- Негізгі бет
- Театр
- Наурыз мейрамы қарсаңында...
Наурыз мейрамы қарсаңында "Біржан-Сара" операсы қойылады
20 наурызда шуағын төккен көктемгі мереке – Наурыз қарсаңында елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы ұсынылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басты партияларда өнер көрсететін қазақстандық белгілі опера әншілері: Бiржан – мәнерлі тенор Мейір Бәйнешов, Сара – тамаша даусы сахнадағы ойнау шеберлігімен ұштасқан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жәмиля Жарқымбаева. Қызғаншақ Алтынайдың партиясында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жарқыраған опера әншісі Бибігүл Жанұзақ, Аналықтың партиясын сезімталдығымен көрерменнің жүрегін қозғайтын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина асқан шеберлікпен шырқайды. Естайдың рөлінде – Нарұл Тойкенов. Жанбота – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықпаев, Жиенқұл – жас баритон Талғат Ғалеев, Серік – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жан Тәпин, Қожағұл – Ескендір Әбжанов.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың музыкалық редакциясынан өткен, Юрий Александровтың қойылымындағы аса көрнекті қазақстандық композитор Мұқан Төлебаевтың қайталанбас туындысының тұсауы «Астана Опера» төрінде 2013 жылдың 21 маусымында кесілген. Ресей Халық әртісінің түпнұсқасындағы қойылымы, режиссердің ақын, айтыскер, композитор Біржан сал мен айтыскер ақын Сара арасындағы күрделі де, тереңге тамыр жайған қарым-қатынасын жаңаша жеткізуінің арқасында үлкен сұранысқа ие болды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиевтің жаңа хореографиялық редакциясы ұлттық операның бояуын одан бетер қанықтыра түседі.
Лирикалық-драмалық туындыға (либреттосы Қ. Жұмалиевтікі) халықтың сүйіктісі-жанашыры Біржан сал мен дара туған ақын Сара арасындағы махаббаттың күші мен рухы жайлы шүбәсіз дереккөздер негіз болған. Операда өткен өмір, қатыгез байлардың озбырлығы суреттеледі. Алдыңғы планға өнер адамының еркіндігі үшін күрес, махаббат пен бақытқа қол жеткізу құқығының сарыны шығарылады. Опера қайғылы аяқталады – Бiржан көз жұмады. Алайда оның халыққа деген зор сүйіспеншілігіне және жарқын болашақ жайлы арманына толы шабытты әндері мәңгі жасайды.
Опералық спектакль музыкалық-ақындық дәстүрді – айтысты айнытпай жеткізіп, даналық музыкалық шығармаға қайталанбас рең берумен қатар, оның тереңдігін аша түседі. «Біржан-Сара» операсының сахналанғанына 70 жылға жуық уақыт өтсе де, ол бүгін де ұлттың және жалпы адамзаттың мәдени-поэзиялық тәжірибесінің синтезінен туындаған сарқылмас өнердің күш-қуаты ретінде мысал болып қала береді.
Билет бағасы 500 теңгеден басталады. Бір үзілістен тұратын спектакль қазақ тілінде жүреді (орыс тілінде ілеспе аударма болады).
Сурет: театрдың баспасөз қызметі
Ф. Абилова