Cопрано Катажина Мацкевич тыңдарманды өз отаны Польшада және өзге елдерде қайран қалдырып жүр. 22 қазан күні опера әлемінің атақты әншісі «Астана Опера» театрының Үлкен залында әріптесі Медет Шотабаевпен Дж.Вердидің «Травиата» операсында Виолеттаның партиясын шырқайды. Жермонның рөлін Талғат Мұсабаев сомдайды. Дирижерлік тізгінде – Абзал Мұхитдинов.
Көптеген марапаттарға қол жеткізген жас әнші, жақында Санкт-Петербордың «Алтын софит» атты Бас театрлық сыйлығымен қоржынын толықтырды. Сонымен бірге Санкт-Петербордың Мәдениет комитеті өткізген «Отыз үш адамның таңдауы» атты конкурста музыкалық театрдың үздік актрисасы номинациясын жеңіп алды.
Катажина Мацкевич таңдаулы тағамдардың рецебін жинап, әзірлегенге әуес екен. Түрлі ас мәзірін дайындап қана қоймай, дәмді тамақтанғанды ұнатады. Қазақтың қандай асын дайындай аласыз деген сұраққа әртіс, тәжірибесі шамалы екенін, алайда әлі-ақ бұл олқылықты түзететінін жасырмады.
– Маған сіздердің қой етінен әзірленетін тағамдарыңыз қатты ұнайды! Виолеттаның рөлін ойнау оңай емес, сол себепті қой етінен әзірленген дәмді тамақ артық етпес еді, - деп қалжыңдады әнші.
Ол Виолетта партиясын өткен жылы К. С.Станиславский және В.И.Немирович-Данченко атындағы Мәскеу музыкалық театрында алғаш рет орындады.
Операсының кейіпкері ретінде Верди қоғамнан аластатылған әйелді алады; композитор оны операның атауында да арнайы көрсетеді («Травиата» – итальянша – салдақы, адасқан). Композитор Виолеттаны, тек оны қоршаған жеңіл ойлы орта алдында ғана емес, рақымшыл зиялы қауым өкілдері – Жорж Жермон мен әкесі Альфредтің жанында адамгершілігі мен жан сұлулығы биік тұрған жан ретінде паш етеді.
– Режиссер Х.Брогхаузбен бұрындары жұмыс істеген жоқпын. Бұл қойылымның үзінділерін тек баспадан көрдім. Мен үшін бұл қызық тәжірибе болғалы тұр. Маған декорациялар мен костюмдер өте ұнады! Осы кезге дейін мен К.Бәйсейітова атындағы опералық театрдың сахнасында, өзім құрметтейтін дирижер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновпен өнер көрсеттім. «Астана Опера» ғимаратында ғажайып қойылым болатын күн жақын қалды. Мұнда өнер көрсеткен әншілердің көпшілігі театрдың акустикасына таңданады. Әрине, кез келген әнші үшін барлық әлемдік стандартқа сай және үздік дирижерлерді, режиссерлерді, орындаушыларды әріптестікке шақырған театрдың сахнасында басты партияны шырқау – үлкен құрмет және жауапкершілік, - дейді Катажина Мацкевич.
Александр Дюма-ұлының «Камелия ұстанған ханым» романы желісімен жазылған опера алғаш рет 1853 жылдың 6 наурызында «Ла Фениче» театрында қойылған. Либретто авторы – Франческо Мария Пьяве. «Астана Опера» сахнасында тура бір жыл бұрын Хеннинг Брокхауз қойылымындағы «Айналар травиатасы» операсының тұсауы кесілді.
«Травиата» операсы 15 қараша күні басқа әншілер құрамында орындалатынын айта кетейік. Виолеттаның партиясын Айзада Қапонова шырқаса, Альфред – Мейір Бәйнешов, Жермон – Ескендір Әбжанов, Талғат Ғалеев.