"Өлтірмей тұрып сүйіп ем, сүйіп жатып өлейін"

Осыған дейін Қазақтың Мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының репертуары тағы да бір классикалық қойылыммен толығатынын хабарлаған едік. Күні кеше сәуірдің 24 жұлдызында әлемге аты әйгілі, трагедияның негізін қалап кеткен У. Шекспирдің «Отеллосының» премьерасы болды. М. Әуезов театрында үшінші рет сахналанып отырған қойылым өнер саласындағы жетістігімізге айналды. Өйткені әлемдік деңгейдегі қойылымды төл актерлеріміз ана тілімізде ұсынды. Сахна декорациясы да бұрынғыдан өзгеше жаңа стильде безендірілді.

Родриго сенатордың қызы Дездоманаға ессіз ғашық болады. Өкінішке орай, бұл бар болғаны жауапсыз махаббат қана. Ал өзінің жан досы Ягоны Отеллоның қызметшісі болғаны үшін жазғырада. Яго болса өзін ғалым математик Кассионың көмекшісі етіп тағайындағанына қатты ренжіп, Отелло мен Кассиодан өшін алуды жоспарлайды. Екі дос Родригес пен Яго Брабанционы түңгі ұйқысынан оятып, Дездомананың Отелломен қашып кеткенін айтады.

Аңғал әке қызын қара нәсілді маврға қимайды. Осы сәтте Яго Отеллоға жалған жағымпаздық танытып қайын атасының ашулы екенін айтуға асығады. Ал Мавр: «Мен ешкімнен жасырынбаймын, менің арым таза. Бұл аруды шын сүйдім, қажет болса, Дездомонаның сөзін өз құлағыңызбен тыңдаңыз», - дейді. Брабанцио қызының айтқан сөзімен амалы жоқ келіседі. Осы оқиғаның барлығын пайдаланып Яго жоспарларын іске асыруға кіріседі. Сізді адал көмекшілеріңіз Кассио мен Дездемона алдап жүр деп жалған сөз айтып қана қоймай, бұлтартпас айғақтар дайындайды. Осы зұлымның сөзіне сенген Отелло сүйген жарын, артынша өзін өлтіреді. Сонша күнәні арқалаған Яго тірі қалып, Кассио Кипрдің басшысы болады.

Шекспирдің «Отелло» трагедиясын әлемнің барлығы да мойындап, оны театр сахнасына ұсынуда. Қойылымға алдыңғы жүз жылдықтың адамдарын дұрыс тану үшін ешнәрсе қосудың қажеті жоқ сияқты, барлығы қағазға қаламмен сурет салғандай анық. Әр кейіпкердің мінезі мен болмысын киген киімінен-ақ анықтауға болады. Тек Кассионың тамыры Бьянканың киімі қасиетті сахнамызға аз үйлеспегендей болды. Мүмкін туындыны сол қалпында жеткізуге тырысқандықтары болар. Мұнымен қатар әр кейіпкердің қимыл-қозғалысын дәлдікпен берген. Күнделікті тұрмыстың айнасы іспеттес.

Көкейімізде «Шекспирдің үнемі трагедияны жаза беретіні несі? Осының астарында не жатыр екен?» деген сұрақ туындауы мүмкін. А. А. Блок айтқандай, өмір – ессіз мақұлық секілді, бізді де ақылымыздан адастырғысы келеді. Егер суретші де соны жасағысы келсе, оны қарғаймын! Өлім аузында жатып, бәрібір өлім құшатынын біліп жатқан науқастың ішін скальпелмен ақтаратын дәрігерді де қарғыс атсын! Мүмкін Шекспир өмір мәнсіз, мағынасыз, бос екенін көрсеткісі келетін шығар... А. А. Блоктың бұл сөздерімен келісуге болатындай. Бірақ бұл туындыны көріп отырып, Яго секілді пасық адамдардан жиренетінімізді, Дездемона секілді адал жандардың сөзін тыңдауға әзір екенімізді, Отелло секілді ақымақтыққа бой ұрғымыз келмейтіндігін жасыра алмаймыз. Эстетикалық сұлулықты тануға ұмтыламыз. Өмірден әділеттілікті іздейміз. Мұның өзі Шекспирдің трагедиясы беріп отырған тәрбие емес пе?

Оқығанымызды, көргенімізді міндетті түрде ой елегінен өткізіп,  талқыға саламыз. Ал біз ойланып отырғанда, осы оқиға әлемнің бір түкпірінде болып жатқаны анық. Жер бетінде адал да, сұлу әйелдер қанша көп болса да, дәл сондай зұлым, пасық адамдар да жетерлік. Бірді-бірге соғып, өзінің мақсатына жету үшін өзгелерді құрбандыққа шалатын Яголар, Алатаудың аппақ қарындай таза, көздері қарақаттай жәудіреген Дездомоналар, бос сөздің жетегіне еріп, алданып жүрген аңқау патша Отеллолар, адалмын деп шарқ ұрып жүргенде, қараланып қалғанын байқамаған Кассиолар біздің арамызда да бар және мәңгілік бола береді.

Оттелло Дездомонаны ақ терісі, мінсіз сұлулығы, мейірімділігі үшін ғана жақсы көрген жоқ, ол жүрегінің бөлшегін, өзін толықтырып тұратын өмірінің мәнін тапты. Ал Дездемона жарын нұрландыра түскен ерекше сәулесімен ерекшеленеді. Өзін туған әкесіне қарсы шығып сүйген, тіпті,  соңынан еріп барған аруды жазықсыз өлтірген кезде ішіміз ашып, тамағымызға бір өксік оралады. Иә, ол әкесіне қарсы шығып сүйіктісінің артынан Кипрге еріп барды.

Отелло мен Дездомонадан өзге алдыңғы қатарға шығатын Яго атты кейіпкер бар. Яго Отеллоны жек көреді. Оған өзінен жасы кіші Кассионың сөзі өтетіндігін ұнатпайды. Ол бар болғаны жолы болмаған арам адам. Тастан гүлдің иісі шықпайтынындай, жаман адамнан жақсы әрекеттерді күтудің де қажеті жоқ. Яго бұдан артық әрекет жасай алмайды. Оның қолынан келетіні тек қана зұлымдық. Өкінішке орай жоспары жүзеге асып, жолы бірінен соң бола береді. Оны барлығы да адал «Яго» деп атайды. Осы үшеуі трагедияның басты кейіпкерлері. Өзге кейіпкерлер де осылар секілді маңызды, шынайы, бір-бірін толықтырып тұрады. Бірақ болмыстары мүлдем бөлек. Нәтижесінде Шекспир қалағандай барлығы да мұңлы күлкіге ұласады.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/LYOQoc-a8uI","width":"425","height":"350"});

Ерлан Біләл, Еркебұлан Дайыров, Алмас Шаяхметов, Ғалым Оспан, Мадина Келгенбай, Ермек Бектасов сынды көрерменнің көзайымына айналған актерлер өз рөлдерін сәтті ойнап шықты. Араларында екі рөлді қатарынан сомдағандары да болды. 

Адамдардың озбырлығы мен мейірімділігі, махаббаттың алдында бас июі, нәпсісін тыя алмауы сынды қаситтер әр дәуірде өздігінше көрініс тауып отырды. Және Шекспирдің «Отеллосы» тек біз өзгерген жағдайда ғана ескілікке бой алдырып, ұмыт болуы мүмкін.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: театрдың баспасөз қызметі