Үстіміздегі жылдың 2-наурызында белгілі театр және кино актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері - Мұрат Нұрәсіловтің «Өнердегі дара жолым» атты 70 жасқа толуына арналған мерейтой кеші өтеді.
Белгілі театр және кино актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Нұрәсілов 1949 жылы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Қоңыр ауылында дүниеге келген. 1967 жылы орта мектепті бітірген соң ауылда жұмыс істеп, көркемөнерпаздар қатарында өнер көрсетті. 1969-1971жж. әскери борышын өтеп оралған соң Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға түседі. Колледжді 1973 жылы бітіріп, Республикалық Қуыршақ театрында және Қызылорда облыстық театрында актер болып қызмет етеді.
М.Нұрәсілов 1975 жылы ашылған Талдықорған облыстық драма театрының іргетасын қалаушылардың бірі. Осы театрда өнер ұштаған ол 1976 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетіне, профессор А.Тоқпановтың курсына түседі. 1977 жылы жеке бой көтерген Алматы Театр және Көркемсурет институтын 1980 жылы бітірген соң М. Әуезов атындағы драма театрының актерлік құрамына қабылданады.Қара шаңырақ театрдағы алғашқы ролі Р.Сейсенбаевтың «Түнгі диалог» (реж.Ә.Рахимов) драмасындағы Дәрігер сәтті шыққан, содан бергі қырық жылдай уақыт ішінде үлкенді-кішілі көптеген мазмұнды да қызғылықты бейне жасаған актер бүгінде ұлттық сахнаның белгілі өкілі. Театрдағы алғашқы күрделі ролі көрнекті жазушы Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы бойынша көрнекті режиссер Ә.Мәмбетов сахналаған қойылымдағы Судыр Ахмет еді. «Әрбір қылығы кісі көңілін қытықтап күлкі шақырып тұратын осы бір тумысынан берекесіз, тоғышар» трагикомедиялық кейіпкер болмысын ашу процесі жас актер үшін үлкен тәжірибе болды. Осы тәжірибе актер орындаған соңғы көркем рольдерінің бірі «Ақан сері-Ақтоқты» қойылымындағы (Ғ.Мүсірепов, реж.Қ.Адылов) Қоңқайда биік деңгейде, барынша жан-жақты көрінді. Төремен құда болғанына масаттана қалбалақтап, қызын сүйгенінен айырып, артынан аһ ұратын әкенің күлкілі де аянышты ахуалы, мінез-құлығындағы қарама-қайшылық, түйіп айтқанда, «кішкентай адамның трагедиясы» тереңінен ашылды. Қандай ролінің де дәнін өмірден алып, оны өз таным-тәжірибесімен байытатын актер көтерер әлеуметтік жүгі мол басқа да көптеген кейіпкерлерді шебер сомдады. Солардың қатарында «Тойдан қайтқан қазақтар» комедиясындағы (С. Балғабаев, реж.Ә.Рахимов) лауазымын жоғарылату үшін жанын салатын ғалым Асай Мүсеевич, «Ғасырдан ұзақ күндегі» (Ш.Айтматов, реж. Ә.Мәмбетов) күйеу бала Мұрат, «Мәңгілік бала-бейнедегі» (Р.Мұқанова, реж.Б.Атабаев) Шұлғаубай, «Апат» драмасындағы Сержант (И.Вовнянко, реж.Ә.Рахимов), «Көмбе нанның дәміндегі» (М.Омарова, реж. А. Кәкішева) Ауылбасы, т.б. бар. Актер М.Нұрәсіловтің сахналық өмірбаянына зер сала қарағанда, орыстың атақты сахнагері С.М.Щепкиннің рольдің кішісі болмайтыны, кішкентай актерлер болатыны туралы атақты пікірі ойға оралады. Ол орындаған екінші пландағы кейіпкерлердің қай-қайсысы да шынайы, жоғарыда айтылғандай, өмірлік-көркемдік негізі берік болып келеді. Бұл ретте әр ролінде ерекше бір өзіндік өрнек табуға шебер актердің:
Ұлттық классика мен заманауи драматургияда - М. Әуезовтің «Қилы заманында» Нүке (реж. Ә. Рахимов), «Еңлік – Кебегінде» Кембай (реж. Х. Әмір-Темір), «Абайында» Сырттан (реж. Е. Обаев), І. Есенберлиннің «Ғашықтарында» Шерубай (реж. Қ. Сүгірбеков), С. Торайғыровтың «Қамар сұлуында» Жұмабай (реж. Ә. Рахимов), Қ. Мырзалиевтің «Түрт, сайтаным, түртінде» Алдар көсе, Ә. Кекілбаевтің «Абылай ханында» Ойрат елшісі (реж. Б. Атабаев), М.Ғапаровтың «Тұзды шөлінде» Қараев (реж. Т. әл-Тарази), Т. Нұрмағанбетовтің «Қожанәсір тірі екенінде» Сақбөрі (реж. О. Кенебаев), А. Сүлейменовтің «Ситуациялар» триптихінде Райсобес, Өріков, Аханов (реж. Ә. Рахимов), т.б.; әлемдік классика мен заманауи драматургияда - Шекспирдің «Кориоланында» Сициний (ауд. Ә. Кекілбаев, реж. Ә. Мәмбетов), М. Кәрімнің «Күнәһарында» ақсақал (реж. О. Кенебаев), К. Гоццидің «Турандот ханшайымында» Барах (реж. Т. Әл-Тарази), С. Ваннустың «Сұлтан болсам егер менінде…» Жаналғыш (реж. А.Әшімов), Е. Замятиннің «Еділ патшасында» сенатор Максимин (ауд. Ә. Бөпежанова, реж. Ю. Коненкин) т.б. көптеген рольдерін атау керек.
Театрмен бірге шетелдерде өнер көрсеткен актер «Театр көктемі» фестивалінің бірнеше мәрте жүлдегері атанды.
М.Нұрәсілов ұлттық киноға да олжа салған өнер иесі. Ол 1982 жылы алғашқы фильмі «Өрнектен» (реж.А.Әлпиев) бастап «Жансебіл» (реж. А. Шәжімбаев), «Махамбет» (реж. С. Тәуекелов), «Ауылым – әнім» (реж. С. Құрманбеков), «Байқоңыр» (реж. Ф. Хельмер), «Кемпір» (реж.Е.Тұрсынов), т.б. фильмдерге түсті. Актердің шығармашылық бағы жанған бір жанр – телесериал. Ол түскен 80 сериялық «Сырғалым» 2014 жылғы үздік сериал атанып, шетелдер телеэкрандарында көрсетілді. Көрермен сүйіп көретін 12 сериялық «Қария», «Әулет» сериалдарында қарапайым адамдардың тағдырын табиғи бейнелеп, телетуындылардың мазмұнды да көркем шығуына қосқан үлесі мол өнер иесі М.Нұрәсілов дубляжда да жемісті еңбек етіп келеді. Белгілі актер, үлкен шебердің ұлттық өнерге сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, ол ҚР еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағымен, (2006), «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталды (2001).