- Негізгі бет
- Театр
- Музыканың үш дәуірін...
Музыканың үш дәуірін ұсынатын үш музыкант
Жас музыканттар, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары – Зере Төлегенова, Арман Жексенбай, Айдар Қазкен – 24 қыркүйекте "Астана Опера" театрының Камералық залы сахнасында барокко дәуірінің музыкасын, ХХ ғасырдың романтизмі мен музыкасын орындайды.
Қазақ ұлттық университетінің түлектері: пианиношы Зере Төлегенова, скрипкашы Арман Жексенбай және виолончельде ойнайтын Айдар Қазкен – "Вивальдиден Пьяццоллаға дейін" атты бағдарлама дайындады. Музыканттар П. Чайковский, А. Вивальди, А. Пьяццолла, Қ. Шілдебаев және Е. Брусиловский сияқты классиктердің тамаша шығармаларын орындайды.
– Біз романтизм дәуірі арқылы А. Вивальдидің "Жыл мезгілдері" атты көрнекті шығармаларынан ХХ ғасырдың музыкасы ұсынған дәл осындай табиғат тақырыбына арналған шығармаларына дейін "көпір" жасауды ұйғардық. Біздің тыңдарманға танымал классикалық музыканы ұсынғымыз келеді, – деп атап өтті аспапшылар.
Бұл концерт – жас музыканттардың шығармашылық өмірінің жаңа кезеңінің бастамасы. Дегенмен, олардың әрқайсысы "Астана Опера" театрының Камералық залы сахнасында бірнеше рет өнер көрсетсе де, трио ретінде оларды алғаш рет тамашалауға болады.
Танымал классикалық опустармен бірге бағдарламаға Қ. Шілдебаевтің жарқын да эмоцияға бай Концерттік күйіқосылған.
– Қазақ музыкасын орындау өте маңызды, осындай шығармалар арқылы ұлттық музыка танылады. Қандай сахнаға шықсам да, барлық жерде міндетті түрде қазақ әндерін орындауға тырысамын. Қ.Шілдебаевтің концерттік күйі – мен үшін маңызды шығарма, мен оны Парижде өткен пианиношылардың Александр Скрябин атындағы Халықаралық байқауында ойнадым. Ол сол кезде қазылар алқасының мүшелеріне үлкен әсер қалдырды. Опустың басындағы фанфаралар бәйгені білдіреді, әуенде қобыз, домбыра үні естіледі. Мұндай ерекшелік бірде-бір тыңдаушыны бей-жай қалдырмайды, – деді Зере Төлегенова.
Талантты музыканттар мәдениетті де романтикалық, ұстамды да сүйкімді, рухани да лирикалық орындау мәнерімен сипатталады. Олар өзінің көрерменіне асқақ өнермен рақаттана тілдесіп, тамаша көңіл-күйге бөленуді тіледі.
Е. Жұмабайұлы