«Астана Опера» театрының сахнасында екі күн бойы - 11 және 13 сәуірде Дж. Пуччинидің «Богема» операсы жүреді. Әйгілі петерборлық қоюшы режиссерлер Юрий Александров пен Вячеслав Окунев астаналық театрмен бірлесіп, италиялық операны көрермендер назарына ұсынады.
Дирижерлық тізгін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың еншісінде. Ал басты партияны Медет Шотабаев, Жан Тәпин (Рудольф), Айгүл Ниязова, Жаннат Бақтай (Мими), Әлфия Кәрімова, Салтанат Ахметова, Жәмиля Жарқымбаева (Мюзетта), Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев (Марсель), Бауыржан Әндіржанов, Артур Қайыпқұлов (Коллен), Евгений Чайников (Шонар) сынды белді солистер орындайды. Тағы айта кететіні, жетекші солистер - Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев пен Әлфия Кәрімова осы партияларды ағымдағы жылы қыста аты аңызға айналған италиялық Арена ди Верона театрында орындайды.
Тағы бір жаңалық, аталған операға «Астана Операның» балалар студиясы хорының әртістері алғаш рет қатысқалы отыр. Опера кәстөмдері Ресейдің Халық суретшісі Вячеслав Окуневтің нобайымен тігілген.
Операның оқиға желісі Парижде, Латын кварталында өрбиді. Қоюшы режиссер, Юрий Александров көрерменге бір-екі тосынсый әзірледі. Париж көшелерін кезіп жүретін, қаңғыбастың күйін кешкендер сахнаға ағашаяқ киіп шықса, Латын кварталының жеңілтек қыздары өзге кейіпке енеді. Ол операны арман мен күйбең тіршілік арасындағы қайғылы өмір қайшылықтарын оқиға арқылы зерделейді. Аталған оқиға нақты бір уақыт жайында емес. Ол Адам ата мен Хауа ана заманынан бергі әйел мен еркектің қарым-қатынасы жайлы сыр шертеді. «Осы операда жас кейіпкерлерді келтіруге тырысқан жасы үлкен опера әншілерін талай бақыладым, біразға дейін оны қоюдан бас тартып жүрдім. Себебі «Богема» операсы жиырма жастағылар жайында және сондай жиырмадағыларға арналған! Мен үшін «Астана Опера» театрында осы спектакльді жас талантты солистермен қоюға мүмкіндік туды. Аталған опера үшін әдеттегі театрға сай cәндеу қажет емес. Сахнаны безендіруге қажетті пеш, мольберт, кушетка – бұл опералық көріністі шынайы өмірмен байланыстыратын тұрмыстың белгісі ғана. Мағыналық тұрғыдан алғанда сценографияда басты идея аспанға шарықтайтын баспалдақта. Біз үшін бастысы Пуччинидің даналық партитурасында жатқан өмірді ойнап шығу. Шын мәнінде бұл өте органикалық опера, музыкаға барлық мағыналық екпін де қойылған, режиссер мен әншілер үшін жалғыз қауіп – қойылымды бұрынғыша баз қалпында қою», - дейді режиссер Юрий Александров.
Операда көбіне өмірлері қайғылы келетін өнер адамдарының тағдыры баяндалады. Жазылмайтын ауруға шалдыққан Мимиді кезіктіретін кедей ақын Рудольфтің махаббаты жайлы оқиғаны және Марсель есімді суретші мен оның жеңілтек дос қызы Мюзеттаның хикаясын көрермендер назарына ұсынады. Бірінші актта бақыттың, думанның елесі, тағдыр қатыгездігімен күрес суреттеледі. Оқиға желісі бойы музыкашы Шонар мен философ Коллен бір шаңырақ астында тұратын ақын және суретші достары - Рудольф пен Марсельді үнемі қолдап, көмектесіп жүреді. Екінші актта ащы өмір шындығы баяндалады. Бақытсыздық пен ауру-сырқаудың себепшісі - кедейшілік Мимидің өмірін қияды. Марсель мен Мюзетта да бақытты бола алмайды.
Сыншылар «Богеманың» ғұмыры ұзаққа бармайтынын болжап еді, алайда олар қателесіпті, опера күні бүгінге дейін өзекті, қызық әрі жоғары сұранысқа ие.
Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі
Дайындаған: Анар Мұстафина