Поэзияға жаны құмар көпшілік адамның жастығының астында Мұқағали Мақатаевтың әйтеуір бір кітабы жатады, кейбірі оның жыр жинақтарына кітап сөрелерінің төрінен орын береді. Ал біріміз оны ұялы телефоннан, ғаламтордан тыңдауды әдетке айналдырдық. Енді сіздер ақиық ақынның өлеңдерін Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрынан да тыңдай аласыздар. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық театр фестивальдерінің екі мәрте лауреаты, «Алтын қанатты адам» сыйлығының иегері, режиссер Балтабай Сейітмамытұлының «Мен, ұмытылмаймын!» лирикалық драмасы кеше алғаш рет көрерменімен қауышты.
Зал бір жарым сағат бойы Мұқағали жырларын құлақ құрышын қандыра тыңдады. Сахнада оның жырын өзі де, әкесі де, достары да, Музасы да, Қара киімді де оқыды. Көрермендер арасында іштей қосыла оқып отырғандар да жоқ емес.
Қойылым оқиғасы ақынның ауруханада жатқан сәтінен басталады. Терезеден ақын сүйген ақ қайыңдар сығалайды. Таң біліне бастағанда Қара киімді қаһарына мініп, ақынның жанын қинай бастайды. Шошып оянған Мұқағалидың мұнан кейінгі ойлары, заманға деген назы, ішкі сезімі тек қана жырмен өріледі. Ол табиғатпен де, о дүниедегі әкесімен де, Музасымен, Қарасазымен, Аршалы сайымен сырласады. Сахнадан тірісінде өзін түсінетін адам таппай баз кешкен ақынды көрдік. Фаризаға:
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім, - деп тіл қатқаны бекер емес екен-ау...
Өмірді өтпейтіндей көретін адамдарға жаны ашитын мұзбалақ ақын өзінің даусының естілмейтіндігіне, жүректерге жетпейтіндігіне қапаланады. Өмірінің соңғы сәттерінде артына бұрылып «Мен бүгінге дейін не істедім?" деген сауалына жауап іздейді. Өзгені емес, өзін кінәлайды. Кейінгі ұрпақ алдында ұялады. Туған халқынан кешірім сұраумен өткен ақынның қойылымдағы Музасының: «Мұқағали, сенде кешірмейтін күнә жоқ. Сенің бар күнәң – талантты болып туылып, «Ұлы» деген сөзді естімей кеткеніңде», - деген сөздерін естімей кеткені өкінішті-ақ.
Иә, оның өлеңі өз заманында оқырманын таппағанымен, бүгінде әр қазақтың жүрегінде жаттаулы. Режиссер осы тұсты ұтымды жеткізе білген. «Сіздің кездегі махаббат қандай еді? Бізге жеткені балдай еді» деп түнгі клубтарда «Сүйген ерінге» билеп жүрген жастардың да Мұқағалиға айтары бар. Бүгінгінің бөріктісі ғашығына ақын өлеңімен сезім білдірсе, бұрымдысы тағы сол жырмен жауап қайтарады. Бұл да сахнада әдемі көрсетілді.
Махаббатқа мас болып, таңды қарсы алған қыз-жігіттер ағаларына былай деп сәлем жолдайды:
Мұқағали өлген жоқ,
Мұқағали менде жүр.
Сай жағалай жүгірген жасөспірім пендеде жүр,
Мұқағали өлеңі аққу қонған көлде жүр,
Иісі қазақ бұл күнде жырыңа қанбай шөлдеп жүр.
О, Мұқағали!
Сенің жырың ән болып жатталынған балада,
Ілініп тұрған бесіктей тербеліп жатыр далада.
Биігіңе бас иген үлкен-кіші, кәрі де!
Абайменен теңдес болып қалдың құдіретті өлең нәріңмен!...
Өз басым, қойылымнан үлкен үміт, режиссерден тұщымды дүние күттім. Алайда, ақынның «Мен, ұмытылмаймын!» деген дауысы естілмей қалғандай болды... Кімнің кінәсі? Режиссер жалпы оқырманға түсінікті, әсіресе Ғ. Мүсірепов театрының жас көрермендеріне ұғынықты туынды жасағысы келген шығар. Бірақ олар жыр тыңдауға емес, жырдың авторын түсінуге, оның жүрегіне үңілуге, көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап табуға келді деп ойлаймын. Бар қазаққа мәшһүр болған ақын мұнан да үлкен ескерткішке лайықты еді. Себебі, мұндай тарихи тұлғаларға арналған қойылымдар театрмен бірге ұзаққа дейін жасайды.
Бірінші құрамда Мұқағали Мақатаев рөлін сомдаған Әсет Иманғалиев актерлік шеберлігін бұған дейін талай дәлелдеген. Бұл жолы да сүрінген жоқ. Мен оны ақын образында қабылдай алдым. Бірақ Әсеттің шамасы мұнан да көп нәрсеге жететін еді...
Ал Қара киімдінің бейнесі мүлде ашылмай қалды. Бірде мына тұстан, бірде ана тұстан жұлқына шығып, ақын жағасынан алуға дайын тұратын кейіпкер – Мұқағали заманында өмір сүрген аяқтан шалушылардың жиынтық бейнесі ретінде ойластырылған деп ойлаймын. Бірақ кейіпкер көрерменге бейтаныс болып қалып қойды.
Тағы да бір мінсіз кейіпкер жасап шыққан, яғни, ақынның әкесін сомдаған Сәкен Рақышевқа алғыс айтқымыз келеді.
Шыда, шыда,
Шыдай түс, шыда тағы!
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Үміттің құлан иек құла таңы
Әйтеуір бір атады, бір атады, - деп баласын керек жерде қайрай білетін, арманына адал болып, оған қол созуға итермелейтін әкелер бүгінгі алақұйын заманда ауадай қажет.
Жүректердің жан айқайын паш ете білетін ақын жырлары біздің қоғамға қашанда керек. Мұқағалидан ақыл сұрайтын, оны махаббат майданында оққағарым деп білетін, оның өлеңдерінен дертіне шипа табатын, ләззат алатын көрермен «Мен, ұмытылмаймынды» іздеп барады деп ойлаймыз.
Қойылым бүгін, ертең Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасында сізді сарыла күтетін болады! Шымылдығын бірге түріңіз!
Автор: Айгерім Сматуллаева
Сурет: театрдың баспасөз қызметі