай-ақ, ол өшін ала алмай жүрген кекшіл жан. Оның осындай бір-бірінен ажырамайтын жан-жақты бейнелерін Верди операсында анық байқауға болады.
Опера аяғында Монтерон қарттың қарғысынан Джильда көз жұмады. Жалғыз қызының қазасынан қабырғасы қайысып, қатты қайғырған Риголетто есінен адасады.
«Риголетто» операсының тұсауы 1851 жылы 11 наурызда Венециядағы Фениче сахнасында кесілді. Әлемнің ең танымал театрларында қойылған опера әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтпады.
Бұл операны өз репертуарына Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театры мен Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық Опера және Балет театры қосқан.
Форумда талқылау
Суреттер gatob.kz ғаламтор бетінен алынған