Нариман Қаражігітов: "Біздің кезімізде өнерге қатал қарайтын"

Нариман Қаражігітов: "Біздің кезімізде өнерге қатал қарайтын"

Нариман ата, балалық шағыңыз туралы айта кетсеңіз. Өнерге деген ынтаңыз қалай пайда болды?

Бала кезімнен ән айтқанды жақсы көретінмін. Шешем әнді тамаша айтатын. Оның орындауындағы халық әні «Айнамкөз» әлі күнге дейін есімде. Әкем көзі ашық, білімді адам болатын. Мамандығы мұғалім еді. Менің ойымша, өнерге деген ықыласым анамнан дарыды. Бірінші сыныпқа барған кезден бастап, мектептің барлық мерекелік шараларында ән айтатынмын. Аулада, мектепте дос балалармен бірге отырып, ән айтатынбыз. Достарым баян, гитарада ойнайтын. Мен музыкалық аспаптарға аса жақын болмадым. Бірақ, мен ән салғанда, достарым менің шаңыма да ілеспейтін. 1948 жылы Алматыдағы Жамбыл атындағы №18 қазақ орта мектебіне оқуға түстім. Сабағымды жақсы оқитынмын, әр жыл сайын өткізілетін олимпиадаларға қатысатынмын. Ерекше есте қалған сәт №54 мектепте өткен олимпиадада «Дорожная» әнін орындап, жүлдегер атандым. Бұл менің алғашқы жеңісім болды. Мектепте хор үйірмесіне қатысып жүрдім. Хордың жетекшісі белгілі сазгер Бақытжан Байқадамов ағамыз болды. Ол кісі менің болашағымның тек өнермен, сахнамен байланысты болатынын сол кезде айтып жүретін. Ал мен болсам, өмірімді өнермен байланыстырамын деп ойлаған емеспін.

Шығармашылық жолыңыз қалай басталған еді?

Мектепті ойдағыдай бітіріп, Алматының Зооветеринарлық институтына оқуға түстім. Жан-жануарларды әлі күнге дейін ерекше жақсы көремін. Анам да менің ауыл шаруашылығына жақын мамандық таңдауымды қалады. Институт қабырғасындағы көркемөнер үйірмесіне қатысып, өз өнерімді ортаға салып жүрдім. 1957 жылы Бүкілодақтық Жастар фестиваліне қатыстым. Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет Театрының сахнасында «Абай» ариясын орындап, бірінші орынды иелендім. Әділ қазылар алқасында Байғали Досымжанов, Бекен Жылысбаев сынды өнер қайраткерлері менің қабілеттерімді көріп, маған консерваторияға оқуға түсуге кеңес берді. Ағалардың айтқан ақылын тыңдап, 1958 жылы консерваторияға оқуға түстім. Зооветеринарлық институтты тастаған жоқпын, екі оқуымды да қатар алып жүрдім. Консерваторияның 2-курсында оқып жүргенде мені Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет Театрына жұмысқа алды. Менің даусым өзгелерден ерекшеленетін. Музыкалық тілмен айтар болсам, менің даусым лирика-драмалық тенор. 1962 жылдан бастап мен осы театрда қызмет атқара бастадым. 1965 жылы консерваторияны бітірген соң, театр солисті болып жұмыс істей бастадым. 1967 жылы Мәскеу қаласындағы есеп беру концертінде мен «Назқоңыр» халық әнін орындадым. Осы концерттен кейін маған Еңбек сіңірген әртісінің атағы берілді. 1976 жылы Қазақ ССР Халық әртісінің атағын иелендім. Театрда тенорлық партияларды орындадым, шетелдерге көп шығатынбыз. 1978 жылы Мәскеу қаласындағы Үлкен театрында, 1981 жылы қазіргі Санкт-Петербург, бұрынғы Ленинград қаласындағы Кіші театрында, 1987 жылы Германияның ірі театрларының бірі Лейпциг опера театрында орындаған партияларым естен кетпейді. Театрда 1997 жылға дейін жұмыс істедім, қазір зейнеттемін.


