М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 12 желтоқсан сағат 17:00-де көрнекті актриса Раушан Әуезбаеваның туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші өтеді.
Әуезбаева Раушан Бекболатқызы 1936 жылы 13 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының, Қабай ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол інісі Жұмашты ертіп Өскемендегі мектеп-интернатқа оқуға барып, мектепті өте жақсы деңгейде бітіріп шығады. Әнді нақышына келтіріп айтатын ол 1954 жылы өз қалауымен Алматы Конесерваториясына келеді. Талантты жасты әншілік оқуға түсіп тұрған жерінен профессор А.Тоқпанов актерлік бөлімге алып кетеді.
Интститутта оқи жүре 1958-1959 жылдары Абай атындағы академиялық опера және балет театры құрамында хор артисі болып еңбек етеді. Талантты студентке композитор Н.Тілендиевтің қолдауымен «Ер Тарғын» операсында Тарғынның қалыңдығы Дананың ролі беріледі. Ойын өрнегі дүйім жұрттың көңілінен шығып, ол Қазақстан мәдениеті мен өнерінің 1958 жылы Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысады. Аса қатаң сұрыптаудан өтіп, осы онкүндіктің концерттік бағдарламасын жүргізіп, жалынды өнерімен жұртшылық көзіне бірден түседі.
1959 жылы Құрманғазы консерваториясының актерлік бөлімін қызыл дипломмен бітірген Р. Әуезбаева бір топ талантты құрбы-достарымен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданады. Сол уақыттан өмірінің соңына дейін, яғни ширек ғасыр осы қарашаңырақ сахнада өнер көрсеткен ол «Бөлтірік бөрік астында» (Қ Мұхамеджанов), «Беу қыздар-ай!» (Қ.Шаңғытбаев, Қ.Жандарбеков) комедияларындағы Қатира мен Нұрсұлудан бастап үлкенді-кішілі қырықтан аса роль ойнады. Бала кезінен әке аманатына адал және өз кәсібіне өте адал, дарынды актриса болды.
Р.Әуезбаева өнері сахнадағы шынайылығы, бояу палитрасының байлығы, үнінің әуезділігі, сөз құдіретін терең сезінуі, сезім қуатының кернеуімен ерекшеленді. Актриса ұлттық классикадан сомдаған басты рольдері – М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Шолпан, «Еңлік-Кебегінде» Еңлік, Ә Тәжібаевтың «Майрасындағы» Майра, М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысында» Күнікей, «Түнгі сарынында» Сәруар, З Ақышевтің «Жаяу Мұсасында» Әнке, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Бәйбіше тағы да басқа кейіпкерлерінде психологиялық тереңге құлаш сермесе, 60-70 жылдардағы қазақ драматургиясынан жасаған бейнелері – Ә Тәжібаевтың «Той болардасында» Айнаш, Ш.Құсайыновтың «Сырымбет саласында» Райхан, С. Жүнісовтің «Ажар мен Ажалындағы» Сарыжорға, О.Бөкеевтің «Құлыным меніңінде» Қарлығаш т.б. бейнелерінде де өзіндік болмыстарына, психологиялық-эмоционалдық ахуалдарына сай әдемі өрнегін тапты.
Шығармашылық тұрғыдан белсенді актриса радио және телеқойылымдарға қатысты. Кино саласына да ат салысып, «Менің атым Қожа», «Даладағы қуғын», «Дала гүлдері» тағы да басқа көркем фильмдерге түсті. Дубляж саласына бірталай еңбек сіңіріп, одақтық белгілі киноактрисаларды қазақ тілінде шебер сөйлетті. Өнерге сіңірген елеулі еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Актриса Әуезбаева талантының үлкен бір қыры – Ұстаздығы еді. Ол 1966 жылдан бастап М.Әуезов театры жанындағы актерлік студияда сахна тілінен сабақ берді. Әрбір шәкіртімен жанын сала жұмыс жасап, кәсібилік қыр-сырларына үйретті. Ал, тіл ұстартам, өнерімді ұштаймын деген ниетпен келген өзге жастардың да қай-қайсысына көмек қолын созудан жалықпауы – оның Өнерге деген, Өмірге деген үлкен құштарлығынан туындады. Әуезбаева тағылымын алған көптеген актерлер - бүгінде қазақ сахнасының белгілі есімдері.
Көрнекті актриса Р.Әуезбаева ұлттық бояуы қанық, мазмұны құнарлы бейнелерінде діл, тіл, үн-әуез «сыңғырап өңкей келісім...» болып шығып, жарқын өнерімен, биік адамгершілік болмысымен өнер қауымының ғана емес, халықтың да сүйіспеншілігіне бөленіп өткен тұлға. Оның сахнада сомдаған нұрлы бейнелері қазақ театры тарихына алтын әріптермен жазылып қалса, өнердегі жолы шәкірттерімен, ал, өмірі лайықты ұрпағымен жалғасып келеді.
М.Әуезов театрының Баспасөз қызметі