- Негізгі бет
- Театр
- Операны дайындау –...
Операны дайындау – футбол матчына дайындалғанмен бірдей
Биік өнердің миллиондаған табынушыларының сүйіктісі Фабио Армилиато 15 сәуірде «Астана Опера» театрында Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсының тұсаукесерінде өнер көрсетеді. Ол бас партияны Пинкертонды орындайды. Сырттай берген сұхбатында белгілі әнші мамандығының қыр-сыры, қазақ халқының қонақжайлығы, әлеуметтік желінің құрбаны болмау керектігі және басқа қызықты оқиғалар туралы айтты.
– Сіз үшін Пинкертон партиясы қаншалықты маңызды және сіздің репертуарыңызда қандай орын алады? Алғаш рет сіз оны қашан орындадыңыз?
– Пинкертон тенор үшін «мінсіз» партия емес, себебі ол жағымсыз кейіпкер... Алайда мен Пуччинидің осы партияға жазған ерекше ырғаққа бай тамаша музыкасын жақсы көремін. Мен бұл рөлді алғаш рет 1999 жылы Штутгартта орындадым. Кейін ол партияны бірнеше рет сомдадым. Әсіресе 2002 жылы Метрополитен-опера театрында (Нью-Йорк) Пинкертон партиясын алғаш рет Даниэла Дессимен шырқағаным ерекше есімде қалды. Мен бұл әншіні заманымыздың ең үздік Чио-Чио-саны деп есептеймін. Мен онымен бірге Пуччиниді 2004 жылы Торре-дель-Лагода өткен операның жүз жылдығында орындадым, одан соң біз Миландағы Ла Скала сияқты әлемнің ірі театрларында, сонымен қатар Палермо, Генуя, Токио мен Барселона опералық театрында өнер көрсеттік.
– Пинкертон партиясы туралы пікіріңізді білдірсеңіз. Кейіпкер сізге несімен жақын? Бұл партия қаншалықты күрделі?
– Шынын айтсам, мен ешқашан Пинкертонды өзіме жақын деп есептеген емеспін, алайда мен әркез оған шынайы көзқараспен қарап, оны көрерменге ең жағымсыз адам етіп ұсынамын. Пинкертон өзінің достары секілді саяхат жасағанға, жапон экзотикасы мен дәстүріне құмар жас жігіт еді. Оның бақытсыздығы – әйелдерді азат ету жолын аңсағаннан басқа ешнәрсеге қызықпайтын ең қыңыр жапон әйелін кездестіруі. Бұлай болмағанда мұндай әдемі де, қайғылы оқиға дүниеге келмес пе еді. Ең қиыны – Пинкертон бірінші акт бойы сахнадан түспей шырқайды. Сонымен қатар, үшінші көріністегі трио мен сезімге толы «Addio fiorito asilo» ариясындағы өкіну сәті вокалдық тұрғыдан күрделі. Мұнда Пуччини бұл кейіпкерді тым арсыз етіп көрсетпеуге тырысқан.
– Жиі орындайтын сүйікті партияларыңыз қандай?
– Ерекше сүйіп орындайтын бірнеше партиям бар, мен оларды тыңдап жүріп өстім. Олар – Умберто Джордано аттас операсындағы Андре Шенье мен Вердидің «Балмаскарад» операсындағы Ричард. Бірінші партияны (Андре Шеньені) мен көп орындадым және оны жақсы студияда жазғаным бар. Ал жаныма жақын партиялар – «Тоска» операсындағы Каварадосси мен «Кармен» операсындағы Дон Хозе.
– Арманыңызда жүрген немесе, керісінше, орындағыңыз келмейтін партиялар бар ма?
– Мен Чайковскийдің музыкасын жақсы көремін, сондықтан «Пиковая дама» операсындағы Германның партиясын, сонымен қатар, әсіресе бас жағында, вокалдық реңдерге ерекше бай Вертер партиясын орындауды армандаймын. Мен ешқашан «Вильгельм Телль» немесе «Пуритане» операларын орындай алмаймын, себебі оларға жеңіл дыбыс тән. Бір кездері бұл партиялар «батыр» тенорлармен орындалып жүрді, алайда опера дамып, түрлі әнші пайда болды, сондықтан мұндай қажеттілік жоқ.
