«Астана Опера» МОБТ астаналық жанкүйерлерінің назарына аспапты және вокалды ескі музыка ұсынылады. 10 ақпанда театрдың Камералық залында «Bel Canto музыкалық салоны» танымал абонементінің аясында «Орфейдің оралуы» атты концерті өтеді.
Кеш бағдарламасына Г.Ф.Гендельдің скрипка мен фортепианоға арналған №2 сонатасы, И.С.Бахтың «Чаконасы» мен «Ариозосы», Л.Боккеринидің виолончельге арналған сонатасы, П.Локателлидің сонатасы, Б.Марчеллоның флейта мен гитараға арналған сонатасы сияқты ескі камералық шығармалар кіреді. Ал оларды дарынды музыкант-аспапшылар – ҚР еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), халықаралық конкурстардың лауреаттары – Асқар Мұқанов (виолончель), Жібек Сапарғалиева (флейта), Жәнібек Сапаров (гитара) ұсынады.
«Астана Опера» театрының вокал жанрының шеберлері — халықаралық конкурстардың лауреаттары Роза Нұркей, Елена Низамутдинова, Елена Ганжа (сопрано), Салтанат Мұратбекова, Татьяна Вицинская (меццо-сопрано) және Нарұл Төйкеновтердің (тенор) орындауында И.С.Бах, Г.Ф.Гендель, Д.Скарлатти және басқалардың ариялары шырқалады.
Салтанат Мұратбекова К.В.Глюктің «Орфей және Эвридика» операсынан Орфейдің екі ариясын ұсынады. Орфей мен оның жары — нимфа Эвридика туралы көне заманғы аңыздың музыка әлемінің ең бай және күрделі жанры — операның қалыптасуында маңызы зор. Орфей есімі ежелден музыка өнері құдіретінің символы болатын, ал б.ғ.д. VI дәуірде оған тіпті құдайдай сыйынған. Бір сөзбен айтқанда, бұл концерт ежелгі ұлы грек ақыны мен жыршысының құрметіне аталды.
Әнші ескі ариялардың заманауи классикалық арияларға қарағанда орындау техникасымен ерекшеленетінін, үлкен дайындықты талап ететінін атап өтті. Сирек кездесетін колоратуралық меццо-сопрано дауысының иесі Салтанат Мұратбекова бұл тәжірибені Италияда жұмыс істеген кезінде жинақтап, ол жақта классикалық және барокколық опералық шығармалардың басты партияларын Италияның үздік сахналарында орындаған еді.
— Орфейдің «Addio, addio miei sospiri» ариясы бірінен асқан шеберлікпен жазылған, мұнда меццо-сопраноға оңайлықпен түспейтін мінсіз колоратуралы техника қажет. Мен мұндай туындыны көбіне даусымның ойнақылығының арқасында шырқай аламын. Ең алғаш рет бұл күрделі арияны мен Италиядағы жеке концертімде, Россини оркестрінің сүйемелдеуімен орындағанмын. «Che faro senza Euridice» үшінші актісіндегі әйгілі және өте әдемі арияны жүрекпен айту керек, себебі ол Орфейдің Эвридикаға деген ыстық махаббатына қанық, - деді Салтанат Мұратбекова.
Фортепиано партиясын халықаралық конкурстардың лауреаттары Раушан Бескемпірова мен Гауһар Таспергенова орындайды.