Пикассоның картинасы мейрамханадан мұражайға тапсырылды

Пикассоның картинасы мейрамханадан мұражайға тапсырылды

Нью-Йорктегі «Four Seasons» мейрамханасының қабырғасындағы балетке арналған «Треуголка» шымылдығын мұражайға тапсырды.

Жақын уақыттың ішінде Пикассоның шымылдығы үлкен даудың тууына себеп болған еді. Ғимараттың иелері жедел ремонт жасау керек болғандықтан, оны алып тастауға мәжбүр болды. Бірақ бұл шешімге тарихи ескерткіштерді қорғау комитеті қарсы шықты. Комитеттің адамдары оның қайта жөндеуге келмей қалуы мүмкін екендігін алға тартты. Аз күннің ішінде осы дау шешіліп, комитет аталған туындыны мұражайға тапсыруға келісімін берді.


Леонид Мясиннің «Треуголка» атты балетіне арналған шымылдық суретін 1919 жылы Пабло Пикассо салған. Ал балеттің қоюшысы - ресейлік Сергей Дягилев. Суретші бұл балетке арналған барлық костюм мен декорацияны өзі жасаған. Ал шымылдықты 1958 миллионердің қызы Филлис Ламберт сатып алған. Ол оны 38 этаждық ғимараттың кіре берісін безендіру үшін пайдаланған. Шымылдық алғашында кіре берісте ілініп, артынша 1959 жылы «Four Seasons» мейрамханасының қабырғасына ілу үшін жөнелтілген.

Пикассоның «Треуголка» картинасы Солтүстік Америкадағы ең үлкен туынды. 2008 жылы мамандар оны 1,6 миллион долларға бағалаған. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: buro247.kz

Қ. Бүйенбай