1-2 шілде күндері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Құстар фестивалі» фарс-комедиясының премьерасы болады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызмет хабарлады.
Белгілі жазушы-драматург Дулат Исабековтың бұл қойылымын Сафуан Рысбайұлы сахналайды. Спектакльдің қоюшы-суретші - Қуат Түстікбаев болса, композиторы - Болатбек Нұрқасымов. Балетмейстер - Ринат Билибаев, сахна сайысы - Мақсат Рахметов.
«Білімсіздерді алға оздырғаны үшін білімділердің жауап беретін кезі келеді...»
Адам мен адам арасындағы пендешілік талас пен тартыстың, дау–дамайдың саябырсыған кезі бір болған емес.
Спектакль – адамзат пен қоғам пайда болғаннан бергі, кеңінен орын алған теңсіздік, әлділердің әлжуаздарды билеп-төстеуі, соның нәтижесінде туындайтын пендешіліктің адами қасиеттермен тартысы жайлы болмақ.
Қойылым сағат 18:30-да басталады. Театрда кездесейік, ағайын!