Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 9-10 қараша күндері Баянғали Әлімжановтың «Супер жеңгетай Серкеш» комедиясының премьерасы өтеді.
Премьераның қоюшы режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Жанат Хаджиев. Қоюшы суретші - Серікқали Омаров. Өнерсүйер қауымды жаңа қойылымның премьерасына шақырамыз.
Заманның сиқы осы ма?.. Адамилықтың құны қайсы?.. Байлықтың буы, ақшаның табы кісіні ісіндірмей қоюы мүмкін бе?... Жылтыраққа әуестік, жағымпаздықпен сатылу, еңбексіз тегін мал таппақ әуселемізді көтеріп, көсегемізді көгертпек пе?...
Міне, осы заманғы түйткілді сұрақтардың төркіні осындай болып келеді. Бірақ, біз бәрібір, түптің-түбінде адамилық құндылықтың сақталғанын қалаймыз. Соңғылығында, солай болады да...
Құрметті, көрермен!
Ойлы күлкіге құрылған комедиялық қойылымнан ой түйгіңіз келсе, «Супер Серкешті» көріңіз! Бұл – бүгінгінің көп кейіпкерлерінің бірі.