Астана күнінің орай биыл Астана және Алматы қалаларында жетінші рет «Опералия» халықаралық фестивалі өтеді. Шара шілде айының 1-7 аралығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастыруымен өтеді.
2005 жылдан бастап өткізілетін фестивальге әлемнің үздік театрларының әйгілі опера әншілері мен жетекші балет әртістері келіп, өз өнерлерін ортаға салады.
«Опералия-2012» халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты 1 шілде күні Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді. Кеште өнерсүйер қауым «Әлемдік балет жұлдыздары» атты гала-концерті тамашалай алады. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген Роберта Маркез, Арионель Варгас (Англия), Дерек Данн, Мария Ковроски, Аск ля Кур Расмуссен (АҚШ), Ма Сяньдон, Чжан Синьлю (Қытай ұлттық балеті), Хуан Кая, Шига Якуе (Жапония) сияқты өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертте К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының солистері Мәдина Басбаева, Рүстем Сейтбеков, Әйгерім Бекетаева, Тәйір Гатауов, Гаухар Усина, Жандос Әубәкіров және Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет солистері Сәуле Рахмедова мен Азамат Асқаров өнер көрсетеді.
Шілде айының 3 жұлдызында «Қазақстан» орталық концерт залында сағат 19.00-де «Әлемдік опера жұлдыздары» атты гала-концерт өтеді. Концерт бағдарламасы бойынша кешке Еуропа театрларының жетекші солистері Джузеппе Варано және Сильвия Далла Бенетта (Италия) қатысатын болады.
Фестиваль 7 шілде күні Алматы қаласында үлкен гала-концертпен аяқталады. Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтетін кеште алматылықтар Сильвиа Далла Бенетта мен Джузеппе Вараноның (Италия) қатысуымен «Әлемдік опера жұлдыздары» концертін тамашалай алады.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: astanatoday.kz