8 ақпанда қазақтың маңдайына біткен аса көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың 84 жылдығына орай «Астана Опера» театрының Мәрмәр залында музыкалық-поэзиялық концерт өтеді.
Мақатаевтанушы, фил. ғылым. докторы, Абай ат. ҚазҰПУ профессоры Сәуле Әбішева мына сұрақтарға жауап іздеумен келеді: Мақатаев жырларының құпиясы неде? Олардың қайталанбас әсерлі келетіні неден? Жаныңды баурап алып, не себепті жібермей қояды? «Адам болмысына деген махаббат, өмірге деген махаббат, оның барлық көріністері – мәні мен мазмұны жағынан философиялық болып табылатын оның поэзиясының феномені. М. Мақатаевтың өлеңдері оның Отанына, туған жеріне деген махаббатының, халқына және туған тіліне деген махаббатының негізінде өріліп, бойға нағыз патриоттық қуат береді», - дейді Сәуле Әбішева. Кемеңгер ақын өзін ХХI ғасырдың ұрпағымен құрдас екенін, мүмкін, одан арғы буынмен туыс шығармын деп жазған...
«Астана Опера» театрының көркемдік басшылығы екі ұлы Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың «Моцарт. Жан азасы» поэмасы мен В. А. Моцарттың «Реквиемін» бір концерт шеңберінде біріктіруді жөн көрді. Осылайша, көрерменге музыкалық-поэзиялық диалог ұсынылады.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Байғали Момбековтың айтуынша, Мақатаевтың поэзиясы көзі тірісінде лайықты бағасын иеленген жоқ. «Қазір оның есімін Абаймен, Әуезовпен және өзге қазақ әдебиетінің классиктерімен қатар қояды. Оның өлеңдерінен қайғыға, уайымға ортақтасу, жақсы іс жасау, мейірімді болу сынды қасиеттер шуақ шашатынын байқаймыз. Композитордың ұлы музыкасына ақын өлеңмен жауап қатты. Вольфганг Амадей Моцарттікі сияқты Мұқағали Мақатаевтың да ғұмыры қысқа, алайда жарқ еткен шығармашылық өмір болды. «Реквием» - екеуінің де соңғы шығармасы. Музыкалық-поэзиялық «Реквиемді» тыңдап отырып, бастан кешкен әрбір күннің қуанышы мен өмірдің құндылығы жайлы еріксіз ойға батасың», - дейді Байғали Момбеков.
Кеште өнер көрсететін «Астана Опера» театрының солисттері: сопрано, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова; меццо-сопрано, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина; тенор Рамзат Балақышиев; бас Болат Есімханов; өлеңді оқитын – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Байғали Момбеков; концертке «Астана Опера» хоры және симфониялық оркестрі қатысады, дирижер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Концерт 18:00-де басталады, билет бағасы 1500 теңгені құрайды.
Сурет: baq.kz