Петерборлық талғампаз көрермен қазақстандық әртістерді аншлагпен қарсы алады. 1 және 2 ақпанда «Астана Опера» балеттік труппасының Мариинский-2 сахнасында (Санкт-Петербор, Ресей) орындайтын М. Жаррдың әйгілі «Париж Құдай Анасының соборы» спектаклі гастрольмен өнер көрсететін екі күнде де залды лық толтырмақшы: көрермен барлық билетті сатып алған. Гастроль «ЭКСПО-2017» бағдарламасы аясында өтеді.
Қазіргі уақытта «Астана Опера» балеттік труппасы аты аңызға айналған петерборлық театрдың жаңа сахнасында репетициясын жүргізуде, ал Мариинский театрының Симфониялық оркестрі қазақстандық әріптестері: спектакльдің қоюшы дирижері Арман Оразғалиев,«Астана Опера» Симфониялық оркестрінің солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, флейта тобының концертмейстері Алексей Косырев, арфашы Любовь Ткаченко және соқпалы аспаптар тобының үш музыкантымен бірге партитурамен жұмысты бұдан бұрын бастаған.
- Дүние жүзіндегі ең атақты опералық театрлардың бірінің сахнасында өнер көрсету біз үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Қос ұжым арасында жемісті ынтымақтастық жалғасын тапқанына бірнеше жыл болды. Петерборлық көрерменнің гастрольдік спектаклімізге қызығушылық танытқаны, сөзсіз, бізді қуантпай қоймайды. Үлкен табыспен өнер көрсетеміз деп үміттенеміз, - деді «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.
Мариинский театрында Квазимодо партиясын көптеген халықаралық байқаудың Бас жүлде иегері Бақтияр Адамжан және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітпеков орындайтынын еске салайық. Эсмеральда рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева және Мәдина Баспаева. Феб – халықаралық байқаулардың лауреаттары Олжас Тарланов пен Арман Оразов. Клод Фролло – халықаралық байқаулардың лауреаттары Ғазиз Рысқұлов, Серік Нақыспеков. «Астана Опера» балеттік труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова.
Виктор Гюгоның аттас романы бойынша 1965 жылы қойылған француздық хореография жауһары, күні бүгін де өзектілігін сақтаған, бұл аталған қойылымға көрерменнің қызығушылығы шексіз екенін дәлелдейді. Оны жарыққа шығарғандардың – «Оскар» сыйлығының үш бірдей иегері, композитор-авангардшы Морис Жарр, XX ғ. атақты балет классигі Ролан Пети, барлық заманның үздік кутюрьелерінің бірі Ив Сен-Лоран және белгілі театрлық суретші Рене Аллио – нәзік те мінсіз талғамы, сарқылмас қиялы мен жаңашылдыққа әуестігі дүниеге нағыз ғажайыптың – неоклассиканың нағыз «маржанының» келуіне негіз болды.
«Астана Опера» сахнасында «Париж Құдай Анасының соборы» спектакліне көрермен де, қатал сыншылар да бірдей тәнті болды. Қойылым театр тепертуарында ерекше орынға ие. Өнертанушы Лира Бекболатова балетке деген таңданысын Esquire басылымында былай білдірді: ««Париж Құдай Анасының соборы» балеті «Астана Опера» театрының ең ерекше тұсаукесері екенін әсірелеместен атап өтуге болады».