Өнерде жүрген кезіңізде «әттеген-ай» деген сәттер болды ма? Өткенге көз тастап, «осы партияны орындай алмай қалдым-ау» дегендей өкініштеріңіз бар ма?

Барлық партияларды орындап шығу мүмкін емес. Мен барға қанағат етіп, өзге дүниелерді ойлаған емеспін. Бәлкім, оған өзім де кінәлі шығармын. Адам баласы кінәні өзгеден емес, өзінен іздеу керек қой. Ойлап қарасам, менің еш өкінішім жоқ сияқты.

Тарихта есімдері қалған өнер майталмандарымен бірге сахнадан көріндіңіз, белгілі маэстролармен қызметтес болдыңыз. Нариман ата, өнер жолындағы есіңізде ерекше қалған оқиғаны айтып беріңізші.

Опера әншісінің қызметі оңай емес. Бір партияны орындап шығудың өзі үлкен еңбекпен келеді. Мысалы, «Біржан-Сара» операсындағы Біржан партиясын орындасам, мен таңертеңнен бастап дайындалып, образға кіріп, кешкі қойылымды ойлап, толқисың, уайымдайсың. Осындай қиыншылықтарды кейде есіме түсіремін. Ал ерекше есімде қалған сәт - алғаш рет Бибігүл Төлегеновамен бірге сахнаға шыққаным. Ол кісі біздің театрға 1971 жылы қызметке келді. Театрдағы алғашқы қойылымы Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы болды. Ол өзінің бұрыннан бері айтып келе жатқан партиясы Жібекті орындаса, мен Төлегеннің партиясын айттым. Бибігүл Ахметқызының есімі сол кездің өзінде халық арасында кеңінен танылған, атағы шыққан әнші еді. Мен Төлеген болып Жібекті, яғни Бибігүл Төлегенованың қолынан ұстап, сахнаға алып шықтым. Ол кісі де өз естеліктерінде «Мені сахнаға Нариман алып шығып еді» деп айтып отырады.

Өзіңіз 30 жылдан астам қызмет еткен театрға жиі барып тұрасыз ба?

Әрине, жиі бас сұғуға тырысамын. Бармасам да, мені міндетті түрде шақырып тұрады. Жыл сайын театр маусымының ашылу концертіне, премьераларға, опера және балет қойылымдарын көруге барамын. Театр ғимаратына үлкен күрделі жөндеу жүргізілді. Бұрынғымен салыстырғанда, ғимараттың акустикасы жақсарды, сәулеті өзгерді. Театрымыздың әдемілігі  көздің жауын алады. Ал театр труппасы туралы айтсам, өте мықты, әртістердің барлығы дарынды. Біздің ізімізді жалғастырушы жас ұрпақтың қабілеті мен болашағы өте зор деп айта аламын.

Нариман ата, өнерде ғана жүріп қоймай, сіз шәкірт тәрбиелеп, білім ордаларында дәріс оқыған ұлағатты ұстаз боласыз. Шәкірттеріңіз жайлы айта кетсеңіз.

Консерваторияда сабақ берген кезде, менің класымда ҚР Халық әртісі Хафиз Есімов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі марқұм Бақытжан Сқақов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Нұртас Құсаинов, Астанадағы Ұлттық Өнер Университетінің ұстазы Қанат Әбдіқалықов, Чайковский атындағы Алматы Музыкалық Колледжінің ұстазы Жеңіс Байнеш сияқты азаматтар білім алды. Зейнетке шықсам да еңбек етуден жалықпаймын. Бүгінде Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінде дәріс оқимын. 2009 жылдан бастап ҚР Білім және Ғылым министрлігінің қолдауымен Студенттер Олимпиадасы өтеді. Алғашқы жылы шәкіртім Надирбаева Алтынай, ал 2011 жылы Консерваторияда өткен олимпиадада шәкіртім Ерназарова Альфия лауреат атағын иеленді. Осындай шәкірттерімнің барына ризамын, оларды әрқашанда мақтан етемін.