– Сіздің сахнадағы мінсіз серіктесіңіз?
– Мен «командаға» сенемін, сол себепті жақсы шырқау үшін қашанда жақсы серіктес көмектеседі деп санаймын. Операны дайындау – футбол матчына дайындалғанмен бірдей, мұнда тек қатысып қана қоймай, сахнадағы серіктеріңді қолдау, сонымен бірге, дирижер мен режиссер арасындағы өзара түсіністік те өте маңызды. Басымдық танытқысы келетіндерді жаным сүймейді, әдетте ондайлар ерте ме, кеш пе өз ісіне жауап береді.
– Әншілердің арасынан кіммен жұмыс істегенді қалайсыз? Кімді пір тұтасыз?
– Бұл сұраққа оңай жауап бере аламын: Даниэла Дессимен бірге шамамен 400 рет өнер көрсеттік және біз опера әншілеріне арналған бас репертуарлардың барлығын орындадық. Көптеген аудио және бейнежазбалар жасадық. Сонымен қатар, Мирелла Френи, Райна Кабаиванска, Мария Гулегина, Априле Милло, Долора Заджик, Лучана д'Интино, Агнес Бальтса сияқты ұлы әйелдермен ән шырқадым. Ерекше ер-әріптестермен де өнер көрсеттім, олар: Хуан Понс, Лео Нуччи, Дмитрий Хворостовский, Руджеро Раймонди, Карло Коломбара, Роберто Скандьюцци. Джеймс Ливайн, Риккардо Мути, Зубин Мета, Мунг-Вун Чунг, Фабио Луизи, Марчелло Виотти сияқты көптеген дирижерлармен және Метрополитен-операда «Мадам Баттерфляйдің» тұсауын кескен ағам Маркомен жұмыс жасадым.
– Бұған дейін Қазақстанмен, оның мәдениетімен таныс па едіңіз?
– Мен Астанаға, тамаша «Астана Опера» театрына алғаш рет барамын. Өте қобалжып жүрмін, сіздің елде болған көптеген әріптестермен сөйлестім, олардың барлығы жомарт қазақ жері, қонақжай халықтың дәстүрі жайлы таңғалдыра айтып берді.
– Өміріңіз гастрольдік сапарға толы. Саяхатқа қатысты өзіңізге тән дәстүріңіз бар ма? Түрлі ел мәдениетімен танысатын сүйікті әдісіңіз бар ма?
– Саяхат кезінде көбіне бақылағанды, өзіме жаңа бір нәрсені ашқанды, әр елге тән сипаттық ерекшеліктерін зерттеп және ұлттық тағамынан дәм татқанды ұнатамын. Суретке түсіргенді де ұнатамын, дегенмен аса беріліп кетпей, көбіне жадым мен жүрегімде сақтауды жөн санаймын. Facebook-те парақшам бар, алайда жеке өмірім мен сезімдерімді белсенді түрде жариялай бермеймін. Кәсіби тұрғыдан алғанда қазіргі заманда «әлеуметтік желімен байланыста» болу қажет, бірақ олардың құлы болудың керегі жоқ! Мұның арты қауіпке әкеп соғуы мүмкін.
– Сүйікті мамандығыңыздан басқа бос уақытыңызда айналысатын сүйікті ісіңіз?
– Мен компьютер шыққалы соған қызығып келемін. Футболды ұнатамын, туған қалам Генуяның Sampdoria командасының жанкүйерімін. Менің құмарым – танго және Карлос Гардельдің жазған әндері. Маэстро Фабрицио Мокатамен қатар, танго мен операны біріктіретін «RECITAL CanTANGO» спектаклін қойдық. Италияда зор жетістікке ие болған бұл қойылымды болашақта шетелде де ұсынамын деп үміттенемін.