Нариман ата, балаларыңыз сіздің жолыңызды қуып, өнерге бет бұрыпты...

Иә, балаларым менің жолымды жалғастырды. Шолпан есімді үлкен қызым Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінің түлегі. Құрманғазы атындағы консерваторияны фортепиано класы бойынша үздік бітірді. Қазір өзі білім алған мектепте сабақ береді. Шәкірттері үлкен жетістіктерге жетіп, байқаулардан көрініп жүр. Ұлым Нұрлан сазгер, Ғазиза Жұбанованың класында білім алды. Келініміз Сұлтана екеуі «SuperStar Kz», «X Factor» атты телевизиялық жобаларда жас әншілердің сахнаға шығуына үлес қосып, вокалдан дәріс береді. Екінші қызым Әлияның мамандығы экономист, ол банкте қызмет атқарады. Мен көбіне түзде болдым.  Балалар тәрбиесімен менің жарым Ғалия апаларың айналысты.

Өнер атты кеменің басын ұстаған үлкен ақсақал ретінде қазір сахнада жүрген жастарға көңіліңіз тола ма?

Қазіргі жастарға көңілім толады деп айта алмаймын. Өздері әндерінің сөзі мен әуенін жазып, өздері орындай салады. Өнерде жүрген жастардың арасында тіпті музыкалық кәсіби білімі жоқ жандар кездеседі. Әрине, мен олардың өнеріне тосқауыл қоя алмаймын. Біздің кезімізде өнерге қатал қарайтын. Сазгерлер одағының мүшелері Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов, Сыдық Мұхамеджанов, Евгений Бруссиловский, Қапан Мусин сынды сазгерлер жақсы әндер, опера, симфониялық шығармалар жазатын. Барлық әншілер осындай сазгерлердің шығармаларын орындайтын. Цензура мықты еді. Жеңіл-желпі дүниелерді білмейтінбіз. Кез келген шығарманы радио мен телевидениеге шығара бермейтін. Ал қазір ше?! Жастардың әндерін тыңдаған кезде, «Бұл әнді халық қалай қабылдап жатыр? Болашақта сұраныста болады ма?» деген сұрақтың астында қаласың. Аты аталған сазгерлер өз шығармаларын жазған кезде оларға халық әндері арқау болды емес пе?! Әлі күнге дейін бұл шығармалардың үні өшпей, үлкен сұранысқа ие болуда. Осыдан 70 жыл бұрын Латиф Хамиди «Қазақ Вальсі» әнін жазған еді. Қай уақытта тыңдасаң да, жаның сая тапқандай болады. Күләш Байсейітова сияқты айта алатын әншіні әлі күнге дейін кездестірген жоқпын. Сондықтан да, өнерде жүрген жастар білімін тереңдетсе екен, көбірек ізденсе екен, музыкалық сауаты болса екен деген ниетім бар.

«Атаңнан бота қалмаса да, бата қалсын» дегендей, Нариман ата, өскелең ұрпаққа қандай өсиет айтасыз?

Ең әуелі, аман болыңдар! Жаман әдеттерден аулақ болып, бойларыңды таза ұстаңдар, салауатты өмір салтына бет бұрыңдар. Өздеріңді тәрбиелеңдер. Ата-аналарыңды сыйлап, үлкен азамат болыңдар! Еңбек етіңдер! Келешектерің келбетті болсын! Кітап оқыңдар, білімдеріңді жетілдіріңдер! Бақытты болыңдар, шырақтарым!

Суреттер Нариман Қаражігітовтың жеке альбомынан алынған

Ғ. Ұзақ